Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында білім саласындағы ынтымақтастық мәселесі жолға қойылған. Жақында ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынға аталған компанияның үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің өкілдері қатысты.
«Теңізшевройл» ЖШС өкілдері университет мамандықтары бойынша бітірушілерді даярлау сапасын арттыру үшін білім беру бағдарламаларының мазмұнын өндіріс қажеттілігіне сәйкес жаңарту және жетілдіру, бірлескен зерттеулер мен жобалар жүргізуге қатысты ойларын ортаға салды. Сонымен қатар оқытушылардың біліктілігін арттыру, студенттерді оқу-өндірістік тәжірибеден өткізу жөнінде нақты ұсыныстарын алға тартты.
Жиынға компанияның үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев, компанияның құқықтық қамту бөлімінің бас менеджері Әсет Құрманбаев, қоғаммен байланыс жөніндегі білікті мамандар Светлана Қайырғалиева, Раушан Найзабаева, сондай-ақ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мадиев, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысовалар қатысты. Олар өз кезегінде жоғары білім мен өндіріс арасындағы байланыстарды дамытып, баянды ету жөнінде бірлескен іс-шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.