Елордада Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ескерткіш тақта ашылып, кітап және фотокөрмелер өтті. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармонияда концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шараларға Алматы, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Мәскеу және тағы басқа қалалардан келген өнер мен мәдениет қайраткерлері, белгілі ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шығармашылық пен лауазымды қызметті ұштастыра білген Кәкімбек Салықов – Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға. Жақын досы, атақты композитор Еркеғали Рахмадиевпен бір үйде көрші тұрған. Енді Е.Рахмадиевтің ескерткіш тақтасының жанына Кәкімбек Салықовтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаның авторы – Ресейдің талантты мүсіншісі Денис Мельников.
– Соңғы жылдары Кәкімбек Салықов өте көп жазып, шығармашылықпен айналысты. Басты жолы, міндеті, ерекше қасиеті поэзия екенін түсінген сыңайлы. Өмірде көрген-білгенін, көзқарасы мен пікірін, сезімін жыр арқылы жеткізуге тырысты. Оның өмірлік тәжірибесі көптеген өлеңге арқау болып, халық арасында танымал, керемет әндер жазылды, – деп еске алады жазушы, драматург Дулат Исабеков.