Мәдина Бақбергенова: Қырғыз спортшысынан есе қайырдым
Мәдина Бақбергенова: Қырғыз спортшысынан есе қайырдым
505
оқылды
Әйелдер күресінен Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионаты мәресіне жетіп, 10 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Қазақстан құрамасының еншісінде төрт жүлде бар. Оның екеуі – алтын, екеуі – қола. Аталған құрлықтық біріншілікте жеңімпаз атанған егіз спортшы Мәдина мен Жәмила Бақбергенова газетімізге сұхбат берді. – Азия чемпионатының алтын жүлдесі құтты болсын! Моңғолияда қырғыз спортшысымен бір емес, екі рет кездестіңіз. Әсіресе, финалдық кезеңде қос мықты арасындағы тамаша белдесуді тамашаладық. Әңгімеңіздің әлқиссасын сол кездесуден бастасақ. – Әйелдер күресінен жарыс айналма жүйе бойынша өткендіктен, 68 келі салмақта Токио Олимпиадасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері, былтырғы әлем және құрлық чемпионы Мейірім Жұманазаровамен екі рет шеберлік байқасуға тура келді. Алғашқы айналымда қарсыласым 5:0 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін финалда қайта жолымыз түйісті. Қарымта кездесуде қателіктен сабақ алып, жеңісті Мейірімнің уысынан соңғы секундтарда жұлып алдым. Осылайша, алтын медаль маған бұйырды. Бұл – менің Азия чемпионатындағы екінші жүлдем. – Жарыс алдындағы дайындықтарыңызды Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда пысықтадыңыздар. Екі апта оқу-жаттығу жиыны қалай өтті? Бозкілемге қай спортшыға қандай тактикамен шықтыңыз? – Иә, көрші мемлекеттің астанасында жаттықтық. Мойындау керек, бұл елдің балуан қыздары шетінен мықты. Олармен күрескенде босаңсуға болмайды. Жарақат алып қалуың мүмкін. Біз екі апта ішінде бапкерлермен бірге осы жерде әр қарсыласымызды әбден зерттеп, оларға қандай әдіс-тәсіл қолданатынымызды жақсылап пысықтадық. Жапония мен Қырғыз спортшысына қарсы бірдей тактикамен күрестім. Нәтижесінде, белдесу алдындағы әр жоспарымыз өз жемісін берді. – «Сары құрлық» додасының алтыны қолда. Ендігі мақсат-жоспарыңызды айқындадыңыз ба? – Ұлан-Батырда көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Дегенмен маған әлі де біраз еңбектену керек. Бұл табысқа тоқмейілсуге болмайды. Алда бізді көптеген байрақты бәсеке күтіп тұр. Соның барлығына дұрыстап дайындаламын.  

Жәмила

Жәмила Бақбергенова: Жеңіс тұғырына көтерілу оңай болмады

– Мәдинаның да, сіздің де финалдық белдесулеріңізді тікелей эфирде көрдік, тақым қысып, жанкүйер болдық. Сыңарыңыз да, өзіңіз де жеңіс тұғырынан көріндіңіздер. Азия чемпионатындағы қарсыластарыңызға қандай баға бересіз? Қай белдесу ерекше есіңізде қалды? – Ұлан-Батырда жеңіс тұғырына көтерілу оңай болмады. Үндістандық Никки Никки мен өзбекстандық Светлана Окназарованы қиындықсыз жеңгеніммен, моңғолиялық Дааванасан Енх Амар мен үндістандық Сумире Ниикураға қарсы біраз тер төгуге тура келді. Бұл белдесулердің екеуінде де тең есеп тіркелді. Десек те, бірде кесек әдіс жасап, енді бірде соңғы ұпайды еншіледім. Азия чемпионатында әр қарсылас өзінше мықтылық танытты. Соның ішінде жапониялық балуанмен белдесуім ерекше болды деп ойлаймын. Финалдық кездесуде өзіме босаңсымауға уәде бердім. «Тек бір белдесу қалды, соны жеңсем алтын қолда» деп өзімді қамшылап бөзкілемге шықтым. – Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атандыңыз. Бұл жағынан тәжірибеңіз жеткілікті. Чемпион атану үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек? – Спортта биік шыңнан көріну үшін көп еңбектену керек. Еңбексіз бәрі бос. Чемпион атану үшін де табандылық пен төзім қажет. Қалғаны тәжірибемен келеді. Спорт болған соң жеңіс пен жеңілістің қатар жүруі заңды құбылыс. Бәріне жеңіл қарауды, жеңісті де, жеңілісті де қабылдай білген жөн. Үлкен спорттағы әрбір жетістікті де, сәтсіздікті бастан өткеріп, қорытынды шығара білу мықты спортшының қолынан келеді. – Әке-шешеңіз сыңарыңыз екеуіңіздің осы спортпен айналысуларыңызға қарсы болмады ма? – Алғашқыда Мәдина екеуміз күреспен айналысып жүрген кезде ата-анамыз қарсы болған. Қазір керісінше бәрі қолдау білдіріп, жолымызға үмітпен қарайды. Біз де олардың сеніміне селкеу түсірмеуге, әлемдік додаларда биіктен көрінуге талпынып жүрміз.