Маман болам десеңіз...
Маман болам десеңіз...
© коллаж: Елдар Қаба
421
оқылды
Қазір еңбек нарығы тез өзгеріске ұшырап жатыр. Жұмыс беруші маманның қолындағы дипломына емес, ең бірінші қарым-қабілетіне қарайды. Сондықтан да Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кейбір мамандықтарды 2-2,5 жыл ғана оқытуды ұсынды. Бұл мәселе қоғамда бұған дейін де талқыланып жүрген. Жалпы, бакалаврды 4 жыл оқу шынымен ұзақ па? Жаңа бағдарлама жүзеге асса, қандай маман­дықтар қысқа мерзімде даярланады? Биыл алғаш рет қыркүйектен бастап «Қолданбалы бакалавриат» пилоттық жобасы басталады. Бұл 2-2,5 жылдай қыс­қа мерзімде практик маман даярлап шы­ғаруға мүмкіндік береді. Олар осы қысқа мерзімде білім алып, жұмысқа орналасады. Қажеттілік болса, әрі қарай оқу орнына келіп, білімін жалғастырып, толыққанды бакалавр дәрежесін ала алады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бакалавр деңгейі әдеттегідей 4 жыл болып қалады. Осылайша, еңбек нарығы қысқа мерзім ішінде тәжірибеге бағытталған мамандармен толығады. Ал оқу ақысы бойынша шешімді әрбір ЖОО дербес қабылдайды. – «Өмір бойы оқу қағидасы» шеңбе­рін­де біз формалды емес білім беру нә­тижелерін тануға, микроквали­фика­циялар алуға мүмкіндік береміз. Мы­салы, талап­кердің IELTS 7,0 сертифика­ты болса, ЖОО-да оған ағылшын тілін оқу қажеттілігі бол­майды. Мысалы, ол Coursera секілді қа­шықтан оқытатын жүйелерде білім алса, университетте сол бағдарлама бойынша қайта оқып жүр­мейді. Мұның бәрі еске­рі­леді, – деді Асхат Аймағамбетов.

Қажетсіз сабаққа қаржы кетеді

Шыны керек, қазіргі оқу бағдарлама­сында кемшіліктер жоқ емес. Айталық, құрылыс мамандығына түскен студенттер 1-курста 8 пән оқиды. 8 пәннің 7-і – гума­нитарлық сабақтар. Яғни, әлеуметтану, саясаттану, психология, философия, тарих, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, 1 пән ғана сызу сабағына арналған. Шет­елде мұндай үрдіс жоқ. Мысалы, Англияда бакалавр 3 жыл, олар геодезия, геология, механика пәндерін тереңдете оқытады. Біздегідей гуманитарлық сабақтарды оқыт­пайды. Салдарынан техника сала­сын­да оқитын студенттер өз сабағын мең­геруге үлгермейді. Мысалы, механикадан 300 сағат оқу керек болса, оның орнына 150 сағат беріледі. Оқу бағдарламасының көлемі шектелген. Сондықтан біздің ма­ман­дарымыз Еуропадан басқа мемлекет­терге қараған кезде төрт жылдың өзінде толыққанды білім алып үлгермей қалады. Өйткені мамандығына қатыссыз сабақ­тарды көп оқиды. Ендеше «Қолданбалы бакалавриат» бағдарламасы уақыттың қыс­қалығымен ғана емес, қажет­сіз пән­дер­дің азаюымен ұтымды. «Болашақ» бағ­дарламасының түлегі Әсел Сәрсем­баеваның айтуынша, қажетсіз сабақтардың сағаттарын қысқартып, сабақ көлемін азайт­қан жөн. Екіншіден, теорияны оқыт­қанша, практикаға басымдық берілуі тиіс. –Университет басқармасында көбінесе гу­манитарийлер отырғандықтан, гумани­тарлық кафедралардың қамын ойлайды. Мысалы, қаншама кафедра, қаншама мұғалім қаражат алады. Бір мұғалімге жы­лына 3 миллион ақша бөлінеді. Бір ка­фе­драда 20-30 адам бар. Үкіметтің грантына бө­лінген ақша. Бұл дегенің – артық сабақ­тарды оқытқаны үшін төленетін қаржы. Міне, осы үрдісті өзгертіп, сапаны көте­руге болады, – дейді Әсел Сәрсембаева.

Таяқтың екі ұшы бар

Университет бітірген соң «төрт жылым текке өтіпті» деп санын соғып қалатындар көп. Бірі мамандығы бойынша жұмыс таппайды, енді бірі алған білімін тәжіри­беде місе тұтпайды. Себебі университет ма­мандыққа мүлде қатысы жоқ нәрселерді үйретіп жатады. Нәтижесінде, универси­тетті бітіріп, бағың жанып, жұмысқа тұрып жатсаң, өз мамандығыңа нөлден бастап үйренуге тура келеді. Сонда 4-5 жыл уақы­тыңды неге жоғалтқаның түсініксіз болып қалады. – Шын мәнінде, университеттің қа­жет­тілігі онда алынатын білімде емес, бі­тір­генде сен қол жеткізетін дербестік дең­гейінде. Өкінішке қарай, 16-17 жастағы жас­өспірімдердің көпшілігі өз бетімен саналы түрде әрекет ете алмайды. Сол себепті де жасөспірімдерге есейіп, өзіне жауапкершілікті алып, өз бетімен саналы әрекет етіп үйрену үшін университетте өте­тін 4-5 жыл уақыт қажет,– дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы. Бакалаврды 2-2,5 жылға қысқарту дұ­рыс та шығар. Бірақ бұл барлық маман­дыққа жүрмейтін жүйе. Кейбір мамандық­тар­да жұмыс істеп бастау үшін белгілі бір білім қоры мен дағдылардың жиыны ке­рек. Ал кейбір салаларда жұмыс бас­тау үшін бір нәрсе істей білу маңызды. Мұнда арба аттан алда тұруы мүмкін. Мысалы, бағдарламашы болып жұмыс істеу үшін бірнеше жыл жоғары білім алудың аса қажеті жоқ. Белгілі бір бағдарламалау тілін таңдап, үйреніп, артынан техноло­гиялар­ды меңгеріп, одан кейін техникалық ин­тервьюден өтсе жетіп жатыр. Кейін жұмыс істеп жүріп жетіс­пей­тін білімді қосымша игеріп алуға болады. Педагог Өмір Шыныбекұлы «Қолданбалы бака­лавриат» бағдарламасына күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, электрик, дә­не­керлеуші және тағы басқа жұмысшы ма­мандарды даярлау үшін 2,5 жыл жеткі­лікті болуы мүмкін. Ал дәрігер, педагог, инженер дайындау үшін бұл аздық етеді. – Ең бірінші, бұл жастарды «мәңгүрт­тендіруге» алып келмей ме деп ойлану керек. Өйткені қазір білім алуды емес, қа­лай болса да диплом алсам екен деп ой­лайтындар көбейді. Университетте оқы­ты­латын пәндердің артығы жоқ. Бірі – мамандық бойынша болса, енді бірі – тәрбиеге қатысты пәндер,– дейді Өмір Шыныбекұлы. Бұл жоба әлі Үкіметте қаралып жат­қандықтан, нақты қандай мамандық­тар­дың қысқа мерзімде оқытылатыны белгілі емес. Дипломды бизнеске айналдырған сырттай оқудан енді құтылдық па дегенде, жаңа жобаның қалтаны қағу жолына айналмасына кім кепіл? Өйткені 2 жыл оқып диплом алғысы келетіндер көп. Сол себепті маман даярлауда асығыстық танытпау керек.