Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаев кино саласындағы күйіп тұрған мәселелерді айтып, Мемлекеттік хатшы мен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа ашық хат жазды. Жазушы хатын әлеуметтік желідегі парақшасында да жариялаған. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, жазушыны күйіндірген не нәрсе? Жазушы ашық хатында: «Қазақ киносын қаржыландыру саласындағы келеңсіздікке байланысты еді. Соның салдарынан бүгінде қазақ киногерлері өзара қырғиқабақ, алтыбақан алауыз. Себебі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2021 жылы іріктеп алған киножобалар әртүрлі себеппен жыл аяғына дейін созылып, қаржыланбай қалды. Яғни, 2021 жылы іріктеген фильмдер өндіріске кетпеді. Кешікті. Салдарынан 2021 жылы іріктелген киножобалар 2022 жылы іріктелетін жобалармен бірге қайта питчингке түсетін болды. Бірақ бұл біріктірілген 2 питчинг бір жылдың қаржысын бөлісетін болды. Екі жылдың іріктеуі біріктірілгеннен кейін олардың қаржысы да екі есе көбеюі керек емес пе еді? Бірақ олай болмады» деп жазады.
Кино өзін-өзі ақтай ма?
Бұл мәселе киногерлерге де ауыр соққы болған секілді. Өйткені олардың жұмыс жоспары орындалмай қалатын секілді. Киногерлер екіжылдық питчинг бір жылға біріккен соң оның қаржысы өсуі тиіс деп отыр. Одан бөлек, кинорежиссура мамандығын дайындайтын екі жоғары оқу орны бар екенін, оны жыл сайын емес, екі жылда бір рет дайындауға болатынын айтады. «Кино – қымбат өнер. Бірақ аудиториясы кең, қалың бұқаралық өзекті өнер. Қараңыз, жарты ғасыр бұрын түсірілген фильмдеріміздің өзі әлі күнге телеэкраннан түспей, ұлт болашағы үшін күнде күресіп келеді. Осы жағдайды халық болып күнде көріп отырып, «кино өзін-өзі ақтамайды» деп айтуға, астапыралла, қалай аузымыз барады?! Ұлттық киносыз ұлт қалай қалыптаспақ?! Ұлттық кино – ұлттық идеология. Ұлттық киносыз қалу – ұрпағымызды шетелдік киноның қанжығасына байлап беру болмақ! Ендеше ұлттық кинодан қаржы үнемдеу, ұлттың өз қаражатын өзінен үнемдеу емес пе?! Ұлттық киноға салынған қаржы ұлттық рухты қалыптастыруға салынған қаржы емес пе?!», – дейді жазушы хатында. Жыл сайын түсіріліп жатқан фильмдердің барлығы дерлік өзін-өзі ақтап жатыр ма? Мәселе – осында! Кей фильмдердің атын естігенімізбен, затын білмейміз. Кей фильмдердің жарнамасы жер жарғанымен, көрермен тарапынан сұранысқа ие болған жоқ. Демек, «жылтырағанның бәрі алтын емес» екенін мойындауымыз керек. Сонда біз осындай шалажансар фильмдерді мемлекет қаржысына түсіріп, шығара береміз бе? Қаржы бөлінгеннен кейін оның сұрауы да бар емес пе? Мемлекет қандай фильмдерге тапсырыс бергені жөн? Оны кім анықтайды? Жыл сайын киногерлер қауымы тарапынан неге жиі өкпе-реніш туып жатады? 2022 жылғы 14 наурызда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткен. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер талқыланып, олар өз кезегінде ұлттық деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру қағидаларына түзетулердің енгізілуіне ықпал еткен-ді. Нәтижесінде, әлеуетті өнім берушілердің қаржылық тұрақтылығына қойылатын талаптар артты (Қаржы министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы №35 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» 40, 44-баптары). Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша «сараптама кеңесінің (16.09.2021 жылғы № 14, 14.02.2022 жылғы № 1 хаттамалары) қорытындылары бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алудың талаптарына сәйкес келмеуіне орай қараусыз қалдырылады; Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеу бойынша жаңа питчинг өткізу ұсынылсын» деген шешім қабылданған.Шу көтеретін мәселе жоқ
Продюсер Қанат Төребаевтың айтуынша, мәселе заңға келіп тірелетін сияқты. «Биылдан бастап заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Қазір тәуелсіз комиссия құрылып, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін талқылау үстінде. Жаңа заңның талаптарына былтыр өткізілген жобалардың 90 пайызы сай келмейді. Былтыр питчинг жарияланғанда мұндай талаптар қойылған жоқ. Биыл біздің алдымызда екі жол болды. Біріншісі – өзгерістерді жою. Бірақ ол біраз уақытты қажет етеді. Өзіңіз де білетін шығарсыз, Кино туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деп талқылап жатқанымызға үш жыл болды. Бұл талқылау қанша уақытқа созылады, оны ешкім білмейді. Бірақ министрлік сол процедураны бастады. Қаржы министрлігіне хат жазып, өзгерістерді жою керек деп ұсыныс та енгізді. Сондықтан биыл жаңа байқау жарияланып отыр. Былтырғы байқауға қатысқан жобалар қайта ескерілуі тиіс. Өз басым бұл өзгерістерді қолдаймын. Оның себебі уақытша құрылған, бірреттік компанияларға тосқауыл бола алады. Қаржылық талаптарға сай болса, кез келген компания байқауға қатыса алады. Тек қазақ контентін көбейтіп, прайм-тайм уақытына қою мәселесін шеше алсақ, өзге проблемаларды жеңуге болады», – дейді продюсер. Бұл мәселеге орай Ұлттық киноны қолдау орталығына хабарласқан едік. Олар министрліктің 24 наурыздағы шешімін алдымызға кесе-көлденең тартты. «2021 жылғы конкурстық іріктеу нәтижелерін қараусыз қалдыру туралы шешім Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды. Шешімнің негізгі себебі – бұл 2022 жылғы 14 қаңтарда Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерін қатаңдатуы. Атап айтқанда, жаңа ережелер жеткізушінің қаржылық тұрақтылық көрсеткішін қолдануды көздейді. Жаңашылдық киножобаларды қаржыландыруға тікелей әсер етеді, өйткені бұл шара іс жүзінде жеткілікті қаржылық резервтері жоқ жаңадан шыққан киноөндірушілердің конкурсқа қатысуына қосымша кедергі жасайды. Осылайша, егер ведомствоаралық комиссия 2021 жылғы іріктеу нәтижелерін күшінде қалдырған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы жаңа қағидалар өлшемшарттарына іріктелген жобалардың санаулы саны сәйкес келе алар еді. Қаржы көбеймейді, себебі әр жылға белгіленген өз бюджеті бар. Осы жылға 4,4 млрд теңге бөлініп отыр», – дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының баспасөз қызметі. 2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігі кино саласына 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлген екен. Ал биыл 2 млрд-тан астам ақша бөлінеді деп жоспарланған. Көпшілік ең алдымен «Ұлы дала таңын» күтетіні анық. Күтетіндей-ақ себебі бар: өйткені Қасым хан жайында фильм түсіру мәселесі 2018 жылдан басталған еді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына шығуы тиіс фильм биылға шегерілді. Одан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясының жоспарында тұрған қанша фильм өндіріске кетті, қанша фильм жарық көрді, 4 млрд теңгенің қаншасы жұмсалды, ол да белгісіз. «Қазақфильм» киностудиясы АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы «Ақын» (жақында экранға шықты), «Нам нужен доктор» (режиссері Равиль Трумов), «Ақтастағы Ахико» (режиссері Эльдар Қапаров), «Ұлы дала таңы» (режиссері Ақан Сатаев) көркемфильмдері мен «Теңіздің оралуы» атты деректі фильм түсірілген. Былтыр үлкен экранға жол тартқан «Барымташы» мен «Мұқағали» – 2020 жылдың өнімі. Жыл басталғалы да 4 ай өтіп кетті, экранға шыққаны жалғыз «Ақын» ғана. Министрлік биыл өзгерістер енгізілді деп отыр, қандай өзгерістер болғанын жобалардан байқайтын боламыз. Ұлттық мәдениетке қандай фильмдер қосылатынын да уақыт көрсетер. Күтейік!