«Атырау–Астрахань» тасжолының мүшкіл халі өңір тұрғындарының бас ауруына айналғалы қашан? Ширек ғасырдан бері арысы Астраханьды айтпағанда, берісі облыс аумағындағы Құрманғазы, Исатай аудандарына жету үшін осы жолмен жүретін ағайынның арызын арқалап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Жалпы, «Атырау – Астрахань» тасжолының құрылысы 2018 жылдың мамырында басталған болатын. Жолдың 60 шақырымын қайта қалпына келтіру үшін жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Әу баста жол төсеу жұмысы 2 жылға жоспарланған болатын. Сол қарқынмен «Атырау–Астрахань» жолының алғашқы кезеңі де сәтті жүзеге асырылды. Ал жобаның екіншісі кезеңі тұралап тұр. Тәуір басталған істің тұралауына алдымен пандемия өз кесірін тигізді. Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарын жобалау кезінде Семейдегі жол жобалау институты мамандарының қателік жібергені белгілі болды. Осынау тосын жағдайлар болмағанда автобан 2021 жылы аяқталуы керек болған. Бұл күнде жаңа жолдың пайдалануға берілуін жылдар бойы сарыла күткен халықтың шыдамы шегіне жетті. Атыраулықтардың жанайқайын құлақ ілмей келген жергілікті әкімдіктен бастап, өңірден сайланған Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттарының шарасыздығын сынап, Мемлекет басшысына әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялап та жіберді. Жеті жүз мыңға жуық халықтың көкейінде жүргенін дөп басқан үндеудің Президентке жеткен-жетпегені белгісіз. Апта аралығында мұнайлы өлкедегі жырға айналған құрылыстың барысын өз көзімен көруге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Оған облыстың жаңа әкімі Серік Шапкенов пен жолға жауапты мекеме басшылары еріп, бір топ атқамінер «Атырау–Астрахань» автожолын реконструкциялау жұмыстарын тексерді. Исатай және Құрманғазы аудандарының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан тұрғындары тағы да жол мәселесін көтерді. Исатай ауданының тұрғыны Қуаныш Есмағанбетовтің айтуынша, жол құрылысының ұзаққа созылуынан өңірдегі әлеуметтік мәселелер ушыға түскен. – 2018 жылы басталған жол құрылысы сағызша созылып кетті. Қазір жолдың шаңынан ауыл тұрғындары тұншығып отыр. Ауыр жүк машиналар жүріп өткенде шаңнан түк көрінбейді. Оның үстіне, шұрық тесік жолдың шұңқырынан түспеймін деп талай көлік соғысып қалды. Өкінішке қарай, мұндай апаттар кейде адам шығынымен аяқталып жатады. Министр келгенге дейін жол бойында ешқандай техника болған жоқ. «Тексеріс келеді» деген хабардан соң алашапқын басталды, – деді ол. Өз кезегінде аудан тұрғынының бұл уәжі министрдің көкейіне қонған сияқты. Себебі ведомство басшысы жол құрылысы алдағы уақытта қатаң бақылауда болатынын айтты. Министрлікпен бірге облыс әкімдігі құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуын бақылауға алуға ниетті. Бұл жұмыстар облыс әкімінің орынбасары мен қоғамдық бақылау жүргізу институттарының назарында болмақ. – «Атырау–Астрахань» халықаралық жолы аймақтағы өзекті мәселе саналады. Халықаралық жолдың 833-853 шақырымдық учаскесі 2 жыл бұрын пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін жолды толықтай пайдалануға беру жоспарда бар. Тұрғындардың өкпесі орынды. Олар айтқан кемшіліктерді біз өз көзімізбен көрдік. Енді менің бір орынбасарым құрылыс жұмыстарын күнделікті қадағалап отырады. Және сол бойынша маған күнделікті есеп береді. Бұл жұмыстарға қоғамдық бақылауды да күшейткен жөн», – деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов. Мәселе бақылау алумен шешілсе жақсы. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының төрағасы Мейірхат Қасымбаев шулы учаскедегі жұмыстың бойына қайта қан жүгіргенін айтады. Қызды-қыздымен басқарма төрағасы да жыр болған жолдың жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты. – «Атырау–Астрахань»жолының құрылысы жобалау кезінде кеткен біраз кемшілік кесірінен бір жарым жылдай тоқтап қалды. Жұмыс екі апта бұрын қайта жаңданды. Мердігерлер қажетті қаржымен толықтай қамтылды. Құрылыс материалдары теміржол арқылы тасымалданып жатыр. Тас жеткізу мәселесі күрделі болған, оны да шештік. Қазір жол төсеу жұмыстарында 5 мердігер жұмыс істейді. Биыл жыл аяғына дейін автокөліктер өтетіндей етіп жолды ашамыз. Ал келесі жылы халықаралық жолды толығымен аяқтаймыз, – дейді Мейірхат Қасымбаев. Осылайша, атқамінерлер бірінен соң бірі жыл соңына дейін сапасыз жоба мен жауапсыз мердігердің кесірінен жылдан-жылға жалғасқан жол «жырына» соңғы нүкте қойылатынын айтты. Ал бұл жаңалықты жылдар бойы сарыла күткен көпшілік автобан толықтай іске қосылмай құрғақ уәдеге сенбейтін сыңайлы.
Атырау облысы