Он жылда 1150 офицер тәрбиеледі
Он жылда 1150 офицер тәрбиеледі
214
оқылды
Қазіргі таңда Семей қаласындағы 60 әскери-патриоттық клубта 1800 тәрбиеленуші және 14 білім беру мекемесіндегі 30 «Жас сарбаз» сыныбында 640 оқушы тәрбиеленуде. Бұл іске Әлихан Бөкейхан университетінің әскери кафедрасы да үлес қосып келеді. Құрылғанына 10 жыл болған әскери кафедра оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық заманауи құралдармен жабдықталған, Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарының қажеттілігіне жыл сайын жүздеген запастағы офицерлер мен сержанттар дайындап шығаратын өңірдегі бірден бір оқу орталығы. Құрылғалы бері қабырғасынан 1150 офицер түлеткен кафедра бүгінде әскери сала мамандарын дайындап қана қоймай, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісінің орталығына айналып үлгерді.    width= Кафедра шаһардағы мектеп оқушыларына мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерде арнайы тәрбие сағаттарын, әскери спорттық жарыстар, патриоттық форумдар, ерлік сабақтары мен әскери-патриоттық ән байқауларын, кездесу кештерін тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Бұдан бөлек Семей қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы мен Білім бөлімімен бірлесіп мектеп оқушылары арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен дәстүрлі «Қайсар» сайыс ойындарын өткізеді. Биылғы әскери-спорттық ойындар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл және Әлихан Бөкейхан университеті әскери кафедрасының құрылғанына 10 жыл толуына арналды.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы