Нұр-Сұлтан тұрғыны мессенджерлердің бірінде өз сыныптастарын, оның ішінде қызын балағаттан баланың ата-анасын сотқа берді. Сот арызданушының талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды қалалық соттың ресми сайты. Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық сотында Б.-ның жауапкерлер К. және Ж.-дан моральдық шығынды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды. 2021 жылғы қыркүйек айында бұрынғы сыныптастарының WhatsApp-тағы чатында жауапкерлердің баласы өзінің сыныптастарына, соның ішінде талап қоюшының қызына қадір-қасиетін қорлайтын хабарламалар жазған. Әйел сыныптасының балағат сөздерінен кейін кәмелетке толмаған қызы күйзеліске түсіп, бір ай бойы жылағанын айтты. Қызға психологтың көмегі қажет болған.
"Нұр-Сұлтан қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен жасөспірімнің әкесі кәмелетке толмаған ұлын тәрбиелеу бойынша міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады Алматы аудандық сотының баспасөз қызметі.Баланың ата-анасынан талап қоюшының пайдасына ортақ тәртіпте 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысы өндіріп алынды.