Жұмысқа орналасуға көмектесетін цифрлық қызмет іске қосылды
Жұмысқа орналасуға көмектесетін цифрлық қызмет іске қосылды
174
оқылды
Smart.enu.kz веб-сайтында және мобильді қосымшада университет түлектеріне онлайн тәртіпте жұмыс іздеу мүмкіндігі пайда болды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бос орындар жәрмеңкесі – 2022» өтті. Жәрмеңкенің мақсаты – ЕҰУ түлектерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жұмыс берушілерді кадр даярлау ерекшеліктерімен таныстыру, жұмыс берушілер базасын кеңейту. Пандемияға байланысты соңғы екі жылда ЕҰУ Бос орындар жәрмеңкесі онлайн форматта өткізілді. Биыл ол дәстүрлі форматта өтіп, жәрмеңкеге 100-ге жуық компания қатысты. ЖОО түлектері үшін «Бос орындар жәрмеңкесі» – бұл пайдалы таныстар табуға немесе өзі үшін маңызды ақпарат алуға, компаниялар, ұйымдар мен мекеме  өкілдерімен бетпе-бет сөйлесуге жақсы мүмкіндік.    width= Жәрмеңкенің ашылуында ЕҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаев хабарлағандай, биылғы жылдың сәуір айында ЕҰУ алғаш рет жұмыс берушілер мен университет білім алушыларын тіркеу үшін электрондық платформаны іске қосты. Онда компаниялар бос жұмыс орындарын ұсынады, ал студенттер өз түйіндемелерін орналастырады. Бүгінгі таңда 60-тан астам компания тіркеліп, 1300-ге жуық бос жұмыс орны және 413-і тәжірибеден өту үшін қосымша орындар ұсынылған. «Біздің университет түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша көш бастап тұр. Жұмыс беруші-серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастық орнатып, еліміз үшін сапалы кадрлар даярлаймыз. Биыл түлектер саны 5262 құрады, оның ішінде бакалавриат бойынша - 3735, магистратура бойынша - 1147, докторантура бойынша – 380», – деп атап өтті ЕҰУ проректоры Еркін Оңғарбаев. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Геоақпараттық деректер және сервистер орталығы басқармасының бастығы Гүлжиян Қабдолова сапалы мамандар дайындалатынын тілге тиек етті. «Біздің компания конкурстық іріктеу негізінде мамандарды жұмысқа қабылдайды. Олардың арасында 50 адам Еуразия ұлттық университетінің түлектері. Бүгінгі таңда геодезия мен картография, география, гидрология мамандықтарының студенттері орман, су, ауыл шаруашылығы және басқа да табиғи ресурстардың ғарыштық мониторингі, төтенше жағдайлар, қатты қалдықтардың мониторингі бойынша т.б.  жобаларда сұранысқа ие. Қашықтықтан зондтау ғарыш орталығында спутниктерді басқаратын және ғарыш аппаратын түсіруді жоспарлап отырған Ғарыш техникасы және технологиялары кафедрасының инженерлеріне де сұраныс бар. Әсіресе, Геодезия және картография кафедрасын сапалы кадр дайындағаны үшін ерекше атап өткім келеді. Біз ЕҰУ-мен 17 жылдан бері тығыз ынтымақтастықтамыз, – деді «Қазақстан Ғарыш Сапары» өкілі. Жұмыс берушілерге Smart.enu.kz сайтында және осы аттас мобильді қосымшада тіркелуге болатын QR коды бар брошюралар таратылды. Бұл электронды платформа Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың жеке өнімі болып табылады және университеттің бизнес-процестерін цифрландыру мақсатында жасалған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің цифрлық даму секторының менеджері Алтынбек Зухажав айтып өткендей, Smart.enu.kz веб-сайт және осы аттас қосымша жоғары оқу орнының студенттері мен түлектеріне жұмыс табуға,  «Біз осы электронды платформаны түлектерімізге университет қабырғасында жүргенде жұмыс табуға көмектесу үшін жасадық. Ал жұмыс берушілер өз кезегінде өздеріне қажет қызметкерлерді табуға мүмкіндік бар. Олар сайтқа және қосымшаға ЭЦҚ көмегімен немесе логин және пароль арқылы авторизациялана отырып кіре алады. Яғни, платформа кез келген уақытта және кез келген жерде осы қызметті пайдалана алатын жұмыс іздеушілерге де, жұмыс берушілерге де бірдей ыңғайлы», – деді Алтынбек Зухажав. Оның айтуынша, «Студенттер мен түлектерге арналған» жаңа нұсқасында олар түйіндемелерін үш тілде орналастыра алады, сол сияқты «Бос жұмыс орындары» опциясында тіркелген компаниялар, ұйымдар қызметкерлерді іздейді. Осылайша, әлеуетті жұмыс берушілер бұл жерден өздеріне қажет  әлеуетті қызметкерлерді табады. Қосымшада сондай-ақ ЖОО қызметі, білім беру бағдарламалары, факультеттер, жаңалықтар, анонстар, хабарландырулар, байланыстар, мекенжайлар және т.б. туралы басқа да ақпараттар орналастырылған.