Биыл отандық кәсіпорындар 109 мыңға жуық жеңіл автокөлік шығаруға ниетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков хабарлады. Бүгінгі таңда автоөндірушілер құрамдас бөлшектерді жеткізуге квоталарды ұлғайту бойынша серіктестермен үнемі келіссөздер жүргізуде. 2022 жылдың І тоқсанында жалпы саны 22 239 авто өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішінен 12,4%-ға жоғары. Сондай-ақ осы бағытта экспорттың 45%-ға ұлғаюы байқалады.
"Соңғы 10 жылда отандық кәсіпорындар ірі және ұсақ торапты құрастыруды игерді. Қазақстан бойынша автоөнеркәсіптің "жергілікті қамту" деңгейі орта есеппен 33%-ды құрайды, ал кейбір модельдер бойынша 50%-ға дейін жетеді. Бұл ретте "жергілікті қамту" және "локализация" түсініктерін өзара ажырату қажет. Жергілікті қамту үлесін есептеудің бекітілген әдістемесі бар, ол компоненттік база есебінен ғана емес, қосылған құннан да есептеледі. Жалпы ұсақ торапты құрастыру шамамен 1000 операциядан тұрады", – деді ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков.Спикердің айтуынша, еліміз жаңа және жұмыс істеп тұрған өндірістік алаңдар шеңберінде көлік құралдарын өндіру бөлігінде ынтымақтастық пен кооперацияға дайын. Қазақстанда өз өндірісін оқшаулауға шешім қабылдаған инвесторлар үшін жеңілдіктер мен преференциялар, сонымен бірге басқа да ынталандыру шаралары ұсынылады. Сонымен қатар, брифинг барысында спикер жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын жүзеге асыру туралы айтты. Айта кетерлігі, аталған бағдарлама 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. 2022 жылғы наурыз айының соңындағы жағдай бойынша 30 507 бірлік автомобиль сатып алу үшін қарыз берілген. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда "Жасыл Даму" АҚ қаражатынан автонесиелеу мен автобус паркін жаңартуға лизингтік қаржыландырудың жаңа бағдарламасын іске асыру жоспарланып отыр. Жеке тұлғалар Өнеркәсіпті дамыту қоры өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторымен бірлесіп, ҚР Үкіметі қаулысының шарттарына сәйкес ақша қаражатын тарту рәсімдерін аяқтағаннан кейін, сондай-ақ осы қаражатты екінші деңгейдегі банктерге одан әрі қаржыландыру үшін бергеннен кейін аталған банктерден жеңілдетілген шарттармен қарыз ала алатынын атап өткен жөн.