Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толуына орай Нұр-Сұлтанда LE PRINTEMPS ROMANTIQUE атты француз музыкасының кеші өтті. Кеш қонағы – белгілі француз пианисті Давид Бисмут. Ол өзінің халықаралық сапарларында, түрлі музыкалық ұжымдармен шығармашылық қойылымдарында француз композиторларының музыкасына ерекше мән береді. Pianiste журналының мәліметі бойынша, Давид Бисмут ең дарынды пианистердің бірі, оның орындау мәнері тереңдігімен, айқындылығымен, нақтылығымен және поэтикалық бояуымен ерекшеленеді. Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі Берік Батырханның айтуынша, концерт идеясы – көрермендерге француз композиторлары Камиль Сен-Санс, Сезар Франк және Жорж Бизенің симфониялық және фортепианолық туындыларын таныстыру. – Le Printemps Romantique концерті Қазақстандағы Франция Елшілігімен бірлесіп өткізіледі. Жалпы, қазір әртүрлі ұйымдармен әріптестік байланыс орнату өте маңызды. Ынтымақтастық жаңа жобаларды ұйымдастыруға, жаңа музыканттарды, дирижерлер мен орындаушыларды шақыруға мүмкіндік береді. Біз Францияның Қазақстандағы елшілігімен бірнеше жылдар бойы әріптестік байланыстамыз. Бұған дейін олармен бірге Жак Оффенбахтың «Сказки Гофмана» операсы қойылды, сондай-ақ симфониялық оркестрдің Франциядағы гастрольдері ұйымдастырылды,– деді Берік Батырхан.