Мәдениетке фойе мен спортзалда баулиды
Мәдениетке фойе мен спортзалда баулиды
598
оқылды
Түркістан облысы Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Рүстем Наматуллаевтың аудандағы бірқатар мектепте мәдени іс-шара өткізетін акт залы жоқ деп шырылдап жүргеніне біраз уақыт болды. Депутат мұны «мәдениетке жасалған қастандық» екенін айтады. Бұл мәселені ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жиі көтеріп, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке де арнайы хат жазып, ұсыныс жолдаған. Алайда хат жолданған 6 айдан бері оған жауап жоқ. Шамасы бұл мәселені шешуге облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы аса ниетті емес сияқты. Олар мектептің сызбасына, сметалық-жобалық құжат әзірлеуге қатыспайтынын айтады. Тіпті, басқарма өңірдегі спортзалын сахнаға, сахнасын спортзалға айналдырып, амалдап жүрген мектептердің нақты санынан да хабарсыз болып шықты. Ал мәселемен күнделікті бет­пе-бет келіп жүрген мұғалімдердің үні шықпайды. Негізінен облыс аумағында соңғы жылдары пайда­лануға берілген бірқатар мектептің акт залы жоқ. О баста жоба солай сызылған. Ал мәдени шара жиі өтетін оқу ордасында акт залының болмауы мектеп мұғалімдерінің жанына батып жүрсе де, осы уақытқа дейін ешкім бас көтеріп айта алмайды. Жетісай ауда­нын­дағы құрылыс саласын қадаға­лай­тын мәслихат депутаты Рүстем Наматуллаев құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралағанда, осы мәселемен бетпе-бет келіпті. Басқаны былай қойғанда, 1 200 орындық №7 «Тұран» мектеп-гим­назиясында акт залы салынбағаны түсініксіз. Жобалаушылар барлық талапқа сай типтік үлгідегі білім ұясын жоспарлағанда неге жалғыз акт залын қалдырып кетті екен? Үнемдеудің жөні осы екен деп, спортзалды акт залына айнал­ды­руға болады деп жобалаған. Бүгінде жобалаушылардың осынау қи­сынға келмейтін сызбасынан ұстаздар да, оқушылар да зардап шегіп жүр. Гимназия оқушыларының бұрынғы мектебінде де акт залы болмапты. Жаңа білім ұясы салына бастағаннан қуанған олардың мұнда келген соң қуанышы су сепкендей басылған. Жап-жаңа үлкен екі корпусты білім ошағында да мәдени шара өткізетін жердің жоқтығы балалардың көңіліне қаяу түсірген. «Құрылыс жобасы бойынша спортзал мен акт залы үшін бір орын бекітіліпті. Яғни, мектепте іс-шара өтетін болса, спортзалды босатып береді екен. Іс-шара өтетін кезде баскетбол, футбол ойнайтын құрылғылар алынады да, сахнаның зілдей ауыр темір-терсектері кіргізіледі. Іс-шара біт­кен соң, олар қайта шы­ғарылып, денешынықтыру пәні жалғасады. Спортзалдың бір бұры­шында сахна тұр. Салмағы 2 тон­наға дейін тартатын ауыр темір-терсектері тағы бар. Әр іс-шара сайын оны құрастырып, біткен соң жинайды. Одан бөлек, орын­дық­тарды тасиды. Мектеп басшыла­рынан «Сахнаның заттары мен орындықтарды кім тасиды? Оған арнайы штаттарыңыз бар ма?» десем жауап бере алмайды. Әрине, денешынықтыру пәнінің мұғалім­дері мен оқушылар таситыны тү­сінікті. Сонда бұл қалай болғаны? Қашанға дейін балалар орын­дықтарды ары-бері тасып жүрмек? Мынадай әурешіліктен соң мек­тепте өтетін апталықтар, мерекелік іс-шаралар жиі өтеді дегенге мен сенбеймін. Ал мәдени ортаны жиі көріп өспеген балада өнерге деген қызығушылық та төмендейді. Мұны баланың мүмкіндігін шектеу деп түсінемін», – дейді депутат бізбен әңгімесінде. Жалпы, ауданда соңғы 1-2 жылда салынған 5-6 мектеп дәл осындай жобамен жүзеге асқан. Депутат жобаның сызбасы жан-жақты терең талданбай асығыс жасалғанын айтады. «Сахна көр­мей өскен балада өнер мен мә­дениетке қызығушылық бол­май­ды. Дәл осылай жалғаса берсе, 10-15 жылда ғасырдан-ғасырға мұра болып келе жатқан мәде­ние­тіміз құрдымға кетеді» деп қын­жыл­ды ол. Аудандағы құрылыс бөліміне, құрылысты бақылау қызметіне де бұл мәселе бойынша сауал жолдағанымен, олардан «жоғары жақтан бекітіліп қойған» дегеннен басқа мардымды жауап ала алмаған. спортзал мәдениет Шынында, дәл қазір гимназия оқушылары іс-шараларын гар­дероб пен фойеде өткізіп жүр. Ал наурыз айындағы ұлттық мерекелік іс-шара спортзалда өткенімен, балалардың оқыған өлеңдері мен шырқаған әндері жаңғырып, ды­быстық жүйесі сай келмей зал азан-қазан болған. Спортзалды безендіру де мүмкін емес. «Жаңа мектепке өткен жылдың соңында желтоқсан айында көшіп келдік. Мердігерден әлі қабылдап алған жоқпыз. Қабылдап алу жұмыстары әзірге құрылыс бөлімі мен білім бөлімі арасында жүргізіліп жатыр. Сондықтан акт залға қажетті құ­рал-саймандар әлі толық әкелін­беді. Сахна өте сапасыз жасалған. Спортзалдың бір бұрышына қойылған сахна өте қолайсыз, көзге қораш көрінеді. Жақында мердігер компания акт залына тиесілі 262 орындықты жеткізіп берді. Оны гардеробқа жинап қойдық. Жоба сызбасы бойынша спортзалымыз әрі акт зал болуы тиіс. Спортзалдағы бір кабинетке акт залына тиесілі заттар жиналуы қажет. Дегенмен ол жерге сый­май­ды. Сондықтан акт залдың жарты заты әзірге гардеробта тұр. Акт залынсыз жобаның қалай өткенін өзім еш түсіне алмаймын. Мектеп тәрбие ошағы емес пе? Сонда жобалаушылар тәрбиелік мәні зор мәдени шараларды екінші кезекке қойғаны ма? Жаңа Қазақстанға осылай бет аламыз ба? Енді келе­шекте мұндай қа­те­ліктер қайта­лан­баса екен дей­мін», – дейді №7 Тұран мектеп-гимназиясының ди­ректоры әрі аудандық мәс­ли­хаттың депутаты Хадиша Қож­банова. Биыл Жетісайда 3 мектеп пай­далануға берілсе, оның екеуінде акт залы жоқ екен. Бұл жағдайға аудан­дағы зиялы қауым өкілдері де то­сырқай қарап отыр. Спортзал мен акт залын теңестіруге бол­майды. «Олардың әрқайсысының қызмет ету мақсаты екі бөлек», – дейді олар. Қоғам белсендісі Пер­деш Есенбек аудандағы соңғы жыл­дары салынып жатқан мектеп­тердегі ойлап табылған бұл жаңа­шылдыққа үзілді-кесілді қарсы­лығын жеткізді. «Басқа-басқа, ба­лалардан мәдени іс-шарасын өткізетін сахнасын үнем­демей-ақ қою керек еді. Он­сызда жемқорлық жайлап тұрған тұста дәл осы акт залын салмаған қар­жымен қоржын қомпиып қал­мас еді. Мектеп – ауыл-аймақтағы жалғыз мәдени іс-шаралар өтетін орын. Эстети­калық тәрбие беретін киелі орын­ды өнерпаз балалар жастайынан сезініп өсуі керек. Енді дәл мына жағдайда олардың қолын байлап, мүмкіндігін шектеп қой­дық. Акт залында концерттер өте­ді, сахна­сы, орындықтары бо­лады. Ал спорт­залдың деңгейі мүл­дем бө­лек. Оның өзінің жаб­дық­тары бір төбе. Бұл жобаны кім құрса да ақыл­ға қонымсыз болған», – дейді Же­тісай ауданының Құрметті аза­маты Пердеш Есенбеков. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген еді. Ендеше тәрбиені екінші кезекке ысырып қою қисынға келмейді. Бала ізгілік пен адамгершілікті, мәдениетті осынау мәдени шара­лардан бойына сіңіріп өсетінін естен шығармағанымыз жөн. Сонда дейміз-ау, ақыры акт залына қажетті құрал-жабдықтың бәрі алынады екен. Ендеше орын­дықтарды ары-бері тасу, сахнаны спортзалға орналастыру қай данышпанның ойлап тапқан ақылы екен?!

Түркістан облысы