Кептелістен құтылар күн қайда?
Кептелістен құтылар күн қайда?
321
оқылды
Алматы мен көлік кептелісі егіз ұғымға айналғалы қа­шан? Алып қаланың қарапайым тұрғындарынан бастап әкім-қараларына дейін осы мәселеге бас қатырады. Соңғы 20 жылда оңтүстік астананың тізгінін қолға алған әкімнің барлығы да осы түйткілдің түйінін тарқатудың түрлі амал-айласын жа­сап көрді. Алайда одан қала көшелеріндегі кептеліс азай­майды. Керісінше, жағдай тіптен ушыға түскен.

Жолайрықтар да көмектесе алмады

Кептелістен құтылудың бір жолы ретінде айналма жолдар мен жолайрықтар салу да қолға алын­ған. Тіпті, сол кездегі қала әкімі кептеліс мәселесін жаңадан салы­натын 24 жолайрықпен шеше сал­ғысы келген. Әлгі әкімнің «жо­лайрықтар толықтай пайда­лануға берілген күні кептелістен көз ашасыңдар» деген құрғақ уәдесі де алматылықтардың жа­дында. Алайда соңғы 15 жылда Алатау бөктеріндегі алып шаһарда 32 жолайрық салыныпты. Дәл осы мақсатқа жұмсалған 324 миллиард теңге де мегаполис тұрғындарына көлік кептелісінің не екенін ұмыттыра алмады. «Индустриалды аймақ» жа­уапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің басшысы Бақытжан Қа­лымбек жолайрықтардың кеп­­телісті азайтудағы дәрменсіз­дігін олардың кейбірінің дұрыс жос­пар­ланбауымен байла­ныс­тырады. «Алматының кептелісін азай­туға байланысты бірнеше ұсыныс айтқанмын. Бірақ оған құлақ ас­қан пенде жоқ. Мәселен жолай­рықтарды салуды әуелі көлік жүк­­темесі ең көп көшелерді анық­таудан бастау керек екенін айт­қанмын. Бұл ұсынысымды да еш­кім құлаққа ілмеді. Нәтижесін көрдіңіздер», – дейді ол.

«БАКАД» пен метро бәрін шеше ме?

Ал қала әкімдігі тұрғындарды бұл мәселеге оптимистік көзқа­распен қарауға шақырады. Әкім­дік кептелісті азайту үшін түрлі жо­баны қолға алумен келеді. Со­лардың бірі һәм бірегейі «Үлкен Алматы айналма автомобиль жо­лы» жобасы. Жауаптылар жер­гі­лікті халық арасында «БАКАД» ата­лып кеткен жобаның кепте­ліс­пен қоштасуға ықпал ететініне сенімді. Ресми статистикаға сүйенсек, дәл қазіргі уақытта Алматыға күн сайын таңертең іргедегі Қаскелең мен Талғар аудандарынан 270 мың көлік кіреді екен. Оның 160 мыңы қала көшелері арқылы шаһардың екі қанатында жатқан екі ауданға бағыт түзейді. Яғни, Талғардан шық­қан көлік Қаскелеңге бару үшін Алматыға кіріп-шығады. Қаскелеңнен Талғарға бет алған­дар да осы маршрутпен жүруге мәжбүр. кептеліс «БАКАД» пайдалануға беріл­ген соң қаланың орталығына жал­ғасқан 6 көше осы айналма­жолға қосылып, көлік дәліздері ұзармақ. Сол кезде Талғар–Қас­келең, Қаскелең–Талғар бағы­тын­дағы 160 мың көлік те Алма­тыны айналып өтеді. Алайда 2024 жылы пайдалануға берілуі керек болған бұл жобаның да межелі мерзімде аяқталуы екіталай. Өйт­кені жобаның «Алтын орда» ба­зары тұсындағы бар болғаны 4 шақырымдық бөлігі 4 жылда әрең іске қосылған. Сондықтан да жа­қын арада бұл жоба бітіп, соның есебінен алматылықтар кепте­лістен көз ашады деу де қисынға келе қоймайды.

Көшені ұзартып, кеңейтпек

3 ай бұрын Алматы қаласы әкімі қызметіне кіріскен Ерболат Досаевтың кептелісті реттеуге қатысты өз жоспары бар екен. Қала әкімдігіндегілердің хабар­лауынша, бұл мәселені шаһардың жаңа басшысы қала ішіндегі көшелерді ұзарту мен кеңейту арқылы шешуге ниетті. «Қазір қала көшелеріндегі кептеліс пен артық жүктемені азай­ту мақсатында ұзындығы 65 шақырымды құрайтын 275 көшені ұзарту мен кеңейту жұмыстары қолға алынып жатыр. Соның ішінде бүгінге дейін Момышұлы көшесінен ары қарай Абай даңғылын, оған қоса ұзын­дығы 2 шақырымды құрайтын Алатау көшесін Сәбденов кө­ше­сінен бастап Райымбек даң­ғы­лына дейін ұзарту жұмыстары аяқталды. Рысқұлов даңғылы мен Ем­цов көшелерінің қиылы­сындағы кө­лік жолайрығы бойынша құры­лыс-мон­таждау жұмыстары бітті. Эста­када және барлық бұрылыс жол­дары бойынша көлік қозға­лысы ашылды. Сонымен қатар ұзындығы 6,4 шақырым болатын Абай даңғылы, Саин, Әуезов көшелерін ұзарту жалғасуда. Оған қоса, жақын күн­дерде ұзындығы 5,5 шақырым бо­латын Төле би көшесін ұзарту басталды. Сондай-ақ Сейфуллин даң­ғылы мен Жансүгіров көшесі, Құл­жа тасжолы мен Бұқтырма кө­шесінің қиылысы, Сайын мен Мөң­ке би көшесі аумақтарында 3 жо­лайрықтың құрылысы жүріп жа­тыр», – дейді қалалық мобиль­ділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан. Қалалық әкімдік алдағы 2 жыл­дағы шаһардағы бірнеше негізгі көшені ұзартуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, қаланың бас жоспарына сай Рысқұлов даңғылы Оңғар­сы­нова көшесінен қала шекарасына дейін, Жұбанов кө­шесі Момыш­ұлы көшесінен бас­тап қала ше­ка­расына дейін және Қажымұқан көшесі, Назарбаев даңғылы Сей­фуллин даңғылына дейін ұзармақ. Қазір Салалық басқарма жобалық-сметалық құ­жаттамаларды әзір­леу­ге кіріскен. Бюджеттен қаржы бө­лінсе, кө­ше­лерді ұзарту жұ­мыс­тары 2023-2024 жылдары жүр­гі­зілмек. Қысқасы, алматылықтардың бас ауруына айналған көлік кеп­телісінен біржола құтылу үшін әлі де бірнеше жыл керек сияқты. Ал әкімдік тарапынан жүргізіліп жат­қан көшелерді кеңейту мен ұзарту жұмыстары бұл мәселені түбегейлі шеше алмасы анық.

Алматы қаласы