Харам қасапханаға қарсылық білдірді
Харам қасапханаға қарсылық білдірді
286
оқылды
Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз, Шмелев Лог және Степное ауылдарының тұрғындары жуықта сол аумаққа жақын орналасқан шошқа фермасының қоршаған ортаны ластап жатқанын айтып, басқа жаққа көшірілуін талап еткен еді. Осыдан бір-екі күн бұрын облыс орталығының жүзге тарта тұрғыны қаланың шет жағына салынады деп жоспарланған шошқа соятын цехтың тұрғызылуына қарсылық білдірді. Ашық дерек көздеріне сүйенсек, шаһардың өндірістік аймағында бой көтермек қасапхананың қуаттылығы сағатына 240 бас малды союға мүмкіндік береді. Ал өнімдері Қытайға экспортталмақ. Жоба операторы – Eco Meat Vostok Ltd компаниясы. Шығыс Қазақстан облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтындағы ақпаратта мал сою орны Машино­строителей көшесінде орналасуы мүмкін деп көрсетілген болатын. Цехтың салынуына үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізуді мақсат еткен тұрғындар қоғамдық тыңдау өтетін жерге келді. Бір қызығы, қоғамдық тыңдау болады деп белгіленген орын қуықтай ғана пәтер болып шықты. «Көзбояу­шылық деген осы ма? Осын­дай қоғамдық тыңдау бола ма? Мұндай жағдайларға талай рет куә болдым. Ұйымдасты­ру­шылар бір мекенжайға шақырады, ал қоғамдық тыңдау басқа жақта өтіп жатады. Содан кейін «бол­ды, бәрі жақсы, ешқандай қарсы­лық­сыз өтті» деп есеп береді», – дейді Арматура ықшамау­да­нының тұрғыны Екатерина Солдатова. Жиналғандар шағын пәтерге сыйма­ғандықтан, ұйымдастырушылар қоғам­дық тыңдауды далада өткізуге мәжбүр болды. «Біз шошқа соятын цехтың құ­рылысына түбегейлі қарсымыз. Егер цех салынса, қоршаған орта ластанады, са­сық иістен көз ашпайтын боламыз. Ауаға зиянды газ бөлінеді. Ең бастысы, ол ау­мақта тұрғын үйлер орналасқан. Біз қала шетінде мұндай нысанның тұр­ғы­зылуын қала­май­мыз» деді тұрғындар бірауыздан. Ал жоба жетекшісі, ресейлік кәсіпкер Андрей Чистюхиннің айтуынша, бұл жер­де Қазақстанда бұрын-соңды са­лын­баған, барлық халықаралық стандартқа сай келетін ең ірі ет өндіру кешені тұр­ғы­зы­лады. Мұндай кәсіпорын Ресейдің өзінде жоқтың қасы. «Кәсіпорын ашыл­ған кезде 500 адам жұмыс істейді. Толық қуатына кіріскенде 2 мың адам еңбек етеді. Орташа жалақы 300 мың теңге бо­лады. Цехты қалаға жақын жерге сал­ғымыз келгені, инфрақұрылым дайын. Өйткені бұл – өндірісті аумақ. Эколо­гияға, қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. Қалдықтар жабық күйінде сақ­талады. Ешқандай да жағымсыз иіс болмайды» деді кәсіпкер. «Егер Ресейде мұндай керемет кәсіпорын болмаса, сол жаққа неге салмайсыздар?» деп жоба жетекшісіне қарсы сұрақ қойған тұр­ғындар өз ұс­танымынан таймайтынын, дегеніне жет­пей қоймайтынын ше­гелеп айтты. Өскемен қасапхана Қазірдің өзінде мыңдаған адамның қолын жинаған тұрғындар прокуратураға арыз бергенін, тіпті Президентке де ша­ғымдануға әзір отырғандарын жеткізді. Өскемендік эколог, қоғам белсендісі Дәулет Асановтің пікірінше, жоба жетек­шісінің «Экологияға, қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді» деген сөзі қи­сынға келмейді. «Бұл нысанның жа­нындағы жер учаскелері жеке тұрғын үй құрылысына балабақша салу үшін бе­рілген. Санитарлық аймақ 1000 метрден кем болмауы керек. Бұл туралы облыстық Экология департаменті өкілдері де айт­қан. Алайда цех салғысы кеп жүрген азаматтар мұны әдейі ескермей отыр. Бұл жақта ешқандай газ тазалау құрылғысы да жоқ. Сондықтан «таза экология, жаңа технология» деген жылтыр сөздерге сенбеген жөн. Мұнда сағатына 240, демек күніне 1 500 бас шошқаны соймақшы. Сой­ғанда да дәл тұрғын үйлердің ірге­сінде. Қалдықтар туралы мүлде сөз жоқ. Талпақ танаулардың қиы қайда кетеді? Бұл – ертең туындауы мүмкін мәселенің бер жағы ғана. Шошқаның дене мүше­лері, терісі, қаны қайда жіберіледі? Қалай жойылады? Мұның бәрі жобада жазыл­маған» деген қоғам белсендісі жобаға өзгерістер енгізіп, қоғамдық тыңдауды қайта өткізу керектігін алға тартты. Қаперлеріңізге салайық, былтыр БАҚ беттерінде Eco Meat Vostok Ltd ком­паниясы FinSight Ventures инвестициялық қоры мен Brown&Co ағылшын компа­ния­сының қолдауымен Шығыс Қазақ­станда ет өңдейтін кешеннің құрылысын бастауды жоспарлап отырғаны, жобаға 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен 117 миллиард теңге бөлінетіні туралы ақ­парат жарияланған болатын. Аталған жобаға KAZAKH INVEST ұлттық ком­паниясының да қолдау көрсететіні, бұл кешенге жылдық қуаты 184 мың тонна құрама жем шығаратын зауыт, қуаты 20 мың бас мал өсіретін селекциялық-генетикалық ферма, 39 мың тонна мал союға арналған кәсіпорын, қуаты 400 мың бас малға арналған 3 ферма кіретіні жайында да айтылған еді. Айтпақшы, былтыр дәл осы сәуір айында Ұлан ауданындағы Айыртау мен Жаңа Қанай ауылдарының тұрғындары шошқа етін өндіретін зауыттың салы­нуына қарсылығын білдірген болатын. Сол кезде облыс әкімдігі «Инвестордың өтінімі бастапқыда Ұлан ауданына бе­рілген, облыс аймағының басқа бөлігінде аталған жобаны орналастыру мәселесі бүгінгі күні қаралған жоқ. Айыртау және Жаңа Қанай ауылдарының жергілікті тұр­ғындарының пікірі ескеріліп, объек­тілерді орналастыру үшін бұл аумақ қа­растырылып отырған жоқ. Айыртау және Жаңа Қанай ауылдары арасында тауар фермасын орналастыру мәселесі жабық және қарастырылмайды» деп мәлімдеген еді. Енді, міне аталған жоба Өскемен тұрғындары тарапынан да қарсылыққа ұшырап отыр.

Шығыс Қазақстан облысы