Табыс деп аттанып, табытпен оралды
Табыс деп аттанып, табытпен оралды
589
оқылды
Бақыт іздеп барып, байғұс­тың күйін кешкен отандастардың өзге елдегі халі аянышты. Өйткені жыл сайын жат жұртқа жұмыс іздеп кетіп, қапыда көз жұмған қан­дастар туралы қайғылы хабар алу қалыпты жағдайға айналып барады. Күні кеше шекара сыртына табыс іздеп кеткен тағы бір отандасымыз­дың өмірден озғаны белгілі болды. Ал оның денесін жақындары туған жерге жеткізе алмай шарқ ұрып жүр. Оңтүстік Кореяға нәпақа табуға төрт жыл бұрын кеткен Батыр Оспанов жүрек талмасынан көз жұмған. Жат жерде жүрген Батыр соңғы уақытта анасын қатты уайым­даған екен. Ол сырқат анасының халін білуге келгісі келгенімен, Кореяға қайта кіре алмасын түсінгендіктен, амалсыз туған жердің топырағын бір иіскеуге зар болып жүріпті. Жақындарының айтуынша, 39 жастағы марқұмның артында 14 жасар ұлы мен 12-дегі қызы қалған. Пәтер жалдап тұратын отбасын Кореяда жүрген отағасы биыл зәулім үй тұрғызамыз деп те қуантқан. Бірақ қайғыдан қан жұтып, соңында отандасымыздың енді мүрдесін туған топыраққа жеткізу мәселеге айналды. Мүрдені жеткізу мемлекеттің міндетіне кірмейді. Себебі марқұм заңсыз мигрант есебінде кеткен. Жалпы, соңғы жылдары тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында қазақстандықтар шетелге кете бастады. Әсіресе, айлық еңбек­ақысы екі есе көп болған соң ауыр жұмыс күшін талап ететініне қарамастан, Ресей, Оңтүстік Корея, Польша елдеріне кететіндер көбейді. Алайда өзге елде оларды құшақ жая қарсы алып, жайлы жұмыс ұсынып отырған ешкім жоқ. Турист ретінде тіркеліп, жұмыс істеуге ықылас танытқан шетелдіктерді басқа елдің жұмыс берушілері аямасы анық. Екі ел арасындағы визасыз режимді пайда көргендер осы себепті басы ауырып, балтыры сыздаса да тегін медициналық көмек ала алмайды. Тіпті, жұмыста оқыс оқиғаға тап болғандарға да шетелдіктердің мейірімі түсе қоймайды. Еліміздің Сыртқы істер минист­рлігі берген мәлімет бойынша, қазақстандықтарға көбінесе шетелге визамен шығу міндеттеледі. Дегенмен бірқатар елге 365, 90, 30 және 14 күнге дейін ви­за­сыз жүруіне мүмкіндік берілген. Соның ішінде қазақстандықтар турист ретінде барып, тұрақтап қалатын Оңтүстік Корея республикасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне рұқсат етіледі. Оның өзінде турист ретінде ғана. Алайда екі ел арасындағы 30 күндік визасыз режимді отандастарымыз басқа мақсатпен пайдаланып, өзге елдің заңын өрескел бұзып жатыр. Содан да болар соңғы жылдары бұл елге баратын еңбек мигранттарының санында есеп болмай кеткен.

Көк тиын құны жоқ

Оңтүстік Кореяға турист ретінде барып, артынша тұрақты жұмысқа орналасқан түркістандық Алмас бұл елге басында заңды түрде барғысы келгенін айтады. Бірақ жұмыс визасын шақыру бойынша ғана алады екен. Оның өзінде белгілі бір мамандық бойын­ша шақырту алған адам­дарға ғана виза беріледі. «Амал жоқ, 2017 жылы көппен бірге визасыз режим бойынша ұшып кеттім. Қазір көлікке арналған радиаторлар шығаратын зауытта істеймін. Айына 1,5 миллион теңге, кейде одан да көп төленеді. Тапқан табысымның жартысын Қазақстандағы ата-­анама жіберемін. Бізде мұндай жалақыны жылдап жүріп әрең табасың», – дейді Алмас. Оның айтуынша, өзімен бірге барған тағы бір қазақстандық бірде жұмыс кезінде баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алған. Бірақ жұмыс беруші емдемек түгілі, жұмыстан шығарып жіберген. Мол табыс табуға барған кейбір отандастар екі қолға бір күрек таппай сенделіп, соңында елге кері қайтатын көрінеді. «Бұл жақта қайтыс болған қазақстандықтар туралы жиі естиміз. Кейде жарақат алып, мүгедек болып қайтатындар бар. Көз жұмған марқұмның мүрдесін елге жеткізу үшін осындағы қазақтар ақша жинап, тасымалдау құнын көтеріп алатын кездеріміз болады», – дейді Оңтүстік Корея елінде жүрген отандасымыз Жанжігіт Рамазанов. Ол да Алмас секілді бұл елде турист ретінде барып, тұрақтап қалған. Өйткені өз таныстары талай рет алаяқ еңбек агенттіктерінен аузы күйгендері жайында айтқан. «Елдегі кейбір агенттіктер заңды түрде көші-қон мәселесін реттеп, екі ел арасында емін-еркін жүруге кепіл­дік бергенімен, кейіннен «маңғыт – аузыңа саңғыт» деп кетеді. Сол үшін тұрмысын жақсартуға келген қазақстандықтар өмірін қатерге тіге жүріп еңбек етеді. Ал өзбектер 20 жылдан бері бұл елге заңды түрде еңбек келісімі арқылы кіріп-шығып жүруге мүмкіндік алған. Қазақстандықтардың көк тиындай құны жоқтығы осыдан көрінбейді ме?», – дейді ол. «Корея көмек» қорының соңғы бес жылдағы мәліметінше, 36 қандас Оңтүстік Кореяда көз жұмған. Олардың көпшілігінің мүрдесі жақындары ақша тапқанша апталап мәйітханада жатады екен. Себебі бөтен елде қандастарды сақтандыратын қор да, құқығын қорғайтын да ешкім жоқ. «Қазір қазақстандықтардың көбі айлық табысқа қызығып кетіп жатыр. Бірақ олардың жеке басын сақтандырып жатқан ешкім жоқ. Заңсыз жұмыс істеп жатқан соң олар елшіліктен және Сыртқы істер министрлігі тарапынан да қолдау күте алмайды», – дейді «Корея көмек» қайырымдылық қорының әкімшісі Самат Ахметов. Екі қолға бір күрек іздеп Кореяға аттанған отандастарымыз кәрістер ұсынған кез келген жұмысты істеуге мәж­бүр. Соңғы уақытта жат жұртқа жастар ғана емес, егде жастағылар мен зейнет жасына келгендер де көптеп баратын болған. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» демекші, бір аяғы көрде тұрғанда туған жерін тастап, табыс үшін кім барғысы келсін?! Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жатқан 36 мың қазақстандықтың бар-жоғы 10 мыңға жуығы ғана жұмыс визасын аштырған. Ал қалған 26 мың отандасымыз айлық табыс үшін ағайын-туыстан алыстап, туған елдің топырағын бір иіскеуге зар болып жүр деген сөз.

Мемлекеттің қолдауы қажет

Отандастарымыздың өзге елге нәсіп іздеп ағылуына себеп көп. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, адами капиталды ел ішінде еңбекке араластырып, тиімді жұмыспен қамтамасыз етпесе, еңбек мигранттарының көлемі арта береді. «Біздің елге келетін еңбек мигранттарының көбісінде жоғары білімі жоқ, кәсіби біліктілігі төмен. Ал шетелге табыс көзі үшін барып жатқан қазақстандықтардың арасында білімі, кәсіби қабілеттері жоғары адамдар көп. Білікті мамандардың да жаппай жат елге кетуіне ішкі нарықтағы бос жұмыс орындарының болмауы мен жалақының төмендігі, елдегі қымбатшылық­тың әсері мол», – дейді әлеуметтанушы. Әлеуметтанушының пікірінше, бөтен елдегі қандастардың әрекетін ақтауға болмайды. Өйткені олар сол елге кетіп бара жатқанда тәуекелдерді алдын ала білді. Дегенмен мемлекет кез келген жағдайда азаматтарының өмір сапасын жақсартуға, құқығын қорғауды алдына міндет етіп қоюы керек. «Сол үшін өзге елге кеткен қандастарымыздың ста­тис­тикасы сарапталып, қазақ­стандықтар жиі баратын елдерге талдау жасалу қажет. Мысалы, Ресей, Оңтүстік Корея, Польша елдеріне баратын қандастардың саны мен құрамы зерттеліп, мемлекетаралық меморандум жасалғаны дұрыс. Соның шеңберінде отандастарымызды жеңілдікпен жұмысқа алу, шетелде жүргенде заңнамалық, әлеуметтік тұрғыда көмектесу жағы қаралғаны абзал. Елде мүмкіндік бере алмасақ, өзге елде жұмыс істеп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік бергеннің айыбы ­­жоқ», ­– дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова. Сондай-ақ ол қазақстандықтар тұрақты қалып жұмыс істейтін елдердегі елшілік жанынан орталық ашылып, қиын жағдайда қалып қойған қандастарға құқықтық, пси­хология­­лық көмек көрсетіп, экономикалық жағынан қол ұшын созу қажет екенін жеткізді. Бұл мәселені былтыр Мәжіліс депутаттары да көтерген. Бірақ бір жыл өтсе де бұл мәселеге балтыры сыздаған жан табылмады. Қазір Оңтүстік Кореямен 15 мем­лекет еңбек миграциясын реттеп алды. Ал турист болып шекара асқан қазақстандықтар мигрант ретінде «шықпа жаным, шықпамен» күн кешуге мәжбүр.