Түкке тұрмайтын түкірік
Түкке тұрмайтын түкірік
376
оқылды
Немересін жетектеген қария аудан әкімінің қабылдауына келді. Хатшы қыз қуырдақ жеп отырғандай, аузы сүйреңдеп: – Әкімге жәйша келдіңіз бе?–деп сұрады. – Немереме түкіртейін деп едім. – Түкіргені қалай?–деп таңданды хатшы қыз. – Өскенде әкім сияқты әкім болсын деп. – Жо–жоқ, болмайды! Ол кісінің түкірігі бос емес. Ой, өзі бос емес. – Түкіртемін де шығамын. – Болмайды дедім ғой, ата! Қария тыңдамады, немересін жетектеп, әкімнің кабинетіне кіріп барды. Әкім креслосында шалқая отырып, бірдеңе шайнап отыр, көздері күлімдеп, жайнап отыр екен. Алдында қазы–қарта, жал–жая дегендей, осы қазір ғана ұртын томпайтып, жапыра жегендей. Әкім соңғы рет шайнап, аузындағысын бір жұтты да, бет орамалымен аузын сүртіп, қарияға көздерін лақтыра қарады. Қария сақалын тарады. – Не үшін келдіңіз? Жер жоқ, берілмейді, пәтер кезегіне тіркеле алмайсыз! Жайылым жоқ, тағы не керек сізге? – Маған ештеңенің керегі жоқ. – Не үшін келдіңіз? – Немеремнің аузына түкіріп берші, айналайын? – Зачем? – Өскенде сен сияқты жемқор, топас, жер сатқыш, жайылым біткенді туыстарына таратып бергіш, мемлекеттен келген қаржыны қылғыта беретін қомағай әкім болсын деген ырым ғой. Әкім орнынан тұрды да, терезе тұсына келіп, сыртқа көз тастады, сосын бұрылмастан: – Қиын заман, әкім жаман, әкім сондай, әкім мұндай деуден жалықпайды екенсіздер! Халықты айтамын да, сендермен кездесуге қорқамын осы! Түсімде шошып оянамын! Никакой, түкірік! Кабиетімнен шығып тұрыңыз, ақсақал! –деді. – Тым бомаса, жарты түкірік... – Түкірігім платный. – Болды, әкім бала, қанша сұрайсың? – Бір түкіргенім жүз мың. – Ойбай–ау, пенсиядағы адаммын. – Олай болса, шығып тұрыңыз! – Он мыңға болмайды ма? – Немене,әкімнің түкірігі кеседе тұрған сорпа ма? – Қарызға түкіруге болмайды ма? – Болмайды. Қария немересін жетектеп, әкімнің кабинетінен шыға берді. Хатшы қыз көздерін аларта қарады. – Әкім ағай түкірмейді, аузы кеуіп қалған, –деді. – Сендердің миларың кеуіп қалған! Әне, көктем келді, ауылды су басып жатыр! Тасқыннан тасада тығылып отырған әкіміңе болайын! – Әкім ағай судан қорқады. Кішкентай кезінде арыққа құлап, содан кешке дейін жылап... – Ой, бәтшағарлар! Қария немересін оңаша шығарып алып, өзі түкіре бастады. «Балам, мен сияқты адал бол, мен сияқты жүз жаса! Әкімге түкіртпегенім жақсы болды!» –деп шақшасын алып, насыбайын ата бастады. Бұл оқиғаны неге айтып отырмын? Білесіз бе, жақында әртістер, жұлдыздар ерікті ме, өмір сүруден зерікті ме, әлде, ақшадан тарықты ма, әлде бірдеңеден жалықты ма, түкіріктерін сата жаздады. Концерттерінде балақайларға түкіруді ақылы ете жаздады. Рас, өтірігін қайдам, әйтеуір әлеуметтік желіде жұлдыздардың түкірігі сатылымға шығатыны жарияланып жатты. Ролик те көрсетілді. Блогер Дәулет Мұқаев: «Бұл әзіл үшін түсірілген еді» деп ақталды. Жұрттың бәрі шынымен сенуге шақ қалды. Осылай да ойнайды ма екен? Олар жұрттың басын қатырғандарын ойлайды ма екен? Мүмкін, рас та шығар? Айтпақшы, сізге түкіріп жіберейін бе? Бірақ, мен.. мен атақты емес едім...

 Мұхтар ШЕРІМ