Тықыр таянды
Тықыр таянды
Түн ортасында шошып ояндым. Бірдеңе тықыр, тықыр етеді. Кеудесі дірілдеп ұйықтап жатқан әйелімнің мұрнын қасып ояттым. – Не болды? –деп сұрады әйелім. – Бізге де тықыр таянды. – Қандай тықыр? – Мені тұтқындайды. – Дубайға қашайық? – Көреміз, ұсталсақ, өлеміз! –дедім де, көрпені тарс бүркеніп, ұйқыға кеттім. Бір кезде, бірдеңе тықыр, тықыр, есік жақ сықыр, сықыр етті. Төсегімнен төңкеріле жаздап, атып тұрдым. – Не болды? – деп сұрады әйелім. – Тықыр таянды... – Шетелге қашамыз ба? – Ішкен–жегенімді құстырады, алдына «Т» қойсаң, ...ыштырады! Халықты жылатып, бай болдым, жылтыраған май болдым, аспандағы ай болдым, сасыған саяси көз­қарасыма сай болдым... Енді бітті. Қашамыз! – Қайда? – Ауылға! Содан, түнделетіп, көрпе-төсегімізді көлігімізге салып, алтындарымызды арқалап, ауылдағы тау етегіндегі үңгірге келдік. Көлігіммен бірге кіріп кеттім. Үңгір іші тастай қараңғы екен, сібет орнатып қойса болады ғой, не газ, не су жоқ... Содан жабайы адамдар кейпіне еніп, бұтыма бір жапырақты жабыс­тырып, әйелімді бір құдайға табыстырып, түнделетіп су іздеуге шықтым. Бұлақтың суын баклашкаға құйып, күндіз садақпен тау ешкіні атып алып, оны қуырып, кәдімгідей күн кешіп жаттық. Ешкім іздемейді, біреу келіп: «Сіз?» демейді, рахатқа баттық, екеуміз үңгір түбінде төрт ай жаттық. Сақал өсіп кетті, кіндігім арқама көшіп кетті. Әйелім бұрыннан албасты еді, қазір өзім қорқатын болдым. Ее, несін айтасыздар, су ішпеген гүлдей солдым. Алтындарым ас болмады, алдымда уылжып піскен бас болмады, шомылмаған соң, тыр–тыр қасынып, ет елестеп, ашығып жатыр едік, түн ортасында үңгірдің ауыз жағы тықыр–тықыр етті... – Қатын, тықыр, тықыр... –дедім мен. Бір қарасам, Кинг–Конгтың баласы еңкейіп тұр. Қазақшалап: – Ей, менің пәтерімде неғып жатырсыңдар? – деді де, екеуміздің сирағымыздан ұстап алып, дырылдатып, сыртқа сүйреп шығарды. Сосын, әуелете лақтырып жіберді. Сол ұшқаннан ұшып, жүрегіміз айнып, құсып, Қапшағай көліне күмп ете түстік. «Жабайы адамдар!» –деген демалушылар тұра қашты. Ал, біз қайда қашамыз? Елде есіріп, қайда қашайық? Айтыңдаршы? Ойбай, тықыр, тықыр...

Мұхтар ШЕРІМ