Жұқсыздар да жұлдыз!
Жұқсыздар да жұлдыз!
152
оқылды
Баяғыда атың шықпаса, жер өрте дейтін. Қазір жерге бензин шашып, от тиіп кете ме деп қашып, қатты сасып, атақ іздеудің қажеті шамалы. Интернетті өртесең болды. Жоға, интернет жанбайды ғой, жәй, от болып лауласаң, бітті, Атағың аспандап шыға келеді. Сенің талантың тарыдай ма, таудай ма, жоқ әлде, боқтампазсың ба, оған қарайтын жұрт жоқ. Бір күні құрбым таңданып, таңдайын тақылдатты. –Білесің бе, Түркістан қаласынан Мұрат Әбілдә деген жігіт бар еді ғой? – Ол кім еді? Әкім бе? – Не, танымайсың ба? – Жоқ. – Қалайша танымайсың? Ол жұлдыз ғой! – Аа, инстаграмда ауыз–басын қисаңдататын ба? –Ия, боқтамаса басы ауыратын ше? – Ия, не болыпты? – Сол жігіт жұлдыз болып кетіпті! –Қой-е? Маңдайында ләм­печке жанады ма? – Шын айтамын, артынан жүгіріп жүрген жастар. – Сол жастардың деңгейлері дірілдеп кеткен болды ғой... Қызығып кетіп, құрбым кеткен соң, инстаграмды парақтайын. Құдайым–ау, шошып кеткенім! Сөйлеп жатып, бетіме түкіріп жібергені! Жоқ, экранға. Сосын, боқтай жөнелді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр. Былапыт сөздерін сыпырсаң, шаң боласың. Оны тыңдай берсең, кәдімгі, жабайы аң боласың. Басқасын көріп едім, ән айтып тұр екен. Әнін аяқтай салып, әлдекімді әңгелектей домалатып, боқтай жөнелді. Айқайлағанда, даусы қырылдап, өкпесі сырылдап, езуі жыртылып кете жаздайды. Есі ауып қалған ба деп қаласың? Тағы бір күні құрбым құрт сорып келе жатты да, алдымдағы орындыққа жалп етіп отыра кетті. «Тик–токтан» көрдің бе? –деп сұрады ол. – Нені? – Мұратты? – Мұраттан басқа әңгімең жоқ па? – Сол боқтампаз төрт жылға сотталыпты! – Не үшін? – Біреуді боқтағаны, рулықты , ұлт араздықты қоздырғаны үшін. – Өтірік шығар? –дедім мен. – Міне, инстада жүр. Қорғаш­тап жатқандар да бар, «сауап болыпты!» деп жатқандар да бар, – деген ол интернетінен Мұрат туралы іздей бастады. –Міне, міне, таптым! «Экс­прес» сайтында жүр. Тыңда: «Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде отырып, былапыт сөздерді қарша жаудырып, танымал болған Мұрат Әбілдә сотталды. Ән де айтып жүрген блогердің қамауда жатқаны туралы айтылған видео «Тик–токта» тез тарап кетті. Онда өзін Мұрат Әбілдәнің анасымын деген әйел ұлымен кездесуге кіргізбей жатқанын алға тартады». – Сұмдық екен! –дедім мен, – Боқтампаз да жұлдыз болады екен-ау? – Сен оны айтасың, ол ішімдік ішіп, өзгенің ұлттық ар–намысына тиетін сөздер айтқан! – Масқара! – Ол бұған дейін де, Кентау қалалық сотының үкімімен біреуді тілдегені үшін үш жыл, алты айға сотталған екен! Құрбым кеткен соң, ойға қалдым. Бүйтіп, абыройын айрандай ашытқанша, айдалаға барып, жер өртеген мың есе артық екен–ау! Қазір әлеуметтік желі иістеніп кетті. Әркім былапыт сөздерімен сабалап, бірін–бірі табалап жатады. Бүйтіп, жұлдыз болғанша, жынды болып кеткен артық шығар?

Жатыпатар ЖАНЫС