Қаламдастар қалжыңы
Қаламдастар қалжыңы

Әбдіжәміл Нұрпейісов

Алматыдан ерте шығып, Тал­дықорғанға асығып бара жатырмыз. Сағат 12-де әйелім Нұрғайшаның анасының жылына үлгеруіміз керек. Айнабұлаққа жете бер­гені­мізде қалта телефоным шырылдап қоя берді. Әбекең екен, қазақтың көзі тірі классик жазушысы Әбді­жәміл Нұпейісов. – Иә, тыңдап тұрмын Әбеке! – Әй бала, үдесің бе? – Жоқ Әбеке! Талдықорғанға бара жатырмын. – Онда не бар? – Нұрғайшаның анасының жылы, соған бара жатырмыз. – Оған сен бармасаң болмай ма? – Әрине болмайды. Анасының жылына мына тұрған жерден қызы келмесе, туған күйеу баласы келмесе қалай болады? – Сен бәрін қой да, кейін қайт! Мұнда тығыз шаруа боп тұр. – Ойбай, қайта алмаймын Әбеке! Айнабұлақтан өтіп бара жатырмыз. – Өй, сен де әбден қайынсақ боп апсың ғой. Осыны айтты да Әбекең ашуланып, телефонын өшіре салды. Кешкілік Алматыға келе салып Әбекеңе телефон соқтым. – Әбеке, мен әйелімнің анасының жылына бармай орта жолдан қайтатындай қандай тығыз шаруа шығып қалып еді. – Түскі тамаққа Бәйкен Әшімовті кемпірімен қонаққа шақырып едім. Солардың қасында әңгімелесіп отырсын дегенім ғой.

* * *

Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр боп тағайын­далғанда Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз оны құттықтап шығу үшін арнайы Астанаға келдік. Кабинетіне кіріп, қолын қысып құттықтап, қызметің баянды болсын деп тілек айтып жатырмыз. Мен қалтамнан екі бес мыңдық теңге шығарып, «екі қалтаңа екі бес мыңдық» деп әзілдеп көрімдіктің ырымын жасадым. Қасымда тұрған Әбекең: – Біреуі менің атымнан, - деді ешқандай әзілсіз.

* * *

Ертесін Алматыға қайтпақ боп жолға жиналып жатыр едік Иманғалидың көмекшісі Жүсіпбек Сұлтанмұратов телефон соқты. – Дәуке, Алматыға қашан қайтпақсыздар? – Бүгін, кешкі пойызбен. – Онда билеттеріңізді өт­кізіңіз­дер, не маған бере салыңыз­дар. Кешкі сағат сегізде Имекең өзінің самолетімен Алматыға бара жатыр. Әбекең екеуіңізді аэро­портқа әкел деп маған тапсырма берді. Алматыға Имекеңнің самолетімен барасыздар. Мынадай ұсынысты қуана қарсы алдық. Аэропортқа келдік. Самолетке отырдық. «Ту-54» авиалайнерінің бортында бес-алты-ақ адамбыз. Иманғали келді. ол салонға кірген бетте борт радиоузелінен: «Құрметті премьер-министр! Борт командирі мен экипаж тобы Сізді «Ту-54» авиалайнерінің бортында көргеніне қуанышты. Сапарыңыз сәтті болсын!» деп хабарлады. Сәлден соң бәріміз шайға отырдық. Шай іше бергенде Әбекең костюмін шешті де «ар жағыңдағы киім ілгішке іле салшы» деп костюмін Исанғалиға берді. Иманғали костюмді алып, дастарқан үстінде көтеріп тұрды да: – Дәке, мына костюмге қараңызшы! Әбден тозығы жеткен, бір бүйірінде үш бұрышты жамауы бар. мынадай костюмді Астанаға киіп келмек түгілі, далаға да киюге болмайды, - деп ренжігендей кейіппен костюмді киім ілгішке іліп қойды. – Бұл кісідей әпендені көрген жоқпын, - деді Иманғали палау жеуге кіріскен кезімізде. – Мен Брюссельде өтетін ЮНЕСКО-ның тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі конференцияға келген болатынмын. Әбекең «Соңғы парыз» романының француз тілінде шығуына байланысты Парижде жүрген. «Ақыры Европада жүр екенсіз, Брюссельге келе салыңыз» дедім де елшілік арқылы шақырту жіберткіздім. Ол Париждегі баспадан машина алып,Брюссельге Конференциядан бір күн бұрын жетіпті. Екеуміз елшілікте жолықтық. Қалай болса солай киіне салған. Үстіндегі костюмі әлгі мыж-мыж. Ал шалбарының санындағы алақандай жамау мен мұндалап адырайып тұр. Жыным келді. «Сіз Брюссельге арық қазу үшін келдіңіз бе, әлде халықаралық конференцияға ма?» - деп біраз ұрыстым. Сөйттім де Брюссельдегі Сауда палатасының бастығы Берлин Иришевті шақырып алып: «Мына кісіні шиштай киіндір. Аяғына туфли, үстіне костюм-шалбар, ақ көйлек, қара голстуг сатып ал!» - деп тапсырма бердім. Олар магазиннен кеп, алған киімдерін Әбекеңе кигізіп тұрып көрсетті. – Мәне, енді нағыз делегат болдыңыз, - деп мақтап қойдым. – Қара костюм, ақ көйлек, қара туфли сізге керемет жарасады екен. – Ал, осының аяғы немен бітті дейсіздер ғой? Конференцияға Әбекең баяғы мыж-мыж, жамау шалбармен келіп тұр!

* * *

Әбдіжәміл Нұрпейісов ешқашан мерейтойын өткізіп көрмеген жазушы. «Әр он жыл сайын қартайып бара жатқанның несі қуаныш? Одан да құдайдан өмір сүріп, рахымы түсіп берген өмірін дабыра қылмай тыныш өткізу керек қой. Той үстінде жұрт не айтады? Мақтайды, мадақтайды. Жоқты бардай, барды нардай ғып көрсетіп, қайтып жерге түсуің қиын аспанға көтереді. Бұл жөнінде Пушкиннің не дегенін білесің бе? «Тьмы низких истин нам дороже, Нас возвышающих обман». Тауып-ақ айтқан «сукин сын» «Ай да Пушкин, ай да сукин сын!» деп «Борис Годунов» трагедиясын бітірген кезде өзін-өзі риза боп осылай айғайлап жіберген ғой. Қарап тұрсам, Абай екеуінен айтылмаған сөз қалмапты. Пушкиннің әлгі айтқанындай бос мадаққа бой алдыра бермей, Құдайдың көрсеткен әр күніне, әр жылына қанағат етіп, тыныш өмір сүру. Кенет Әбекең «Ха!» деп бір күліп алды да: – Менің Құдайдан қалай өмір сұрайтынымды білесің бе? – дегені. – Ойбай жоқ! Айтыңызшы! – Жұрттың бәрі Құдайдан ұзақ өмір сұрайды. Әр жылдың аяғында, 31 декабрь күні Алла тағалам адамдардың өмір сұраған арызын қарайды екен. Періштелері кімнен өтініш бар, кім қанша жыл сұрайтынын айтып тұратын көрінеді. – Ал, кімнен қандай өтініш бар? кім қанша жыл сұрайды? – Қазақстаннан Пәленшеев дегеннен арыз бар. – Ол қанша сұрайды? – Он бес жыл. – Көптеу екен. Бесеуін қысқарт. Ал тағы кім бар? – Түгеншеев дегеннен. – Ол қанша сұрайды? – Он жыл. – Бұрын он жыл беріп едік қой. Қайта-қайта бере береміз бе? Өмірге келуге өтініш берген басқалар толып тұр. Оны алайық та, орнына басқа адам жіберейік. Басқа кімдерден арыз бар? – Әбдіжәміл Нұрпейісовтен. – Иә, ол қанша сұрайды? – Бір жыл. – Бір жыл болса бере салайық. – Міне, жұрт сияқты құдайдан он жыл, жиырма жыл сұрамай, жыл сайын бір жыл ғана сұрап алам. Қанағат дегенді құдай да құрметтейтін болуы керек. Құдайдан жыл сайын бір жыл сұрап 200 жылға жақындап қалдыңыз, Әбеке! Қанағатшыл жыл сұрауыңыз басқаларға да жұғысты болсын!

* * *

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» романы Америкада басылып шығып, ұлттық брендке айналғанын Астанада атап өтіп, аяғы шағын мерекеге ұласты. Мәскеуден келген қонақтар бар, қонақ үйде үш күн жатып тойладық. Әбекеңнің көңіл-күйі көтеріңкі болғаны сондай, мәскеулік қонақтарға қосылып вискиден тәп-тәуір ұрттап жүрді. Алматыға қайтатын күні ісі өрге басып жүрген, өзіміз өте құрметтейтін, әдебиетті ерекше бағалай білетін, Әбекеңнің кітаптарының Америкада басылып шығуына тікелей демеушілік көрсеткен жігіттің үйінде қонақта болдық. Әбекең ешкімге сөз бермейді, сөзін бұзған адамды бетінен алып, біраз жерге апарып тастайды. Соны білген басқа қонақтар Әбекенің ұзын-сонар әңгімесін үндемей тыңдауға көндігіп алған. Осындай ұзын арқау әңгіменің орта тұсында әрі қарай тыңдай беруге шыдамым жетпей ол кісіге қатаңдау үнмен ескерту жасап едім, ол кісінің сөз дзодының астында қалдым. «Ты, южная морда! Лондонда пьесаларың қойылып, кітаптарың шығып, зазнался, понимаешь!» деп, арға тиетін біраз сөздер айтып тастады. Сонан соң үй иесінен машина сұрап алып, әлі ерте болса да әйелім екеуміз аэропортқа кеттік те қалдық. Арада 7-8 ай өтті, Әбекеңмен хабарласпаймыз. Тіпті, кейбір жиын-тойларда бір-бірімізді көре қалсақ амандаспай өте шығатын болдық. Сөйтіп жүргенде ауылда үлкен ағам Набиял 79 жасында қайтыс болды. Ауылға барып қайтқан күннің ертесінде үйге Әбекең кіріп келді. қасында Смағұл Елубаев және ПЕН клубтың президенті Бигелді Ғабдуллин бар. есік алында тұрып үнсіз көрістік. Залға кіріп жайғасты. Ақсақал ретінде Әбекең сөз бастады. – Осы уақыттың ішінде мен жалғызсырап қалдым. Сенің орның бөлек екен. Көңілімнің бір қабырғасы құлап қалғандай сезімде жүрдім. Осы бойы сөйлеспей кетеміз бе деп уайымдап, кездесудің ретін таппай жүр едім. Ағаңның қайтыс болғаны жақсы болды! Иманды болсын!

* * *

Бір күні Әбекен жұмыс кабинетіме келді де, амандық-саулық сұрап бола сап телефонға отырды. Әлдебір номерлерді теріп жатыр, теріп жатыр. Ар жағына қоңырау бармаған «Түһ» деп алып қайта тереді. Осылайша телефон­мен арпалысып жарты сағаттан астам отырды. – Әбеке, осынша уақыт телефонды босатпайтындай қайда звондап жатырсыз? – Ой, мына бір номер! Кешеден бері звондаудамын. Содан бері «абонент бос емес, немесе байланыс аясынан тыс жерде» деп бір әйел сампылдайды да тұрады. Осыны айтты да телефон дискісін тағы айналдыра бастады. Тағы да естігені сол жауап. – Әбеке, ол қандай номер? Маған беріңізші, мен көрейін. Кешеден бері номермен арпалысып жүйкесі жұқарған болса керек, ол дірілдеген саусағымен «қырсық» номерді көрсетіп, блокнотын маған «уһ» деп тапсырды. Көрсеткен номеріне қарасам, Билайн компаниясының «333» санымен басталатын номер екен. «333» санының «777» боп ауысып кеткелі қай заман! Әштей күліп алдым да, «333» -тің орнына «777» алып, номерді түгел теріп шықтым. Ар жақтағы телефонға алғашқы зуммер барған кезде Әбекеңе телефонды бере қойдым. «Әлөу, әлөу» деп сөйлесті де кетті. Сөйлесіп болған соң маған ұзақ уақыт тесіле қарап отырды да: «Сенің саусағыңның сиқыры бар шығар. Екі күн бойы ала алмаған номерді қалай бір тергеннен ала қойдың? Онда, мына бір номерді алып берші. Ол да ылғи занят». Мен ештеңе айтпастан ол номермен де жалғастырдым. Әбекен таң қалумен болды. Біраз күн осылай таңқалып жүре тұрсын деп алғашқы кодтық цифрлардың өзгеріп кеткені туралы ештеңе айтқан жоқпын.

* * *

Осыдан он шақты жыл бұрын «РНН» деген құжат пайда болған. Онсыз машина алу, үй сатып алу, тіпті, банктен есеп ашуға болмайтын. Сондай бір операцияға қажет болған ба, қалалық әкімшілік сұратқан соң Әбекен әбіржіп жүріп сондай құжатты алыпты да, жол-жөнекей менің жұмыс орныма келіпті. Бір жапырақ қағазды алу үшін әбден әбіржіп, ерні кезеріп, шөліркеп-ақ қалыпты. Қабылдау бөлмесінде отырған қыздарға шай алдырып, төрт-бес кесесін ішіп, маңдайы жіпси бастаған соң: – Айдын-күннің аманында әбігерге түсіп қайдан жүрсіз? – дедім. – Қалалық әкімшілік «ыр-ын-ын» сұратқан соң, сол қағазды бүгін ғана алдым. – «Ыр-ын-ын» емес «РНН» шығар? Эр-эн-эн. – Жоқ, «ыр-ын-ын» – Оны «ыр-ын-ын» демейді «РНН» дейді. – Менен «ыр-ын-ын» сұраған. – Сонымен қандай қағаз алдыңыз, көрсетіңізші. Әбекен өойын қалтасынан шығарып, алған құжатын көрсетті. Барша жұрттың қолында жүрген кәдімгі «РНН» деген салық комитетінің құжаты. – Әбеке-ау, бұл «ыр-ын-ын» емес, бәріміздің қолымызда бар «РНН» ғой. – Жоқ, «ыр-ын-ын» Бәріне көзі жетіп тұрса да, айтқанынан қайтпайтын баяғы Әбекең! Зейнолла Қабдолов айтқандай – «суырылмайтын қазық».

Олжас Сүлейменов

Олжас Сүлейменов Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы боп жүргенде біраз жазушылармен қырғи-қабақ халде болатын. Қаламгерлер арасында «Олжас қазақша білмейді. Одақ төңірегіне өңкей орыс тілді ақын-жазушыларды жинап алды» деген сияқты пікірлердің етек алып тұрған кезі. Осындай пікірді ұстанып, Олжастың бұл бағытына қарсы пікір айтушылардың бірі – Хамит Ерғалиев болатын. екеуі кездесе қалса амандаспай өте шығатын жағдайда еді. Бір күні Жазушылар одағының бір жиынында Хамит Ерғалиевті президиумнан, Олжастың дәл қасынан, бір-бірімен күле сөйлесіп отырғанын көрген залдағы бір жазушы: – Екеуіңнің татуласқандарың жақсы бопты, енді ұрыспайсыңдар ма? – деп әзіл-қалжыңы аралас сұрақ қойып еді, Олжас күліп тұрып: – Иә, енді ұрыспаймыз. Он теперь хамить не будет, - дегені. Таң қаларлығы сол, бұл сөзге Хамаң ренжіген жоқ. Жаппар Өмірбеков, Жайсаңбек Молдағалиев және Оспанхан Әубәкіров Кеңестер одағы кезінде Жазу­шы­лар одағы жанынан құрылған әдебиетті насихаттау Бюросы деген дирекция жұмыс істейтін. Оның басты міндеті – аты айтып тұрған­дай, қазақ әдебиетін жұртшылыққа насихаттау, жазушылардың жаңа шығарма­ларын және өз шығар­малары жайлы айтып, әрі өздері де өмір көріп, еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігімен танысу болатын. Алматыға қайтып келген соң әр жазушы «Совет әдебиетін ел ішінде насихаттағаны үшін» 400-500 сом ақша алатын. Ол кезде бұл едәуір қаржы болатын еді. Алматының қапырық ауасынан шығып, ел аралап жүрген ақын-жазушыларымыздың өздері де желпініп, емін-еркін демалып қайтушы еді. Сондай сапарлардың біріне Жаппар Өмірбеков, Оспанхан Әубәкіров, Жайсаңбек Молда­ғалиев үшеуі Арқа өңіріне аралауға шығыпты. Күнде кешке кездесу. Кездесуден соң аста-төк қонақ асы. Елге шыққан соң жігіттер еркінсіп, ащы судан да ұрттаңқырап жүріпті. Әрі ауылдың жігіттері де ақын-жазушы ағаларымен кездескен­деріне қуанып, өздеріне де еркіндік тиіп, «алып қойдың» астына аса береді емес пе? Жайсаңбек пен Оспанхан «ақ қып алып қойыңыз» деген ауыл жігіттерінің «өтінішін» бұлжытпай орындауды жиілетіп жіберген соң, ертесіне Жаппар Өмірбеков екеуін оңаша үйге шақырып алып, жер-жебірлеріне жете ұрысыпты. Ол кісі – Жазушылар одағының парторгы. Оның сөзін тыңдамасқа болмайды. Келесі жолы мұндай сапарға жібермей қоюлары мүмкін. Аста-төк дастархан үстінде ащы судан ішейін десе ала көзімен қарап Жапекең отыр, ішпейін десе, жігіттер кеу-кеулеп қоймай барады. Жапекеңнің көзін ала бере екеуі де кезегін жібермей сілтеп сала беріпті. Ертесіне Жапекең ашуланып, екеуін де Алматыға қайтарып жіберемін деп қорқытыпты. «Ішпеңдер» деп бізге ұрыс­қанын қалай қойдырамыз бұл кісінің» деп екеуі ұзақ ақыл­дасыпты. Оспанхан айтыпты «мен оның жолын білемін» деп. «Қалай?». «Ертең түскі астан кейін үшеуміз тігулі үйдің іргесін ашып тастап, демалуға жатамыз. Жапекеңнің әдеттегідей кеудесін ашып тастап, төсін шапаттап рахаттанып жатқанда мен ол кісінің екі қолын ұстап тұрамын, ал, сен, аузың үлкен ғой, екі емшегінен солпылдатып сор. Сол кезде о кісінің жанұшырып даусы шығады. Еркектің емшегін еркек емгенде өте қиын болады екен. Мен мұны біреуден естігем». Ертесіне киіз үйдің іргесін түріп тастап, үшеуі де демалуға кірісіпті. Жапекең болса «Қайран арқаның ауасы-ай!» деп төсін шапаттай бастағанда Оспанхан Жайсаңбекке ым қағыпты да, өзі бейғам жатқан парторгтың екі қолын жоғары қайырып, қимылдатпай ұстап тұрыпты. «Өй, не болды! Естерің дұрыс па!» деген Жапекеңнің сөзін тыңдамай Жайсаңбек шұғыл түрде «іске» кірісіп кеп кетеді ғой. Жайсаңбек жайындай аузымен Жапекеңнің екі емшегінен кезек-кезек солқылдатып сорғанда Жапекеңнің жан даусы шығып айғайлай бастапты. Сол кезде бас жақта тұрған Оспанхан: – Бізге енді ішпе деп айтасыз ба? Алматыға қайтарып жіберем деген сөзіңізді қоясыз ба? – депті. Жанын қоярға жер таппай шыңғырып жатқан Жапекең: – Қойдым! Қойдым! Маған десеңдер шелектеп ішіңдер. Тек мас болмасаңдар болды! – деп уәде беріпті. Еркіндік алған екеуі Жапекеңе жалтақтамай тым еркін көсіліп бара жатқан бір сәтте Жапекең: – Әй, әй, байқаңдар! – деген кезде Жайсаңбек Жапекеңнің төсіне қарапты. Жапекең болса: – Жарайды, жарайды! Қойдым, - депті момақан дауыспен.

Ғафу Қайырбеков

«Қазақ әдебиеті» газетінде Сырбай Мәуленов бас редактор, Ғафу Қайырбеков редактордың орынбасары боп қызмет істеп жүрген кез еді. Ғафекең іс-сапар­мен облыстарды аралап жүргенде Орталық Комитет Сырағаңды да, орынбасарын да қызметтен босатыпты. Іс-сапардан қайтып оралған Ғафекең одақтың бір жина­лысында мынадай бір жақты шешімге наразылық білдірген Ғафекең өзіне тән қызуқан­дылық­пен сөйлеп-сөйлеп келіп: - Бас ре­дак­торды алса алсын, ал, орын­басардың не кінәсі бар? орынбасар деген ойын ба екен, баспен бірге кететін мойын ба екен, - деп жұртты бір күлдіріп еді.

Көпен Әмірбек

Мұхтар Шахановтың Шыңғыс­хан туралы жақсы пікірде емес екені мәлім. Көптеген мақалалары мен сұхбаттарында ол Шыңғыс­ханды «соғысқұмар», «қанышер» деп жазғырған пікірлерімен Көпен Әмірбек келіспей, өзінің мақала­лары мен күлдіргі әңгімелерінде ақын ағасының атына бір-екі рет наз айтқан екен. Оған ренжіген Мұхаң Көпенге телефон соғып: – Әй, бала, сен мені неге сынай бересің! – десе, Көпен: – Ал, сіз менің жездеме неге тиісе бересіз! – депті.

* * *

Көпен Әмірбек бір ауылдасымен шай ішіп отырып: – Сіз екеуміз туысқанбыз, – депті. – Қайдағы туысқанбыз? Мен Қожамын, сен Қоңыратсың! – Сіз екеуміз «Қо» деген жерге шейін туысқан боп келеміз.

Дулат ИСАБЕКОВ