Жетісуда жемқор көп пе?
Жетісуда жемқор көп пе?
218
оқылды
Желмаясымен желіп жүрген Асан қайғы Жетісу өлкесіне келгенде желкесі кейін тартып, алға басқысы келмей қалды. Астындағы желмаясынан көрейін десе, онысы иесінен қолдау күткендей жан-жағына көбік шаша қарап, шабыс тілейтіндей. Асан қайғы түйесін тебінбей тым-тырыс тұрып қалуынының сырын ұға алмай, алдына күн салып қарады. Сағым арасынан бұлдыраңдап қарайған көрінді. Ол сол қарайғанның жақындағанын күтті. Келе жатқан Алдаркөсе екен. – Асан ата, ассалаумаалеукум! Қайдан жүрсіз? Беталысыңыз қайда? Желмаяңыз жарау екен. Бірақ, түріңіз түтігіп тұр ғой,- деп Алдекең ағасынан сыр тартты. – Алдар-ай! Сенің де жүрмейтін жерің жоқ. Уа, не көріп, не білдің? Әлденеден қашып келе жатырсың ба, жүрісің суыт қой,-деп Асан қайғы желмаясын шөктірді. – Айтпаңыз, ата, сұмдық! – Сұмдығы несі, тағы? – Сұмдық болғаннан соң сұмдық болады да. – Дұрыстап түсірдірші өзің. Бұл не қылған сұмдық? – Мына Жер жәннаты деген соң Жетісуға бармаймын ба? Жетісуға барсам, жетісе қаламын деп ойлап едім. Жетісе алмадым. Есесіне кетісіп келемін. – О, неге? Кетіскені несі? Жетіскені несі? Асан қайғы аса таяғына сүйеніп, Алдарға тікірейе қарады. – Айтайын, ата! Айтуға аузым бармай тұр еді, енді сіз сұраған соң амал нешік? Жетісуда жай жүрмей, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің Алматы обысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаевқа жолыға қалмаймын ба? Оның сөзіне құлақ асып отырсам, Жетісуды жемқорлық жайлаған сияқты. Міне, мысалымыз. Өткен жылдың 12 айында 101 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Соның 75-і сыбайлас жемқорлық бойынша дәлелденген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 166 адам жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 23 адам әртүрлі дәрежедегі лауазымды басшылар екен. Былтыр 102 адам сотталыпты. Соның ішінде 87 адамға 250,4 миллион теңгеден астам соманың айыппұлы салынған. Сегіз адам бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар тағы сегіз адамның мүлкі тәркіленіп, олар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған. Қалай, Асан ата, сұмдық емес пе бұл?-деп Алдаркөсе кемсеңдеп қоя берді. – Оу, мұның не?-деп Асан ата сасып қалды. – Киелі деген жерден күйе шығып жатқан соң көңілім босап кетті,-деп Алдар көзін сүртті. – Тағы бір дерегім бар,-деді Алдар солығын басқан соң. – Иә, ол не дерек?-деп Асан ата Алдар інісіне құлақ түрді. – Өткен жылы аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залал көлемі 3,9 миллиард теңгеге жетіпті. Антикордың араласуымен 3,8 миллиард теңге кері қайтарылыпты. – Рас па? Антикордағылар адал жұмыс істеп жатыр екен ғой,-деп Асан ата жадырайын деді. – Бір жаманы-мемлекет қазынасына ойланбай қол салатындардың қатарында лауазымды басшылар көп, ата. Мысалы, соңғы жылдар бедерінде мемлекетте адал болуға ант бергендердің ұсталу оқиғасы күрт көбейген. 2020 жылы бір жемқорларды құрықтау операциясын Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен тобы жүзеге асырыпты. Осы оперцияда Алматы облыстық білім басқармасының экс-басшысы Майгүл Омарова, осы басқарманың мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Бақыт Қабдолданова және аймақтық білім саласындағы жаңа технологиялар ғылыми-практикалық орталығының директоры Арапби Меңдібаев қамауға алынған. Сондай-ақ бюджет қаржысын игеру кезінде заңсыздыққа жол беріп, пара бергені үшін бірнеше кәсіпкер күдікке іліккен. Ал, күдіктілер аса ірі көлемде пара алған. Сыбайласқан топ облыстық бюджет қаржысына компьютерлік техника сатып алу кезінде жеке кәсіпкерден 37 650000 теңге сыйақы талап етіп, оның бір бөлігін қолма-қол ақша түрінде алып жатқан кезінде ұсталған. Сонымен бірге Талғар ауданының экс-әкімі Серікжан Ерекешов пен оның қол астындағы қызметкерлері антикордың қолына түскен. Япырай десеңші, сыбайлас жемқорлыққа қатысты топ-тобымен ұсталған қызметшілер де бар. Айталық, Талдықорған қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы өзінің қарамағындағы бас маманмен сөз байланысып, кәсіпкерлерден пара алған. Олар карантин шаралары күшейтілген кезде Талдықорған қаласындағы мейрамханалар мен жеке сауда өкілдеріне ашық жұмыс істеуге рұқсат беріп, әкімшілік айыппұлдан құтылуға көмектескен. Жебірлер осы қызметтері үшін кәсіпкерлерден 20 мың теңгеден бастап, 270 мың теңгеге дейін пара дәметкен екен. Осылар әшкере болыпты,-деп Алдаркөсе жүрелеп отыра кетті. Ол енді Жетісудағы жемқорлықтың көбісі мемлекеттік сатып алу жүйесіне тиесілі екенін айтпақ еді, Асан ата ашудан булығып отыр екен. Осы кезде Асан атаның желмаясы күрт кері бұрылып, жүруге оқталды. Асан ата оны шөгеріп, мініп алды да кері қайтты. «Жер жәннаты-Жетісуым!» деп еміреніп келе жатқанында алдынан шыққан мына хабар қабырғасына қатты батқан болар, түйе үстінде тұнжырап бара жатты. Алдар «атаны қайдан ғана кезіктіріп едім?» деп өкініп қалды.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ