Теннис орталығы ашылды
Теннис орталығы ашылды
Өскемендегі спорт нысандарының қатары тағы бір ғимаратпен толықты. Кеше облыс орталығында үстел теннисі орталығы ашылды. Спорттық нысан барлық әлемдік стан­дартқа сәйкес келеді, жоғары дең­гейдегі халықаралық жарыстарды өткі­зуге қауқарлы. Елу сегіз үстелі бар орта­лық­та болатын сайыстарды 300-ге жуық көрермен тамашалай алады. «Мұны ор­талық қана емес, теннис сарайы десе де болады. Алдағы уақытта бұл жерде Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты сияқты жоғары деңгейдегі сайыстарды өткіземіз деп ойлаймын. Білікті бапкерлер тарта­мыз. Ең бастысы, спорттық нәтиже емес, саламатты өмір салтын ұстану. Енді Өскеменде нағыз спорттық кластер пайда болды, қала тұрғындарының кәсіби және әуесқой спортпен айналысуға мүмкіндігі бар. Саламатты өмір салтын насихаттауға, біздің облыста үстел теннисін дамытуға, танымал етуге ықпал ететін және спорт­тың осы түрінен болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік беретін заманауи үстел теннисі орталығының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Да­ниал Ахметов үстел теннисі орталығының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Үстел теннисі федерациясының пре­зиденті Данияр Абылғазиннің айтуынша, елімізде алты үстел теннисі сарайы бар. Өскемендегі теннис орталығы солардың ішіндегі ең үлкені. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спорт­ты дамыту жайын үнемі айтып жүреді. Мұндай орталықтар елімізде көп болуы керек деп ойлаймын. Бұл теннис орта­лығының ерекшелігі, медициналық қыз­мет көрсетуге мән берілген. Әрине, алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біз өз та­рапымыздан бапкерлердің біліктілігін арттыруға көмектесеміз», – дейді ол. Шығыс Қазақстан облыстық үстел теннисі федерациясының президенті Александр Тойбазаров орталықта бір мезетте 220-250 адам жаттыға алатынын айтады. Бірінші қабатта кез келген тұр­ғынға дайындық жүргізуге арналған 40 үстел, екінші қабатта жарыстар өткізі­ле­тін 18 теннис үстелі қойылған. «Мұнда жас ерекшеліктеріне қарамастан, спорт­пен айналысуға болады. Тренажер залы дене қыздырудан бастап төзімділікті арт­ты­рып, түрлі бағытта шеберлікті шың­дауға мүм­кіндік беретін жабдықтармен қам­тыл­ған», – дейді Александр Тойбазаров. теннис орталығы Орталықтың ашылғанына ерекше қуанған жанның бірі – Юрий Шурев. Қария 82 жаста. «64 жасымнан бері осы спорт түрімен шұғылданамын. Қалада менен жасы үлкен теннисші жоқ та шы­ғар. Бұған дейін кейде жертөледе ойнап жүретінмін. Енді кең сарайдай ғимаратта ойнайтын болдық. Қуаныштымын, зал керемет екен», – дейді қарт теннисші. Үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Данил Пактің пікірінше, тен­нис орталығының Шығыста ашылуы заң­ды. «Шығыс Қазақстанның теннис­шілері биік белестерді бағындырып жүр. Облыс құрамасы екі жыл қатарынан Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Мәселен, өскемендік Денис Жолудев – екі дүркін ел чемпионы, спорт шебері. Семейде Сағынтай Құрманбаев деген бозбала бар. Жас болса да, спорт шебері атанып үлгерді. Ұлттық құрама мүшесі. Бо­лашағынан зор үміт күттіретін спорт­шы. Бұл орталық осындай талапты жас­тардың қатарының көбеюіне үлес қосады деп ойлаймын», – дейді Данил Пак. Орталықта алдағы уақытта үстел теннисінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылады, оған кәсіби жат­тықтырушылар тартылады. Ерекше атап өтерлігі, ғимаратта спортшыларды оңал­ту және физиотерапияға арналған ең за­манауи жабдықтармен жарақталған медициналық диспансер де орналасқан. Бұл жерде балалар мен ересектер ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар адам­дар­дың да осы спорт түрімен шұғылдануына мүмкіндік бар.

Шығыс Қазақстан облысы