Автотұрақ әкімдікі, баға ше?
Автотұрақ әкімдікі, баға ше?
Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі 2016 жылы енгізілген. Содан бері бұл жүйенің басынан дау арылған емес. Басқа-басқа, тұрғындар бұл жүйе жекенің қолына өтіп кеткеніне наразы. Ал біршама уақыт бұрын дәл осы ақылы тұрақтардан миллиардтап пайда тапқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылары құрықталды. Қала меншігіне қайтарыл­ған автотұрақтардың ендігі жағдайы қалай болады? Алматылықтардың көкейінде жүрген осы сұрақтың жауабын табуға тырысқан едік.

Alan Parking әкімдіктің меншігіне өтті

Бұған дейін оңтүстік аста­надағы ақылы автотұрақтарға «Алматы спецтехпаркинг сер­вис» және Alan Parking компа­ния­лары иелік етіп келді. Нақ­тылап айтар болсақ, «Алматы спецтехпаркинг сервис» жа­уапкершілігі шектеулі серік­тестігі бірыңғай оператор ре­тінде қаланың 5 ауданындағы тұрақтарға иелік еткен. Бұл серіктестіктің 30 пайызы қала әкімдігіне тиесілі. Ал AlanParking жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3 ауданындағы ав­то­тұрақтарға қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай оператор ретінде таңдалған. Қазір то­лық­­тай жекенің қолында бол­ған компания басшылары үс­тінен қылмыстық іс қозғалған. Олар­ға қатысты бюджет қара­жатын ұрлау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жа­­тыр. Жақында серіктестік жүйе жүз пайыз қала меншігіне өтті. «Монополиясыздандыру және ықтимал шығынды өтеу мақсатында Алматы әкімдігіне компания иелерінен «Алматы спецтехпаркинг сервис» жа­уапкершілігі шектеулі серік­тестінің 70 пайыздық үлесі және Alan Parking жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің 100 пайыздық үлесін қала мен­шігіне қайтару туралы ұсыныс түсті. Алматы әкімдігі қолда­ныс­тағы заңнамаға сәйкес жо­ғарыда көрсетілген компа­ниялардағы үлестерді қайтару туралы тиісті қаулы қабылдады. Бүгінде ақылы тұрақ жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қаулыға сәйкес, ақылы тұрақтар қызметінен түскен барлық кіріс осы жылдың 25 сәуірінен бастап қала бюд­же­тіне түсіп жатыр», – дейді Ал­маты қалалық әкімдігінің бас­пасөз қызметі. Соңғы сәтке дейін қос ком­пания ақылы автотұрақтар есе­бінен жыл сайын орта есеп­пен 1 миллиард 400 миллион пайда тапқан екен. Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі қа­ладағы ақылы автотұрақтардың жұмысын ұйымдастыру жө­нінде бірыңғай оператор құруға кірісіп кеткен. Қала билігі бұл оператордың өз жұмысына тамыз айынан кірісетінін ха­барлады. Сондай-ақ ендігі жерде ақылы автотұрақтан түсетін қаржы қалалық тұрақ кеңістігін дамыту және көшелер мен аула­ларды абаттандыруға жұм­салады. Бұл жұмыстар арнайы тұжырымдама аясында жүзеге асырылмақ. Тұжырымдамада қа­лада көп деңгейлі авто­тұ­рақтар салуды да қарастырады.

Бағаның бағамы қалай болады?

Автотұрақтарға қала әкім­дігі иелік етеді деген ақпарат та­рағалы алматылық жүргі­зу­шілер тұрақтың бағасына алаң­даушылық білдіре бастаған. Алайда осыдан бірнеше күн бұрын ғана мәлімдеме жасаған қала әкімдігі бағаның бұрын­ғыша қала беретінін хабарлады. Осы мәселеге келгенде қала тұр­ғындарының пікірі қақ айы­рылды. Кейбір алматы­лық­тар жол жиегіне көлікті қойып кету бұрынғыдай тегін болға­нын құптайды. Енді бір топ жол жиегіндегі автотұрақтар ақылы болғанның өзінде оның бағасы біршама арзан­да­тыл­ғанын қалайды. «Бұл жердегі әкімдік пози­циясы түсінікті. Олар ақылы ав­тотұрақтар есебінен бюд­жет­ке түсетін қомақты қаржыдан айырылғысы келмейді. Рас, ақылы автотұрақтардан түскен пайда түптеп келгенде қаланың өзге де мәселелерін шешуге ба­ғытталатынын ұмытуға бол­майды. Сонда да болса ақылы тұрақтар әкімдіктің меншігіне өткендіктен оның бағасын қол­жетімді етудің тетіктері қа­растырылуы керек. Мәселен, жұмысқа келген адамның кө­лігі 8 сағат ақылы автотұрақта тұрады. Олар осы үшін күн са­йын 800 теңге көлемінде тө­лем жасауға мәжбүр. Бәлкім азаматтардың осы санаты үшін жеңілдігі бар айлық төлем жү­йе­сін енгізген жөн болар еді», – дейді экономист Мақсат Халық. Қоғам белсендісі Ғабиден Жәкей де тұрақтардың ақысын 50 пайызға дейін арзанда­тыл­ғанын қалайды. Сонымен қа­тар ол ақылы автотұрақтар жү­йе­сін енгізуде шетелдік тәжі­рибені ескеру қажеттігін айтады. «Ақылы автотұрақ ұғымы барлық елдерде бар. Бірақ олар­да төлемді жинаушы опе­ратор мемлекеттік болған жағ­дайда төлемнің жартысын ғана төлейді. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топқа жататын азаматтар автотұраққа көлік қойғаны үшін ешқандай ақы төлемейді. Мүгедектегі бар аза­маттар мен көпбалалы отба­сыларға да осындай жеңілдік жасалған. Ендігі жерде қала әкім­дігі аталған жүйені 100 па­йыз өз меншігіне алып жатқан сәтте дамыған елдердің тәжі­рибесіне сүйенуіне болар еді ғой», – дейді Ғ.Жәкей. Осылайша, Мемлекет ба­с­шысының монополия­сыздан­дыру бойынша берген тап­сыр­масына сай жекеменшіктегі автотұрақ қаланың коммунал­дық меншігіне өтті. Демек, әкімдік өз меншігіндегі ақылы автотұрақтағы баға саясатын қалыптастыруда оның эконо­микалық тиімділігімен бірге әлеуметтік ерекшелігін де ес­керсе құба-құп.

Алматы қаласы