«5:32»: мәселе сотқа жете ме?
«5:32»: мәселе сотқа жете ме?
356
оқылды
«5:32» уеб-сериалының желісін көпшілік Асқар Жалдиновтың атышулы қылмыстардың құпиясы туралы «Вне протокола» кітабымен байланыстырады. Оқып шыққандар «келесі бөлімнің қалай өрбейтінін алдын ала біліп отырасыз», – дейді. Бұл жай ғана сәйкестік пе әлде Salem social media ұжымы сценарий жазудың орнына ұрлаумен айналыса ма? Ал айна-қатесіз көшірілгенін айтқан кітап авторының Алишер Өтеевке өкпесі қара қазандай. Кім-кімді сотқа бермек?

СОТҚА ЖҮГІНГЕНІМДЕ БАЯҒЫДА-АҚ ЖЕҢЕР ЕДІМ

«Ұқсастық емес, алғашқы сериалдарынан-ақ кітаптан көшіріп алғандарын түсіндім» деп бастады әңгімені белгілі журналист Асқар Жалдинов. 2020 жылы жарыққа шыққан «Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» кітабы 608 беттен тұрады. Автор статистикалық деректер мен мұрағат материалдарын қолдана отырып, ең қорқынышты және резонанс тудырған қылмыстық істерден жинақ жасаған. Оқиғалар қылмыстарды ашу бойынша шұғыл-тергеу топтарының құрамында болған бұрынғы және қазіргі полиция қызметкерлерінің естеліктері бойынша жазылған. «Уеб-сериалдың қалай түсірілгенін, сценарийі қалай жазылғанын білмеймін. YouTube арнасына жүктелгеннен кейін достарым, таныстарым, оқырмандарым маған хабарласып, «маньяктар» жайлы бөлім кітаптағы оқиғаға қатты ұқсас екен деп жатты. Кейбіреулер «ешкімге айтпай, сериал түсіріп жүрсің бе?» деп ренжіді. Артынша сериалды өзім де көріп шықтым, көшіріп алғандары көрініп тұр», – дейді Асқар Жалдинов. Тіпті, кейіпкерлердің кейбір сөздеріне дейін дәл сол күйінде берілген деп отыр. «Еңбегің болғаннан кейін бірден танисың. Көзім жеткеннен кейін Salem social media басшыларына хабарласып, «жігіттер, мына істегендерің дұрыс па?» деп сұрадым. Олар Алишер сұхбатында айтқандай, «кітаптан алмадық, ашық дереккөздерін пайдаландық. Архивтерді ақтардық», – деді. «Мына оқиғаны қай мұрағаттан таптыңыз, қай полиция қызметкерімен кездесіп, жазып алдыңыздар?» десем, кібіртіктеп нақты жауап бере алмады» деп ашынады. Ақыр аяғында режиссер Алишер Өтеев оқиғаларды Nege.kz деген сайтынан көшіріп алғандарын айтыпты. Алайда кешірім сұраудың орнына «кітабыңызға еш қатысымыз жоқ» деп келіспепті. «Соны естігенде күлдім. Себебі Nege.kz пен «Время» газеті кітабымның үзінділерін жариялауға заңды түрде рұқсат алған. Әр мақаланың астында аты-жөнімді көрсетіп отырды. Басқа жігіттер кейіннен хабарласып, «маньяктар» жайлы оқиғаларды кітабымнан көшірілгенін растады», – дейді Жалдинов. «Дәлеліңіз бар болса, көшірілгеніне көзіңіз жетіп тұрса, неге сотқа жүгінбедіңіз?» десек, көркем туынды көптің көзайымына айналғандықтан, атына кір келтіргім келмеді деп жауап берді. «Біріншіден, мойындаймын, керемет түсірілген. Екіншіден, мен біреуді сотқа сүйреп, дауласып жүретін адам емеспін. Өз жолым бар. Бірақ еңбегімді рұқсатсыз пайдаланғандары үшін қатты ашуланғаным рас. Сотқа арызданбайтынымды айтып, ар-ұяттарыңа тапсырдым. Өзім үшін қандай адамдар екенін көкейіме түйіп алдым. Мен барлық жерде шындықты айтып жүрмін. Қазір мойындап, кешірім сұрағандарының қажеті қанша? Менің олармен байланысым жоқ, байланысқым да келмейді. Сотқа жүгінгенімде баяғыда-ақ жеңіп кетер едім» деп отыр А.Жалдинов.

КІСІ ЕҢБЕГІН ИЕЛЕНІП, КІСІМСІДІ МЕ?

Мәселенің анық-қанығын білу үшін «5:32» уеб-сериалының режиссері, продюсері әрі сценарисі Алишер Өтеевке хабарластық. «Ол кісі, хайп іздеп жүрген болар, хайп іздей берсін. Менің дауласып жүруге уақытым жоқ. Түсірілімнен артылмайды» деп қысқа қайырды. Бұған дейін Өтеев газетімізге берген сұхбатында сериалдың Асқар Жалдиновтың кітабына қатысы жоғын және өз еңбегімен жазғанын айтқан еді. Айта кетерлігі, уеб-сериал кітапқа екінші ғұмыр сыйлапты. 2020 жылы кітап дүкендеріне таралғанда тез сатылып кетіп, авторы қайта басып шығарамын деп ойламаған екен. Алайда былтыр «5:32» шыққаннан кейін сұраныс артып, ұмтылып кеткен кітабын есіне салыпты. «Бұл кітапты қайта басып шығару ойымда жоқ еді, тіпті екінші кітабыма кірісемін деп ойлаған едім. Сұраныс көбейген соң бір ай бұрын екінші таралымы баспаханадан шықты. Қазір «Меломан» кітап дүкендерінде сатылымда», – дейді А.Жалдинов.

ҰСЫНЫС АЙТСА, НЕГЕ КЕЛІСПЕСКЕ?!

Жалпы, елімізде кітап шығару – авторды пайдаға кенелтуі екіталай. Себебі баспахананың қызмет құны өте қымбат. Екіншіден, отандық кітаптарға сұраныс табыс түсіретіндей деңгейде емес. Аз таралыммен шығатындықтан, сатылымда көп кездеспейді. «Мәселен, салықты да қоспай есептейік, бір кітаптың өзіндік бағасы – 4 мың теңге. Ал «Меломан» дүкендер желісі оны 5 990 теңгеден сатып жатыр. Сонда үстінен 2 мың теңгеге жуық пайда көреді. Бұл – таза кітап дүкенінің табысы. Ал менің де шығыным бастан асады. Логистика жағына, дизайнерлерге, редакторларға, заңгерлерге өз қалтамнан ақша шығарып төледім. Қосымша құн салығын қосыңыз», – дейді А.Жалдинов. Бұл кітапты жинақтауға бір жылдан аса уақыт кетіп, тағы екі жылда толығымен аяқтаған. Қазір «Вне протокола» желісімен фильмдер түсіруге ұсыныстар түсіп жатқанын айтып қалды. Демек, бұл кітап басқа да көркем туындыларға арқау болуы мүмкін. «Егер жақсы ұсыныс болса, кино түсірілсе, қарсы емеспін. Өзім де түсірілімге қатысып, қосымша тың деректерді бере аламын. Себебі 100-ден аса қылмыстық істі зерттедім, бірақ кітабыма соның 40 пайызы ғана енді», – деді ол. Бүгінде Асқар Жалдинов келесі кітабына кіріскен. Оның да бағыты біріншісіне ұқсас, қоғамның көлеңкелі тұстарын қалың оқырманға паш етеді. Белгілі журналист келеңсіз жағдай, тағы қайталанса, сотқа жүгінуге шешім қабылдаған. Біреудің адал еңбегіне жармасып, оны иелеп алу – әділетсіздік. Плагиат – өнерге қиянат. Әрине, шындық авторларға мәлім. Дегенмен егер Асқар Жалдиновтың айтқандары рас болса, фильм түсіреміз деп, сайтта тұрған материалды көшіріп алу – аз уақытта біраз бедел жинап үлгерген Salem Social Media-ға сын. Екінші, «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – дейді хакім Абай. Бір қазанда қайнап, бір саланың нанын жеп жүргендіктен, араз болуы оқырман мен көрерменге ауыр. Керісінше, екі мықты біріксе, көптің көзайымына айналатын көркем туындылар да жарық көретіні сөзсіз. Үшінші, қоймаларда қаланып, сөрелерде тығылып жатқан құнды кітаптар бойынша сценарий жазылып, фильмдер түсірілсе, өз оқырманын табатынына көзіміз жетіп отыр. Нәтижесінде, кітаппен бірге қоғам назарын аудартатын шығармалар да ізім-ғайым жоғалмас еді.