Бүгін елордада кезекті коммуналдық сенбілік өтті. Жаппай ағаш отырғызу аясында және Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында қалада Жаңа Достық саябағы ашылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Көктемгі экологиялық айлық аясында қалада тазалық және ағаш отырғызу бойынша коммуналдық сенбілік өтті. Оған 24 мыңнан астам адам және екі мыңнан аса кәсіпорындар мен ұйымдар, сол сияқты тұрғындар, ПИК және МИБ ұжымдары, шағын және орта бизнес субъектілері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты. Жалпы ауданы 2,7 млн шаршы метрден астам саябақтар мен гүлзарларда жинау жұмысы жүргізілді. Оның барысында үш мыңнан астам ағаш отырғызылды.
«Бүгінгі сенбілікке қатысушылардың жүздеріне мән берсек, жұрттың осындай үлкен, ауқымды іс-шараларды қаншалықты сағынғанын байқауға болады. Бұл сенбілік Қазақстан халқының бірлігін бейнелейді. Сенбілікке жастардың да қатысқаны қуантады. Олар біздің қаланы барынша таза, жасыл ету үшін өз үлестерін қосуда. Біз азаматтарымызға, жастарымызға табиғатымызға, қоршаған ортаға жанашырлықпен, ұқыпты қарау үшін экологиялық мәдениетін дарытуға тиіспіз», – деді Қазақстанның «Вайнах» шешендер мен ингуштер қауымдастығының тең төрағасы Юсуп Келигов.
«Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бірлік күні қарсаңында қала тұрғындарымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен бірге гүлзар орнатып, ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, биылғы жазғы маусымда осы саябақта волейбол және баскетбол алаңдарын, жүгіру жолын, ворк-аут аймағын, серуендеу инфрақұрылымын және демалыс аймағын салуды жоспарлап отырмыз", - деді елорда әкімі.