Түркістан облысында суару каналына құлап кеткен екі жасар бала құтқарылды, - деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі. Министрлік мәліметінше, оқиға 30 сәуірде 19:47-де Кентау қаласы, Хантағы ауылы, Төреқұлов көшесінде болған. 500 мм суару құбырына кәмелет жасқа толмаған баланың құлап кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барған кезде ересектердің қарауынсыз қалған 2020 жылы туған бала құбырға құлап, 15 метр қашықтықта тұрып қалғаны анықталды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
"Құтқару операциясына Түркістан облысы ТЖД 3 құтқарушысы және 1 бірлік техникасы жұмылдырылды. Құтқарушылар зардап шеккен баланы құбырдың ішінен алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстады. Қазіргі уақытта баланың жағдайы орташа, дәрігерлердің бақылауында. ТЖМ азаматтарға балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдырмауға кеңес береді" делінген хабарламада.