Жоғары сыныптың 2 мыңға жуық оқушысы «Qaisar» әскери-патриоттық жобасына қатысуда
Жоғары сыныптың 2 мыңға жуық оқушысы «Qaisar» әскери-патриоттық жобасына қатысуда
423
оқылды
«AMANAT» жастар қанаты ұйымдастырған «Qaisar» әскери-патриоттық ойынының іріктеу кезеңіне 10 және 11-сыныптардың 1700-ден астам оқушысы қатысты. Нағыз әскери өмірдің қыр-сыры, жүгіру мен жүзуден спорт жарыстары, «Менің елім – Қазақстан» тақырыбындағы викторина – еліміздің барлық өңіріндегі жоғары сынып оқушылары «Qaisar»-дың финалына шығу үшін сайысты. қайсар Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру.
«Жастар өздерінің физикалық дайындығын, ерік-жігері мен төзімділігін көрсетті. Бұл ойындар оларды салауатты өмір салтын ұстануға ғана емес, өздері үшін, жақындары үшін, Отаны үшін жауапкершілікті сезінуге де баулиды.  Сол арқылы жастардың бойында патриоттық рух қалыптасады», – деп атап өтті «AMANAT» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Сонымен қатар, еліміздің жоғары сынып оқушылары үшін Отан қорғаушылар күніне орайластырылған «Сарбаз болғым келеді» акциясы өтуде. Ол әскери бөлімдердің аумағында ашық есік күндері түрінде өтіп жатыр. «QAISAR» диалог алаңы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Онда оқушылар әскери қызмет туралы сұрақтарына жауап алып, қазақстандық сарбаздардың, офицерлер мен ерлік көрсеткен азаматтардың батырлығы туралы мәліметтерге қаныға алады. қайсар
«Біз бұрын өзіміз де білмеген жаңа қырларымызды ашып жатырмыз. Бір-бірімізбен таныстық, жаңа достар таптым. Мұндай жарыстар тек денемізді шынықтырып қана қоймай, бойымызда жоғары моральдық қасиеттерді де қалыптастыратыны анық», – деп өз әсерімен бөлісті Батыс Қазақстан облысынан келген қатысушы Николай Ленский.
Айта кетейік, биыл 4, 5 мамыр күндері Нұр-Сұлтан қаласында финалдық кезең өтеді. Оған 102 финалист қатысады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталады. Естеріңізге сала кетейік, партияның жастар қанаты «Qaisar» әскери-патриоттық жобасын іске қосатыны туралы осы жылы 1 наурызда өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII съезі барысында айтқан болатын.