Мемлекет ереже бойынша ойнаса, көлеңкелі бизнес болмайды – Батыржан Ашитов
Мемлекет ереже бойынша ойнаса, көлеңкелі бизнес болмайды – Батыржан Ашитов
Фото: theladders.com
212
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегі бойынша, елімізде 6 мыңнан астам квазимемлекеттік және жеке сектор субъектілері комплаенс-қызметін енгізген. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен «Қазақстанның бизнес секторында іскерлік парасаттылықты арттыру» атты ұлттық конференцияда белгілі болды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда комплаенс-қызметін енгізу белсенді жүргізіліп жатыр. Қазақстанға инвестиция құюға қызығушылық танытқан кез келген инвестор, алдымен сыбайлас жемқорлық қаупін жою қалай реттелгенін анықтап алады. Осы тұста комплаенс-қызметінің рөлі ерекше. Бірақ Қазақстанда көп жағдайда комплаенс-қызметтер формалды түрде жұмыс істейді дейді конференция сарапшысы Татьяна Зинович.
«Комплаенс-қызметтердің жұмысы көпшілік сынынан кейін немесе аудиторлық есеп жүргізгеннен кейін ғана жақсарады. Шын мәнісінде сыбайлас жемқорлық жағдайларының алдын алу керек. Ал біздің жағдайда керісінше, нақты факті тіркелгенде ғана комплаенс жұмысы жанданады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар мен саясат қабылданғанымен – оқыту, тәуекелдерді бағалау, қызметкерлер арасында сауалнама, мониторинг, мүдделер қайшылығын басқару және қызметкерлерді қорғау бойынша жұмыстары көрінбейді», – дейді Құқықтық саясатты зерттеу орталығы директорының міндетін атқарушы Татьяна Зинович.
Сондай-ақ, шара барысында экономиканың ең сыбайлас сегменті – мемлекеттік сатып алу – деген пікір айтылды. Кәсіпкерлер палатасының өкілі Батыржан Ашитовтың ойынша, ұлттық заңнаманың осалдығы - оның мемлекеттік сатып алудың барлық бағыты мен процесін бір мемлекеттік органда Қаржы министрлігінде шоғырлануы. Бір орган мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады, оның құқықтық реттелуін белгілейді, сатып алуды ұйымдастырады және олардың заңдылығын бақылайды. Мұндай жағдайда ұйымдық мүдде қақтығысы туындайды. «Дәстүрлі түрде 1997 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу туралы үш дербес заң қабылданды және оларға жыл сайын өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырды. Бірақ қабылданған шаралар күткен нәтиже бермеді. 55% жағдайда мемлекет өкілі сыбайлас жемқорлықтың бастамашысы болады, ал кәсіпкер 20% жағдайда. Егер шенеунік заңды бұзса, онда ол міндетті түрде кәсіпкерді осы процеске тартады. Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуда өзінің басты серіктесі - мемлекетке тікелей тәуелді. Егер мемлекет ереже бойынша ойнаса, онда көлеңкелі бизнес болмайды!», - деді Батыржан Ашитов. Сондай-ақ конференцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс заңнамасын жақсарту бойынша ұсыныстар айтылып, бизнес-сектордағы комплаенс функциясын дамыту перспективалары талқыланды. Шараны Құқықтық саясатты зерттеу орталығы мен «Kaz Bar Association» заң консультанттар палатасы, Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.