Қаңтар оқиғасы: Lexus көлігімен қару таратқан 3 күдікті ұсталды
Қаңтар оқиғасы: Lexus көлігімен қару таратқан 3 күдікті ұсталды
© Vladimir Tretyakov
Бас прокуратура 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Қаңтар оқиғасында Lexus көлігімен қару таратқан 3 күдікті туралы айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы қаласында 6 қаңтарда «Көктөбе» телемұнарасының ғимаратын басып алуға оқталған бұл оқиғалардың басқа қатысушысы анықталды. Стратегиялық нысанды басып алудың негізгі мақсаты – жалған ақпарат тарату арқылы азаматтардың көшеге шығуын үгіттеу үшін теледидар мен радиоарналардың жұмысын бақылау болған. Құқықтық тәртіп күштері стратегиялық нысанды басып алуға жол бермеді. Күдікті адам соттың санкциясымен қамауда», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ ол Алматыдағы «Анна» қару-жарақ дүкенін тонады деп күдікке ілінген 3 азамат туралы мәлімет берді.
«Олар 5 қаңтарда Lexus маркалы автокөлікпен Алматы қаласындағы Республика алаңының алдына ұрланған қаруларды таратқан. Бас прокуратура фейк ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы бірнеше рет ескертті. Ақмола облысында осындай істердің бірі бойынша 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаумен үкім шығарылды», – деді Елдос Қилымжанов.