«AMANAT» жастар қанаты ұйымдастырған Qaisar әскери-патриоттық жобасына қазір жоғары сыныптың 2 мыңға жуық оқушысы қатысып жатыр. Еліміздің барлық өңіріндегі жоғары сынып оқушылары Qaisar-дың финалына шығу үшін әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, жүгіру мен жүзуден жарысып, «Менің елім – Қазақстан» тақырыбындағы викторина сайысында бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру. «Жастар өздерінің физикалық дайындығын, ерік-жігері мен төзімділігін көрсетті. Бұл ойындар оларды саламатты өмір салтын ұстануға ғана емес, өздері үшін, жақындары үшін, Отаны үшін жауапкершілікті сезінуге де баулиды. Сол арқылы жастардың бойында патриоттық рух қалыптасады», – деп атап өтті «AMANAT» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев. Сонымен қатар еліміздің жоғары сынып оқушылары үшін Отан қорғаушылар күніне орайластырылған «Сарбаз болғым келеді» акциясы өтуде. Ол әскери бөлімдердің аумағында ашық есік күні түрінде өтіп жатыр. QAISAR диалог алаңы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Онда оқушылар әскери қызмет туралы сұрақтарына жауап алып, қазақстандық сарбаздардың, офицерлер мен ерлік көрсеткен азаматтардың батырлығы туралы мәліметтерге қаныға алады. «Біз бұрын өзіміз де білмеген жаңа қырымызды ашып жатырмыз. Бір-бірімізбен таныстық, жаңа достар таптым. Мұндай жарыстар тек денемізді шынықтырып қана қоймай, бойымызда жоғары моральдық қасиеттерді де қалыптастыратыны анық», – деп өз әсерімен бөлісті Батыс Қазақстан облысынан келген қатысушы Николай Ленский. Айта кетейік, биыл 4, 5 мамыр күндері Нұр-Сұлтан қаласында финалдық кезең өтеді. Оған 102 финалист қатысады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталады.