Қытаймен шекарадағы кеден бекеттерінде тауарларды жалған декларациялаудың 367 фактісі болған. Алаяқтық әрекеттен мемлекетке келтірілген залалдың көлемі 165 миллиард теңгені құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кеден саласында тексерулердің барысы туралы Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай айтты. «Тек Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы үшін, уәкілетті экономикалық операторлар соңғы екі жылда 221 миллиард теңгеге жалған шот-фактура жасаған. Тексерудің тек бір айында жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын контрабанданың 16 фактісі анықталды», – дейді ресми өкіл. Бұл іске «Нұр Жолы» кеден бекеті мен Алматы облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары да өз «үлесін» қосқан. Тіпті, өз қылмыстарын жасыру үшін прокурорға пара бермекші болыпты. Бүгінде аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.