«Неге солай?» көрерменге жол тартты
«Неге солай?» көрерменге жол тартты
968
оқылды
Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы Достық үйінде «Жезкиік», «Ана туралы баллада», «Неге солай?» тағы да басқа өшпес әндерімен тарихта аты қалған Жақсыкелді Сейілов туралы көркемфильмнің алғашқы көрсетілімі өтті. Сценарий авторы, режиссер Кенжебай Ахметов. Қазақта өзі екі «Жезкиік» бар. Бірі Кәкімбек Салықов болса, екіншісі Жақсыкелді Сейілов. Өйткені екеуі бір-бірін толықтырып тұр. Кәкімбек «Жезкиіктің» сөзін, Жақсыкелді музыкасын жазды. Осыдан барып өмірге ұмытылмас ән келді. Жақсыкелді Сейілов – әнші, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Ұмытылмас тұлға. «Неге солай?» фильмі Жақсыгелді Сейіловтің балалық және бозбала шағына жетектейді. Сонау 50-60-жылдардағы қазақтың дарқан даласына сапар шеккізеді. Сонымен бірге кино композитордың артынан ерген, бірнеше жыл бойы айтылып келе жатқан аңызға нүкте қояды. Өйткені біреулер «Жақсыкелді туа бітті зағип болған» десе, бірі басқа жағдайда болды деседі. Туындыда нақтылық бар. Сөйтсек, бала Жақсыкелді «шешек» деген кесел кесірінен жанарынан айырылған екен. «Ана туралы баллада» әнімен әрленген фильм әсері халықты тәнті етті. Сол уақыттағы ауылдағы атаның батасы, ананың аялы алақаны мен көпті көрген әженің ауырып жатса да көшуге қамданған жас отбасына барып «жол болсын!» айтуы, әкенің балаға деген зейіні, жас маманға деген мектеп директорының қамқорлығы туындыны аша түседі. Алғашқы көрсетілімге келген Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров фильмге ақ жол тіледі. Сонымен қатар ол: «Ұлытау өңірінің ғана емес, жалпы қазақ елінің мақтанышы Жақсыкелді Сейілов туралы фильм осымен тоқтап қалмаса керек. Қолдау көрсетуге әзірміз», – деді. Жезқазған, Ұлытау өңірінің зиялы қауым өкілдері, Жақсыкелді Сейіловтің көзін көріп, әріптес болған замандастары ризашылық білдірді. Айта кету керек, рөлдерді сомдаған әртістер негізінен ауылдың қарапайым тұрғындары. Кеш қонақтары Жақсыкелді Сейіловтің жары Зейнеп, туған бауыры Бақтыгелді, баласы Жанбота шығармашылық ұжымға алғысын жеткізді. Кеш соңында режиссер Кенжебай Ахметов алдағы уақытта «Қаракөз» фильмінің жалғасын түсіру жоспарда бар екенін айтты. Ал «Неге солай?» көркемфильмі арнайы таныстырылымнан кейін кинотеатрларда көрсетілетін болады.

Қарағанды облысы