Саяси реформалардың серпіні сезіледі
Саяси реформалардың серпіні сезіледі
694
оқылды
Қазақстан Президенті қызметіне кіріскен 3 жыл ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды саяси реформаларды қолға алды. Қолға алып қана қоймай, оның кейбірін іске асыруға Мемлекет бас­шы­сы­ның өзі де мұрындық болды. Сайып келгенде, саяси жүйедегі сең­­­­нің қоз­ғалуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, өзін­дік қо­ғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына себеп болды. 2019 жылдан бері елімізде Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бас­та­ма­сымен саяси реформалардың 5 топтамасы жү­­зеге асты. Реформалардың соңғы топ­тамасы Президенттің наурыз айын­да­ғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаң­ғыру жолы» Жолдауында жарияланды. Оны қоғам бүгінге дейін қызу талқылап жатыр. Рас, Мемлекет басшысының суперпрези­денттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне өту, сол арқылы Президенттің өкілетті­лік­терін шектеу, оның туыстарының мем­лекеттік және квазимемлекеттік сек­тор­ларда жоғары лауазымдарға тағайындауға шектеу, саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету, азаматтық бақылауды күшейту, сот жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету секілді бастамалар көптің көкейінде­гісін дөп басқандай. Қысқасы, жаңа жағ­дайдағы Жаңа Қазақстандағы саяси ре­фор­­малар елдегі саяси институттың бар­лы­ғын қамтумен ерекшеленеді. Сол ар­қы­лы Президенттің кейбір өкілеттіліктері Пар­ламентке және барлық деңгейдегі мәс­лихаттардың депутаттарына беріледі. Мұ­ның өзі халық қалаулыларынан өз қыз­ме­тіне жауапкершілікпен қарауды та­лап етеді. Айтпақшы, ендігі ке­­­­зекте Пар­ла­­мент пен жергілікті өкілді органда мей­­­лін­ше көп орынды иелену үшін пар­тия­лар ара­сында әділ саяси бәсеке жүреді. Өйт­­кені Президент «AMANAT» пар­тия­сы­­ның Тө­рағалығынан бас тартып, саяси ұйым­­ның мүшелігінен де шықты. Сондай-ақ сайлау процесіне жауапты Орталық сай­­лау комиссиясының басшыларының да белгілі бір партияға мүше болуына тыйым салу да саяси до­да­ның көрігін қыз­дыра түспек. Наурыздағы Президент Жол­­дауын­да айтылған осынау ауқымды сая­си жобаларды жүйелеу үшін елдің бас­ты құжаты саналатын Конс­ти­туцияның 30-дан астам бабына, 7 конс­ти­туциялық заң­ға және 15-тен аса заңға өзгеріс енгі­зіл­мек. Әрі беріден соң Президенттің бұ­ған дейінгі саяси реформаларының нә­ти­жесі ел күт­кен үдеден шыққанын ес­кер­сек, соңғы бас­тамалардың да көпші­лік күткен межені еңсеретініне күмән жоқ. Мәселен, Президенттің ең алғашқы ре­­­­формалар пакеті Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінің отырысында 2019 жылы жария­ланды. Бұл реформаларда бейбіт шерулерге рұқсат беру жайы сөз болды. Арада бір жыл өткен, яғни 2020 жылдың 25 мамырында «Қазақстан Республика­сын­да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң қабылда­нып, наразылық шерулерін ұйымдас­тыру­дың құқықтық негізі пайда болды. Сол жолы Президенттің саяси партия­лар­ды құру үшін тіркеу кедергісін азайту, сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз квота енгізу тапсырмасы да өз деңгейінде орындалды. 2021 жылғы 10 қаңтардағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы қорытындысы бойынша мәжілісмендердің құрамы 70 пайызға жаңарды. Жаңадан жасақталған Мәжіліс депутаттарының орташа жасы 55 жастан 50 жасқа дейін түсті. Төменгі па­латаның алдыңғы шақырылымында 40 жасқа толмаған 7 депутат болса, кейінгі шақырылымда олардың саны 19-ға дейін артты. Ал сол жолғы сайлау қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихат­тардағы бір ғана «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының құрамы 65 пайызға жаңарды. Фракция құрамындағы әйелдер үлесі 30 пайызға дейін, ал 35 жас­қ­а дейінгі жастардың үлесі 23 пайызға дейін өскен екен. Мемлекет басшысы саяси реформа­лары­ның алғашқы топтамасын жүзеге асыру мақсатында 8 заң қабылданды. Бұ­дан бөлек, «Саяси партиялар туралы», «Сай­лау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң­дарға өзгерістер енгізілді. Саяси реформалардың екінші пакеті ар­­қылы жергілікті өзін-өзі басқару тұ­жырымдамасы қабылданды. Бір сөзбен айт­қанда, ауыл әкімдерін жергілікті тұр­ғындар тікелей сайлау мүмкіндігіне ие бол­ды. Осылайша, өткен жылдың 25 шіл­десінде ел тарихында алғаш рет ауыл әкім­дерінің сайлауы өтті. Дәл осы күні рес­­­публика аумағында 730 аудандық маңы­­­зы бар қала, ауыл, кент, ауыл окру­гі­­­­­­­­нің тұрғындары өз басшыларын өздері сай­лады. 2021 жылдың соңына дейін тағы 45 елді мекеннің тұрғындары азаматтық белсенділік танытып, әкімдерін өздері сай­лап алды. Бұл сөз жоқ, елордадан бас­талған саяси реформалардың лебін ауыл-аймақтағы әрбір қазақстандыққа сезін­дірген шара болды. Айтпақшы, Президент келер жылдан бастап пилоттық жоба ретінде аудан әкім­дерін де тұрғындар сайлауына мүмкіндік беруі керек екенін айтты. Жалпы, рефор­ма­лар аясында аудан әкімдері 2024 жыл­дан бастап сайлана бастайды. Рефор­ма­лардың бұл жолғы топтамасын іске асыру үшін 5 заң жобасы мен бір Президент Жар­лығы әзірленді. Өткен жылдың қаңтарында жария­ланған саяси реформалардың үшінші пакетінде саяси партиялардың Мәжіліске кіру шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін тө­мендету мәселесі көтерілді. Сондай-ақ ал­ғаш рет сайлау бюллетенінде канди­дат­тардың аты-жөнінен кейін «барлығына қар­сы» деген баған енгізілді. Мұндай бю­л­летендермен сайлаушылар былтырғы ауыл әкімдерін сайлау ресімі кезінде өз таң­дауын жасағанын айта кеткен жөн. Сайып келгенде, бұл бастама да азаматтың ой-пікірімен санасатын демократиялық қоғам қалыптастырудың алғышартына ай­налды. Реформалардың бұл жолғы па­кеті аясында бұдан бөлек жастарды да­мы­ту, қайырымдылық қызметті ынталандыру, омбудсмен туралы заң қабылдау, қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру сияқты шара­лар қолға алынды. Саяси реформалардың келесі бір жиын­тығын енгізу арқылы квота нормасы заңнамалық тұрғыда бекітілді. Құқық қор­ғаушылардың құқығын сақтау мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бойынша нақ­ты шаралар қабылданды. Шынында, Президенттің 3 жыл ішін­де қолға алған саяси реформаларының нә­тижесін халық айқын сезініп келеді. Әрі оның жүзеге асырылуына әрбір қа­зақ­стандық шама-шарқынша үлес қосып жүр. Бастысы, бұл бастамалардың елдің қо­ғамдық-саяси өміріндегі жаңару жол аша­ды. Адалдық, теңдік сияқты прин­цип­терге негізделген бұл реформалардың түп­кі мақсаты Президент айтқан «Жаңа жә­не әділетті Қазақстанды» құру екені еш­қандай талас тудырмайды.

Шынболат АТЫХАНҰЛЫ