Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен биылғы жыл Балалар жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай Парламентте балаларды қорғауға арналған жаңа заң қабылданды. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы бойынша бекітілген 362 тармақтан тұратын Жол картасының көпшілігінде балалар тақырыбына айрықша назар аударылған еді. Дегенмен Үкіметтің Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспары партия талабына сай келмейтін сияқты. Мұны Мәжіліс депутаттары бірнеше рет айтты. Балалар жылына орай Үкімет тиісті іс-шаралар жоспарын дайындап, оны «AMANAT» партиясының жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мұқият зерделеді. Сөйтіп, Үкімет ұсынған жоспардағы іс-шараларды жан-жақты саралады. Партияның Мәжілістегі фракциясының мүшелері бұл мәселеге қатысты арнайы отырыс та өткізген еді. Ал кеше «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Динара Закиева журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Тақырып сол – балаларға қамқорлық көрсету мәселесі. Баспасөз мәслихатында депутаттар Балалар жылына арналған іс-шараларға шолу жасады. Мәжілісмен Динара Зәкиеваның айтуынша, Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шараларға 48,3 млрд теңге қарастырылған, оның 16,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Құжатта 50 тармақ бар, бірақ депутат олардың көпшілігін қайта қарау қажет деп санайды. «Жоспар шығармашылық байқаулардан, жиындардан, түрлі ұсынымнан, тіпті балалар лагерлерінде жазғы демалыс маусымын ашудан құралған. Неге қаражатты барлық баланы қоғамдық көлікте тегін жүру, мектептерде тегін түскі аспен қамтамасыз ету сияқты жүйелі мәселелерді шешуге бағыттамасқа? Бюджет қаржысы бірреттік байқауларға емес, балалардың мәселесін түбегейлі шешуге бағытталуы керек. Ашығын айтқанда, балалардың құқын қорғау саласындағы уәкілетті орган – Білім және ғылым министрлігінің жұмысы түсініксіз», – деді Динара Зәкиева. Ал депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, еліміздегі интернаттар әлі толық жөнделіп бітпеген көрінеді. Жыл басынан бастап республика бойынша 247 интернатта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балалардың өмір сүру сапасын арттыру шаралары жоспарланған. Оларда 147 мың бала тұрады. Бұған дейін 130 мекемеде жаңарту-жаңғырту жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданған болатын,– дейді депутат. Естеріңізге сала кетейік, «AMANAT» партиясының фракциясы ақпан айының басында жүйесіз шараларға жұмсалатын шығындардың орнына аз қамтылған отбасындағы әрбір балаға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін 35 мың теңгеге дейін жеткізу қажетін айтқан еді. Сондай-ақ қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек көрсету мақсатында барлық өңірде Отбасы істері жөніндегі басқармаларды құруды ұсынды. Оған қосымша Отбасы институтын нығайту, отбасындағы жанжал мен балаларға қатыгездік танытудың алдын алу үшін өңірлік даму жоспарына нысаналы индикаторларды енгізу жайы айтылды. Бірақ Үкімет бұл бастамалардың ешқайсысын қолдамапты. «Жалпы жиынтығы 100 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған Балалар жылына арналған өңірлік жоспарлар көңіл көншітпейді. Олардың кейбіреулерінде ғана инклюзияны қолдау кабинеттерін, денешынықтыру-сауықтыру орталықтарын, аутизмі бар балаларға арналған бөлімдерді ашу сияқты маңызды іс-шаралар көзделген. Дегенмен осы жоспарлардағы маңызды іс-шаралардың үлесі 35%-дан аспайды, ал қалғандары ертегі премьерасы, жаңажылдық шыршалар, қашықтан өткізілетін чемпионаттар, айтыстар, мектептердің ашылу рәсімдері және тағы басқа үстірт дүниелер. Бұл шараларға әр өңір 3-тен 32 млрд теңгеге дейін ақша жұмсауды көздеп отыр», – деді Елнұр Бейсенбаев. Брифинг барысында халық қалаулылары ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарға да тоқталды. Депутат Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, Мәжілістің соңғы жалпы отырысында бірінші оқылымда тиісті заң жобасы мақұлданған. «Енді жаңа заңға байланысты ерекше қажеттіліктері бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып баратын ата-аналардың біріне сол жерде тұру және тамақтану шығындары өтелетін болды. Алдын ала есептеулерге сүйенсек, алдағы үш жыл ішінде ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге санаторлық-курорттық емделуге кемінде 62 мың бала барады», – деді ол. Айта кетейік, заң жобасында мүгедектікті сырттай белгілеу формасы қарастырылған. Сондай-ақ барлық таксопарк мүгедектігі бар адамдар үшін қазіргідей 30 көліктің біреуін емес, әрбір 10 таксидің бірін олардың мұқтаждығына қарай толық бейімдеп қоюы тиіс. Ал жастар саясаты жөніндегі заң жобасында барлық кәмелетке толмағандар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру нормасы қарастырылған. Осы тұста «AMANAT» партиясының Балалар жылында қарастырылған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруға айрықша назар аударып отырғанын атап өту керек. Партия Мәжілістегі фракциясы арқылы Үкіметтің жоспарын қатаң қадағалауға алып қана қоймай, өзге де іс-шараларды ұйымдастырды. Атап айтқанда, қиын жағдайға тап болған отбасыларға, әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсету және зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға жәрдем беру мақсатында саяси ұйымның жанынан «111 шұғыл қызметі» байланыс орталығы ашылды. Оған 25 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Сонымен қатар бұл қызмет арнайы құрылған жедел әрекет ету топтарымен өзара байланыста жұмыс істейді. Олардың бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде қиын жағдайдағы 64 мың отбасына көмек берілді. Былтыр «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында балалар мен отбасыларды қолдау мақсатында 6 мыңнан астам іс-шара жүзеге асырылды.