Көмірдің «алтын дәуірі» туды
Көмірдің «алтын дәуірі» туды
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
632
оқылды
Таяуда еліміздің «көміртегі бюд­жеті» бекітілмек. Оған сәйкес, Қа­зақстан атмосфераға шығаратын кө­мір­қышқыл газының көлемін күрт азай­туға мәжбүр болады. Елді қуат­тандыратын электр стансаларына, экономиканы ілгерілететін ірі кәсіп­орындарға шектеу енгізіледі. Мұның бәрі Қазақстаннан қап-қара түтіні­мен, бұрқыраған күлімен ауаны да, айналаны да ластайтын көмірді тұ­тынуды елеулі кемітуді талап етеді. Сонда кезінде «қара алтын» деп дә­ріптелген, қазақ же­рінде мол қоры бар көмірді қайт­пекпіз?

Жерден шыққан қазына жердің өзіне зиян ба?

Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрлігі 2025 жылға дейінгі «Көміртегі бюджетінің» жобасын жария­лады. Айта кету керек, Қазақстанға 2021 жылы ауаға көмір­қышқыл газының ша­мамен 180,7 миллион тоннасын шығаруға рұқсат етілген еді. Бірақ бүкіл әлем кли­маттың жылынуымен қызу күресіп жатыр. Бірқатар шетелдік ғылыми инс­титуттың зерттеуі көрсеткендей, Жер-Ана қызуының көтерілуіне адамзаттың көміртекті тым көп шығаруы да зор ықпал етеді. Климат қызған соң, әлемді алапат қуаңшылық жайлай бастады. Жаһандық күреске үлесі әрі халық­аралық міндеттемелері аясында қазақ елі де декар­бонизация саясатын ұстануға бел буды және оны жүзеге асыруға кірісті. Осыған сәйкес, еліміздің 2022 жылға ар­налған көміртегі бюджеті – 177 976 919 тоннаны, 2023 жылы – 175 307 265 тон­наны, 2024 жылы – 172 677 656 тоннаны, ал 2025 жылы – 170 087 491 тонна кө­мірқышқыл газын құрауы тиіс. Бұл шектеу отандық стансалар мен зауыт-кәсіп­орын­дарды төл өндірісін елеулі түрде азайтуға итермелеп отыр. Мұны компания басшы­ларының Үкіметке шағым-хаттарынан бай­қауға болады. Үкіметтің оларға жауабы біреу: халықаралық талап орындалуы шарт, әйтпесе Қазақстанға санкция ен­гізіледі. Ендеше көміртек бойынша ли­мит­ке сия алмаған бизнес нысандарына өзге ком­паниялардан немесе елдерден бос, басы артық «СО2 кво­тасын» сатып алу ғана қалады. Әсіресе, көмір жағатын кәсіпорындарға қиын. Республикада өндірілетін бүкіл қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады, сол арқылы Үкімет елімізде электр энергиясының арзан тарифін қамтамасыз етеді. Алайда осыдан «былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сына­дының» кері келіп тұр. Бір жағынан, Қа­зақстан көмірдің аста-төк ресурсына ие, бірақ Ресейдің түрлі сылтау айтып, бұл ши­кізатымызды өз аумағы арқылы үлкен көлем­де өткізбеуі кесірінен экспорт шек­телді. Екінші жағынан, Қазақстанның өзі осынау осы отынын армансыз, еркін жаға алмайды: халықаралық шектеулердің құрсауы қысып барады. Тұйықтан шығарар бірнеше жол бар: біріншіден, Ресейді айналып өтетін ха­лықаралық дәліздер арқылы экспортты еселеп арттыру. Екіншіден, көмірді өңдеп, одан қосылған құны жоғары өнімдер алу. Мысалы, тас көмірді өнеркәсіптік ауқымда өңдеу нәтижесінде одан сирек металдар, шашыранды элементтер – ванадий, гер­маний, галлий, молибден, мырыш, қорға­сын алынады. Гидрогенизациялау арқылы кө­мірден сұйық отын жасау да перспективті саналады. Кокстелген көмір аса құнды ресурс, ары қарай ыдырату арқылы одан бензол, жеңіл майлар, толуол, нафталин, шайыр, жа­санды графит, антрацен және басқа да өнім­дер өндіріледі.

Көмірден ең кемі 400 өнім алуға болады

Әйтсе де, екінші жол мол инвестиция құюды, жаңа зауыт-фабрикалар салуды талап етеді, әрі біраз уақыт алады. Рес­публикалық Тау-кен өндіруші және тау-кен металлур­гиялық кәсіпорындар қауым­дастығының атқарушы директоры Ни­колай Радостовецтің мәліметінше, көмірді терең өңдеудің заманауи технологияларын игеру маңызды. Бұл Қа­зақстан экономи­касының бәсекеге қабілет­тілігін артты­рады, көмір өнеркәсібін әртарап­танды­рады, шикізат өндірісіне тәуелділіктен аулақтауға жол ашады және мемлекетке шикізатты сатқаннан мол пайда әкеледі. Дегенмен қауымдастық басшысы Тәуел­сіздіктің 30 жылдығында респуб­ликада көмір химиясы және коксты-хи­миялық өндіріс дамытылмағанына назар аудартты. Мысалы, 2020 жыл қорытын­дысында елде көмірден небәрі 3,7 млн тонна ғана кокс жасалған. Салыстыру үшін айтсақ, бұл – бір жыл ішінде өн­дірілген барлық көмірдің бар-жоғы 3,4 пайызы. Сонымен бірге соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан шетелден 4,5 млн тонн коксты импорттапты. Басқаша айтқанда, мемлекет көмірдің мол қорына ие болға­нымен, отандық металлургиялық кәсіп­орындар кокс тап­шылығын тартып, оны сырттан қымбат бағаға тасуға мәжбүр. Қын­жылтатыны сол, Николай Радосто­вецтің дере­гінше, бұл мәселеде салмақты ілгерілеу­шілік жоқ. Үкімет көмір өндіруші шетелдік инвесторлардан көмірді қайта өңдеу саласын қарқынды дамытуды талап етпейді. Салда­рынан республика көмір-химия өнімдерінің бірнеше түрін шы­ғарумен ғана шектелді. Мәселен, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның коксты-химия цехында арнайы кокс сыр­тында, тас көмірлі шайыр және кокс газы өн­діріледі. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өзі­нің коксты-химия өндірісінде ұқсас өнім­дерді алады. Сондай-ақ ол көмірден нафталин, пек, сольвент, аммоний сульфа­тын жасайды. Бұдан бөлек, 2020 жылы «Шұбаркөл Көмір­дің» коксты-химия це­хында белсендірілген көмірдің сынақтық партиясы алынды. Сонда кәсіпорынның жылына 1 мың тоннаға дейін осы тауар түрін өндіретіні айтылды. Әйт­кенмен, ел ішінде оның өнімі кең саудаға әзірге шыққан жоқ. Белсендірілген көмірді дәріханалар дәрі есебінде сататыны мәлім. Тек медицинада емес, ол сондай-ақ гидроме­таллургия, алтын өндірісі, фосфат өнеркәсібі, суды тазартуда қолданылады. Қазақстан жыл сайын 7 мың тоннадан астам осындай көмір түрін тұтынады, белсендірілген көмір не­гізінен Ресейден, өзге елдерден әкелінеді. «Көмірді шикізат күйінде сатқаннан, оны өңдеп, қосылған құны жоғары жаңа өнім түрлерін алу әлдеқайда тиімді. Мұн­дай өндіріс көмір өндіруші өзге компа­ниялар базасында да жолға қойылады деп жоспарланған. Жалпы, тас көмірді өң­деуден 400-ден астам түрлі өнім шығаруға болады. Олардың бағасы көмірдің өзінен 20-25 есе қымбат тұрады. Көмірден жаңа өнім түрлерін өндіру Қазақ­станға жаһан­дық жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Осының арқасында елдің экс­порттық әлеуеті ұлғаяды, өңдеу өнеркәсібі дамиды», – деді Н.Радостовец. Қалай болғанда, «Бірыңғай Индустрия­ландыру картасының» таяуда өзектілен­дірілген нұсқасында 2022 жылы іске қо­сылатын 91 индустриялық жобаның ара­сында осы салаға қатысты жалғыз жоба бар. Ол – Шығыс Қазақстан облысындағы «ФИК «Алел» АҚ-ның «Көмір десор­бциясы және электролизі цехының құры­лысы». Көкентау ауылдық округі аумағын­дағы «Суздаль» кен орнында орналасатын зауыт жылына 550 мың тонна өнім шы­ғармақ. Компания бұл жобаға 2 млрд 344 млн теңге инвестиция бағыттапты.

Түнек тоннель түбінен жарық көрінді

Көмір өңдеу саласының дамуы шабан болғандықтан, ел Үкіметі оның экспортын өрістетуді таңдады. Оның үстіне, Украи­наға шапқыншылық жасаған Ресейге қарсы қатаң санкция саясатын күшейткен Батыс елдері көршінің газы мен мұнайын тұтынуды айтар­лықтай азайтты. Нәти­жесінде, әлемде бала­малы отын ретінде көмірге сұраныс артты. Н.Радостовецтің айтуынша, өткен жыл­дары Қазақстан Еуропадағы ірі нарықтарды жоғалтты. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, әлемде «жасыл» экономика, қоршаған ортаны қорғау, климаттың жылы­нуы секілді жаһандық күн тәртібі аясында көмір ысырылып, орнын «көгілдір отынға», бірінші кезекте ресейлік газға беруге тура келді. Екіншіден, отандық өндірушілердің өз өнімімен Ресей жері арқылы шетелге шығуы қиындады. Үшіншіден, сұраныс азайғандық­тан, кө­мірдің әлемдік нарықтағы бағасы арзан­дады. Салдарынан Қазақстаннан алыс шетелге осы шикізатты тасу жартымды пайда әкелмейтін болды. Қазір жағдай өзгерді. Сарапшылар Украи­надағы соғыс аясында көмір бағасы жаңа рекорд орнатады деп болжайды. Өйткені Еуроодақтың реттеушісі бағаны құрықтауға құлық танытпады, демек бағалардың өсуі үшін өріс шектелмеген. 24 ақпанда Мәскеу Украинаға әскер кір­гізіп, бомбалауды бас­тағанын жария­лады, содан 2 наурызға дейінгі аралықта көмірдің 1 тоннасының бағасы бірнеше есе көте­рілді. Наурызда жеткізілетін фью­черстік контрактілер бойынша Роттер­дамдағы хабта 1 тоннасы 430 доллардан сатыла бастады. Бұл – тарихи максимум. Әйтпесе, 2022 жылдың қаңтарында көмір 108 дол­лардан ғана саудаланған. Сәуірдегі фью­черс 435 долларға дейін шығандады. Бұл ретте көмірді Ресей арқылы жет­кізу мүмкін болмай қалды. Әрине, Еуропа Ресей жақтан келетін көмірге то­лық эм­барго ен­гізген жоқ. Алайда Батыс елдері және олардың серіктестері РФ теңіз порт­тарынан келетін кемелерге өз теңіз айлақ­та­рына кіруге тыйым сала бастады. Олай болса, Қазақстанға Кас­пийдегі Ақтау порты арқылы Әзербайжанға, одан ары Еуропаға, Грузия арқылы Қара теңізге шығу қалады. Energyprom сарапшылары «Қазақстан сыртқы нарықтарға көмір экспансиясын күшейтеді» деген байлам жасады. Отандық өндірушілер көмір экспортын биыл 1,5 есе ұлғайта алады. Елде көмір қоры жеткілікті, шетелге жөнелтілімнің артуы ішкі нарыққа нұқсан келтірмейтін көрінеді. 2022 жылғы қаңтар-наурыз айларында елімізде 31,1 млн тонна тасты көмір, лиг­нит және көмір концентраты өндірілген. Осы­лайша, өндіріс былтырғы ұқсас кезеңдегіден 7,4 пайызға артты. Соның ішінде тасты кө­мірдің үлесі – 28,4 млн тонна, лигнит (қоңыр көмір) – 1,6 млн тон­на, көмір концентраты – 1,1 млн тонна. Бұларды сатудан жалпы сомасы 141 млрд теңге табыс түспек. Өңірлер арасында ең үлкен енші дәстүрлі түрде Павлодар облысына тиесілі: 18,9 млн тонна көмір шығарды, былтырғы ұқсас мер­зімнен 7,7 пайызға артық. Үштікке сондай-ақ Қарағанды облысы (9,6 млн) және ШҚО (2,3 млн тонна) кірді. Ал 2021 жылы Қазақстанда 115,7 мил­лион тонна көмір өндірілді. Кейінгі жыл­дары өніміне сұраныс болмай, көмір өн­ді­рісі құлдырап кетті. Салыстыру үшін айт­сақ, 2018 жылы – 118,5 млн, 2019 жылы – 115 млн, 2020 жылы 113,4 млн тоннасы шы­ғарылды. Айталық, 90-жылдары бұл көрсеткіш 130 млн тоннадан жоғары бола­тын. Яғни, сала өсу орнына өше бас­тап еді. Егер әлемдік нарықта қалыптасқан ахуалды пайдалана алса, сала қайта түлеуі мүмкін.

Көршіден қияндағы серіктеске өткізген тиімді

2022 жылдың қаңтар-ақпанында рес­публика 5,3 млн тонна көмірді экспортқа өткізіп, одан 120 млн доллар табыс тапты. Өткен жылғы қаңтар-ақпанмен салыс­тырғанда, түскен түсім бірден 2 есеге (!) өсті. Оның басым бөлігін – 3,7 млн тонна­сын 61,2 млн долларға ТМД елдері сатып алды. Негізгі импорттаушымыз – Ресей: 3,3 млн тоннасын өткіздік. Үштікке Қыр­ғыз Рес­публикасы мен Беларусь кіреді. Одақтас­тарымыз бұл шикізатты тым арзанға сатып алатыны байқалады. Кейбір сарапшы ресейлік импорттаушылар Шұбаркөл және Қаражыра көмірін арзанға алып, өзге елдерге қымбатқа реэкспорт­тайды деп жүр. Салыстыра кетсек, алыс шетелге не­бәрі 1,6 млн тонна қазақстандық көмір 58,7 млн долларға өткізілген. Мәселен, Швейцария – 1,1 миллион тонна көмірі­мізді 28,6 миллион долларға, Польша – 194 мың тоннаны 10,5 миллионға, Кипр – 90,7 мың тоннаны 9,9 миллионға, Түркия – 53,6 мың тоннаны 3,6 миллионға, Ұлыбритания – 47,6 мың тоннаны 1 миллионға, Бельгия – 27 мың тоннаны 1,2 миллионға, Болгария 18,6 мың тон­наны 515,8 мың долларға сатып алыпты. Мұның сыртында Қазақстан өз көмірін Швецияға (9,8 мың тонна, 1,7 млн доллар), Қытайға (8,6 мың тонна, 1,4 млн доллар), Үндістанға (1,4 мың тонна, 55 мың (млн емес), Гру­зияға (646 мың тонна, 157,8 мың доллар) өткізді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, көмір қоры бойынша Қазақстан әлемдік көш­басшы елдердің ондығына кіреді. Мем­лекеттік баланста 49 кен орны тіркелген, олардағы қор 33,6 млрд тоннаны құрайды, оның ішінде аса құнды тас көмір – 21,5 млрд тонна, күлі көп қоңыр көмір – 12,1 млрд тонна. Қазіргі өндіріс қарқыны сақталса, елдегі қор шамамен 290 жылға жетпек. Бұл – барланғаны ғана. Қазақ жерінің астында, терең қатпарларда басқа қорлары тұнып жатуы кәдік. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында көмір өндіруші кәсіпорындар шамамен 2,6 млрд тонна көмір өндірді: оның 600 млн тон­надан астамы жақын және алыс шетелге экспорт­талды. Былтырғы күзде спеку­лянт­тардың тірлігі кесірінен бұқара көмір сатып алуда біршама қиындық көр­генімен, өндірілген көмір ішкі тұтынысты толық өтеген екен. 2021 жылы энергия өн­діруші кәсіпорындар – электр стан­салары, жылу-электр орта­лық­тары 59,3 млн тонна көмір жақты, бұл 2020 жыл­ғыдан небәрі 0,8 пайызға артық. Өнер­кәсіптік кәсіп­орындар, металлургиялық алып­тар 6,8 млн тоннасын тұтынды (21,4% ар­тық). Ком­муналдық-тұрмыстық қажетті­лік­терге, қазандықтарға және үйінде пеш жа­ғатын халыққа 10,7 млн тон­на көмір жөнелтілді (2020 жылға қарағанда 0,9 пайыз артық). Мәскеу соғыстан бас тартпаған соң, жаһан жұртшылығы ресейлік көмір мен газға балама іздеуін жалғастырды. Дүние­жүзілік нарықтағы ұзақ жылғы пәрменді экспансия және демпинг нәтижесінде Ресей әлемдік көмір экспортының бестен бірін басыбайлы иеленіп үлгерген бола­тын. Енді ол шеттетіліп, майшелпек қайта бөліске салынып отыр. Қазақстан әбжіл қимылдап, ептілік танытып, содан сүбелі үлесін алса, игі.