Қазір шығыстағы ХҚКО-ларда да халықтың қарасы қалың. Әсіресе, сәуір айында келушілер саны күрт артыпты. Бұған – еGov.kz порталында Семей полигонындағы ядролық сынақтың салдарынан зардап шеккен азаматтарға арналған жаңа қызметтің іске қосылуы себеп. Ал шығысқазақстандықтар мұны бұрын-соңды берілмеген, жаңа төлем түрі деп түсінген сияқты. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» болса шығыстағы жағдайда жалғыз хабарлама жұртшылықты әуреге салды. «Семей сынақ полигоны аумағында 1949-1965, сондай-ақ 1966-1990 жылдар аралығында өмір сүрген азаматтар еGov.kz порталы арқылы мемлекеттен көмек ала алады» деп басталатын хабарламаны көпшілік дұрыс түсінбей қалған сыңайлы.
Жаңа қызметті жаңа төлеммен шатастырған
Мәселенің мән-жайын Шығыс Қазақстан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен Өскемендегі халыққа қызмет көрсету орталығынан білдік. Басқарманың әлеуметтік төлемдер бөлімінің басшысы Бұлбұл Құсманова полигон аумағындағы халыққа арналған төлемнің ешқандай да жаңа түрі шықпағанын айтты. «Халық жаңа қызмет дегенді жаңа төлем деп түсініп қалған секілді. Ал «электронды үкімет» порталында жаңа қызметтің шыққаны рас. Бұған дейін Семей сынақ полигоны аумағында 1949-1965, 1966-1990 жылдар аралығында өмір сүрген азаматтар біржолғы өтемақыны тек мемлекеттік органдар арқылы алып келген. Енді бұл қызметті «электронды үкімет» порталы арқылы үйден шықпай-ақ онлайн алуға болады. Бұл – пилоттық жоба. Цифрлық даму министрлігі бар болғаны осы жаңалықты халыққа жеткізгісі келген», – дейді Бұлбұл Құсманова. Оның айтуынша, қазір басқармаға хабарласып немесе арнайы келіп жатқан адам көп. Олардың дені біржолғы өтемақыны бұрын алған. «Тұрғындарға 1992 жылы шыққан «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды мұқият қарап шықса деген өтініш айтқымыз келеді. Осы заңның 12-бабында ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға берілетін жеңілдіктер мен өтемақы мөлшері көрсетілген. Мәселен, төтенше радиациялық қауіпті аймақта 1949-1965 жылдары тұрған азаматтарға әрбір жыл үшін 5,23 айлық есептік көрсеткіш, 1966-1990 жылдары тұрған азаматтарға әрбір жыл үшін 1,05 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірреттік ақшалай өтемақы қарастырылған. Ал ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта (1949-1965 жылдар үшін 2,62 АЕК, 1966-1990 жылдар үшін 1,05 АЕК), жоғары радиациялық қауіпті аймақта (1949-1965 жылдар үшін 1,57 АЕК, 1966-1990 жылдар үшін 0,79 АЕК), ең төмен радиациялық қауіпті аймақта (1949-1965 жылдар үшін 1,05 АЕК, 1966-1990 жылдар үшін 0,52 АЕК), жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аймақта (1949-1990 жылдар үшін 0,26 АЕК) тұрған азаматтарға берілетін өтемақы көлемі осылай белгіленген. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бірінші санатқа (төтенше радиациялық қауіпті аймақ) жататын аймақ тұрғындары 1949-1965 жылдар үшін бір жылға, бір адамға – 16 019 теңге, 1966-1990 жылдар үшін бір жылға – 3 216 теңге, екінші санат (ең жоғары радиациялық қауіпті аймақ) сәйкесінше 1949-1965 жылдар үшін бір жылға – 8 025 теңге, 1966-1990 жылдар үшін бір жылға 3 216 теңге көлемінде біржолғы өтемақы алады. Үшінші санатқа (жоғары радиациялық қауіпті аймақ) 1949-1965 жылдар үшін 4 808 теңге, 1966-1990 жылдар үшін 2 419 теңге, төртінші санатқа (ең төмен радиациялық қауіпті аймақ) 1949-1965 жылдар үшін бір жылға – 3 216 теңге, 1966-1990 жылдар үшін 1 592 теңге, бесінші санатқа (жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аймақ) 1949-1990 жылдар үшін бір жылға 796 теңге төленеді», – дейді бөлім басшысы. Айта кетейік, аталған заңның 2-тарауында ядролық сынақ жүргізілген кезде радиоактивті шөгінділердің әсеріне ұшыраған 5 аймақ көрсетілген. Яғни, 5 санатқа бөлінген. Төтенше радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы Саржал ауылдық округі, Бесқарағай ауданы Долон ауылдық округі, таратылған Жаңасемей ауданының Сарыапан және Иса елді мекендері, ең жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Абай, Бесқарағай және таратылған Жаңасемей аудандары, Семей қаласына қарасты Ақбұлақ, Алғабас, Айнабұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық округтері, Павлодар облысы Май ауданының Ақжар және Малдар ауылдық округтері, жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Жарма, Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан аудандарының елді мекендері, Семей, Курчатов, Өскемен және Риддер қалалары, таратылған Қазыбек би ауданының аумағы шегінде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Павлодар облысының Май ауданы, ең төмен радиациялық қауіпті аймаққа Шығыс Қазақстан облысының Үржар, таратылған Таскескен, Көкпекті, Ақсуат, Алтай (бұрынғы Зырян), Зайсан және Тарбағатай аудандарының, Қарағанды облысының таратылған Қазыбек би ауданының аумағын қоспағанда, Қарқаралы ауданының, Павлодар облысының Лебяжі (қазіргі Аққулы) ауданының елді мекендері жатады. «Міне, осы 5 аймақта 1949-1965, 1966-1990 жылдары тұрған, жұмыс істеген, оқыған, әскери борышын өтеген азаматтардың біржолғы өтемақы мен экологиялық куәлік алуға құқы бар», – дейді Бұлбұл Құсманова.Қандай құжаттар қажет?
Өтемақы мөлшерін, оны кімдердің алуға хақы бар екенін айттық. Ал біржолғы өтемақы мен экологиялық қуәлікті бұрын-соңды алмаған адамдар не істейді? Қайда барғаны ләзім? Қолдарында қандай құжаттар болуы керек? «Қазір осы сұрақтармен халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп жатқан адам көп. Мәселен, облыс бойынша наурыз айында 313, сәуір айында 766 адамға қызмет көрсетілді. «Біржолғы өтемақыны мен алған жоқпын немесе қашан алғанымды ұмыттым» деген адамдардың құжаттарын қабылдап жатырмыз. Ол кісілерге өтемақының берілетіні, берілмейтіні 5 жұмыс күні ішінде белгілі болады. Мұны қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері анықтайды. Өтемақыны бұрын алған адамдардың өтініштері қанағаттандырылмауы мүмкін, өтемақыны алмаған кісілерге төлем төленеді, есепшотына ақша жіберіледі. Бізге «Кезінде Семейде оқып едім. Өтемақы маған беріле ме?» деп сонау Батыс Қазақстаннан жазып жатқан тұрғындар да бар. Бұл кісілер жоғарыда көрсетілген 5 аймақта болғанын құжат арқылы дәлелдесе, өтемақы алуға құқы бар. Құжаттарын жергілікті жердегі халыққа қызмет көрсету орталығына өткізуіне болады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы. Корпорация өкілінің айтуынша, біржолғы өтемақыны алу үшін төлқұжат, туу туралы куәлік, еңбек кітапшасы, білімі туралы аттестат, әскери билет секілді құжаттар қажет. «Қазір өтініштер үш нұсқада, яғни халыққа қызмет көрсету орталықтары, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері және еGov.kz арқылы қабылданып жатыр. Үшеуіне өткізілетін құжаттар тізімі бірдей. eGov.kz порталы арқылы өтініш бергіңіз келсе, электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек. ХҚКО мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне барсаңыз, өтініш жазасыз. Кейбір кісілер «халыққа қызмет көрсету орталықтарына барсақ, қызыл белгі шығып тұр, біздің құжатымызды таппады» деп жатыр. eGov.kz арқылы қабылдау пилоттық жоба болған соң техникалық ақаулар болуы да мүмкін. Ондай жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтары мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне баруға болады. Негізі, біржолғы өтемақы алған азаматтардың экологиялық куәлігінде белгі бар. Мөр соғылған. Ал өзге өңір тұрғындары өзінің және отбасы мүшелерінің 5 аймақтың бірінде тұрғанын растайтын құжаттарын өткізсе болғаны. Ең бастысы, баланың туу туралы куәлігі мен әке-шешесінің жұмыс істеген, оқыған немесе әскери қызметте болған уақыты сәйкес келуі керек», – дейді мемкорпорация өкілі.Қысқасы, полигон аумағында тұрғандарға, қазір де тұратындарға ешқандай да жаңа төлемақы тағайындалмайды. Бар мәселе сол төлемақыға құжат қабылдау тәртібінің өзгеруінен болса керек. Оның үстіне, бұл шуда тиісті органдардың өзінде бар ақпаратты тарату асқан жауапкершілікпен қарауы қажеттігін де көрсетіп бергендей.
Шығыс Қазақстан облысы