Солтүстік Қазақстан облысында 2017-2021 жылдар аралығында жүзеге асырылған «Еңбек» бағдарламасының нәтижесі көңіл көншітпейді. Қыруар қаржы бөлінген бағдарламаның түстіктегілерді қызықтырған тұсы тұрғын үймен қамту еді. Алайда бүгінде баспаналы боламын деп балағын түріп, білегін сыбанып келгендердің көңілінде алаң бар. Себебі теріскейдегі қоныс аударушыларға арналып салынған үйлердің сапасы сын көтермейді. Рас, әу баста бұл бағдарлама аясында жұмыс күші көп өңірден солтүстік аймақтарға көшкісі келген отбасылар қоныс аударып, олардың барлық жағдайы жасалуы тиіс еді. Мұнда оларды тұрғын үймен және жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешілуі керек болған. Дегенмен нәтиже түскейден теріскейге көшкендер күткендей болып шықпады. Өйткені қоныс аударушыларға салынған үйлер тым сапасыз. Былтыр ел Президенті осынау олқылыққа жол берген екі ауданның әкімін қызметінен босатқан еді. Алайда содан кейін де жағдай оңалып кете қоймағанға ұқсайды. Солтүстік Қазақстан облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафиннің айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-2021 жылдары 8 миллиард 630 миллион теңгеге 1 200-ден астам үй сатып алынған. «Оларға жүргізілген мониторинг пен тексеріс барысында 485 үйдің ақауы бар екені анықталды. Соның ішінде 472 үй қайта жөнделді. Ал 13 үйді жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Айыртау ауданындағы 6 үй бойынша мердігермен сот арқылы осы жылдың 31 мамырына дейін кемшіліктерді түзету туралы келісім жасалды. Мамлют ауданындағы – үш, Тайынша ауданындағы төрт үйге қатысты кепілді міндеттемелерді орындату туралы сот жүріп жатыр. Шілде айына дейін жұмысты аяқтау туралы мерзім белгіледік»,– деді Қайрат Сағидоллаұлы. Басқарма басшысы түсіндіргендей, заңнамаға сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы техникалық сүйемелдеуді талап етпейді екен, үйлерді меншік иесінің өзі пайдалануға береді. Яғни, құрылыс барысы мен үйді пайдалануға қабылдау кезеңіне мемлекеттік құрылымдар араласпайтын көрінеді. «Ал сатып алған кезде бұл үйлер сатып алу процедурасына қойылатын тиісті талаптарға сәйкес келген болатын» деп сендірді Қ.Мұстафин. Расында, құрылыс жұмыстарының жекелеген түрлерінің сапасыз орындалғаны үйді пайдалану кезінде ғана белгілі болған. Қайрат Мұстафиннің айтуынша, кемшіліктердің 65 пайызы нысанның ішкі құрылыс жұмыстарына қатысты. Яғни, үйлердің кейбірінде шатыры мен едендері тиісінше төселмеген, есіктері сапасыз орнатылған, сантехника атымен жоқ, үйлердің айналасына асфальт төселмеген.
Жер аударуға ұқсайды
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев үйлердің сапасын қатаң сынға алды. «Асығыс салынған үйлер қоныс аударушылардың наразылығын туғызды. Бұл баспаналар елді мекендердің шетінде орналасқан. Көшіп келушілер өз сорпасында өзі қайнай отырып, жаңа жерге бейімделуге тура келеді. Оңтайлы деп саналатын бұл бағдарлама сырт қарағанда жер аударуға ұқсайды. Жергілікті тұрғындар Солтүстік Қазақстан облысынан үдере көшіп жатыр. Олардың орнына қандастар мен қоныс аударушылар келіп жатқанымен, демографиялық алшақтық азаймай отыр. Сондай-ақ өлім-жітім көрсеткіші артып, туу деңгейі керісінше төмендеген», – дейді Павел Афанасьев. Қоғамдық кеңес мүшесі 20 миллиард теңге бөлінген бағдарлама арқылы теріскейге келгендердің қазіргі жағдайына алаңдайды. «Шындап келгенде, қоныс аударушылар әлдеқайда жақсы өмір сүруі тиіс. Бағдарламаға қаншама қаржы бөлінді. Бірақ нәтижесі ойдағыдай емес. Бұл қаржы қайда жұмсалды деп сұрауға хақымыз бар. Үйлер бірнеше жылдан бері қаңырап бос тұр. Салдарынан жарамсыз болып жатыр. Үш жыл бос тұрған үйге кейін көшіп келушілерді қоныстандырады. Қаңқасына дейін қатып қалған үйге қанша жерден пеш жақса да жылыту мүмкін емес», – дейді қоғамдық кеңес мүшесі.500-ден астам адам қайта көшіп кетті
Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары бағдарлама бойынша үйлерді сатып алуға ғана қаржы қарастырылғанына қарамастан, қора-қопсы салуға, септиктер мен қоршаулар орнатуға, сумен және электр жарығымен жабдықтауға, жол салуға және басқа да іс-шараларға аудандар мен облыс бюджетінен шамамен 800 миллион теңге бөлінгенін айтып ақталды. Алайда кейбір қоныс аударушылар әлі күнге дейін қора салынғанын күтіп жүр. Былтыр Шымкент қаласынан көшіп келген Айдана Орынбасар отағасымен мал өсіріп, кәсіп ашқысы келгенімен, бұған қора-қопсының жоқтығы қолбайлау болды. Ол әкімдік салып беруге уәде еткен қораны күтіп жүргеніне бір жылдың жүзі болғанын айтады. «Жуырда облыс әкімі жиналыс өткізді. Онда қора салуға 20 миллион теңге ақша бөлінгені айтылды. Ол қаражат бір аптадан соң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне түсуге тиіс еді. Бірақ ол да жоқ. Биыл ауданда қора соғылуы қажет екен. Ал 20 миллион теңге оған жетпейтін көрінеді. Былтыр да қаржы бөлінді деп естіген едік. Бірақ ешкімге қора салынбады. Бізге бұл үйді 7 миллион теңгеге аласыңдар деген еді. Бірақ келісімшартта 7,3 млн теңге деп тұр. Неге деп сұрағанымызда, асфальт төселеді және су өткіземіз деп жауап берді. Қалтамыздан ақша шығарып, суды өзіміз тартып алдық. Тұрақты жұмыс жоқ. Тауып берген жұмысының айлығы – 50-60 мың теңге. Ол ақшаға қай жыртығымызды жамаймыз? Терезелерден жел уілдейді. Төбеден су ақты. Едендер де көгере бастады. Еш көмек болмаған соң өзіміз жөндеп жатырмыз», – дейді Қызылжар ауданына қарасты Чапаево ауылының тұрғыны Айдана Орынбасар. Қытайдан келген қандас Серік Қадырбек те қолда бар малын сатып жатқанын айтады. «Жағдай жасаймыз, барынша көмектесеміз» дегенге сеніп келдік. Жайылым жер, шабындық береміз деген соң осы жаққа ат басын бұрдым. Қазір малдан басқа ештеңеміз жоқ. Келгенде 20 сиыр болған. Жартысын сатып жібердім. Мұнда бос жатқан жерлерге де мал жайғызбайды. Жеті сиырды сауып, сүтін сатамыз. Шағын бизнесім бар деуге болады. Бірақ оны ары қарай дамыту үшін грант ала алмай отырмын. Әкімдікке барсақ «ана портал, мына портал», – дейді. Одан қалды жасымның 29-да екенін айтады. Әңгімесі көп. Ешқандай игілік ала алмай жатырмыз», – деді Чапаево тұрғыны Серік Қадырбек. Келген жағына қайта көшіп кетушілердің кейбіреулері әлеуметтік және еңбек шарттарының мерзімі аяқталғанын көрсетіпті. Кейбіреуінің жұмысы маусымдық, яғни уақытша болса керек. Әрі Солтүстік Қазақстан облысындағы қымбатшылық қыспаққа алған. Мұнда азық-түліктің те, құрылыс материалдарының да бағасы аспандап тұрғаны көңілдеріне жаға қоймағаны анық. Мәселен, Шымкентте 6 мың теңге тұратын профлист үшін солтүстік өңірде 22 мың теңгеге шығындану керек. Қоныс аударушылар үшін Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлесетіні де қиындық тудырады. Мәселен, Сарыағаштан Мамлют ауданына көшіп келген Ғани Жүсіпбеков бүгінде сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Азғантай еңбекақыны місе тұтпай, өз ісін дөңгелетпек болған кәсіпкер мемлекет грантына ие болғанымен, енді сол қаржы үшін басы істі болып отыр. «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 2 миллион 400 мың теңге қайтарымсыз грант алып, монша ашқан азаматтан бүгінде грантты қайтару талап етілуде. Ғани Жүсіпбековтің айтуынша, сот отырысы толығымен орысша жүріп жатқан көрінеді. Бұл – өз құқығын бұзу деп білген азамат сот отырысы мемлекеттік тілде жүргізілуін талап етуде. «Сот отырысы төрт рет орыс тілінде өтті. Бірақ мен орысша білмегендіктен, ештеңе түсінгенім жоқ. Оларға мен қазақша жүргізуін өтіндім. Бірақ менің сөзіме ешкім мән беріп отырған жоқ. Өздері тіл білмесе, аудармашы алдыртсын. Ол да жоқ. Сондықтан келесі сот отырысы мемлекеттік тілде өтпесе, қатыспаймын деп заңды талап қойып отырмын», дейді Ғани Алғабекұлы. Бір сөзбен айтқанда, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының нәтижесі көңілден шықпай тұр. Сонда да болса Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күші әлі де жеткіліксіз. Электронды еңбек биржасында 1 740 бос жұмыс орны тіркелген. Ал осы қажеттілік өтеуді мақсат етіп көшіп келген 500-ден астам адам қайтадан көшіп кеткені қынжылтады. Көш бағытының кері бұрылуы әлгінде біз мысал еткендей қоныс аударушыларға лайықты жағдай жасалмауынан болса керек.Солтүстік Қазақстан облысы