Бақытты балалық бизнеске айналмасын!
Бақытты балалық бизнеске айналмасын!
Биыл «Балалар жылының» жарияланғанына да жарты жылға жуықтап қалды. Бірақ атаулы жылда бала­лар­дың амандығы мен саулығы үшін атқарылып жатқан істерді естігенмен, игілігін көріп жүргендер аз. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Өс­келең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – жалпыұлттық мін­детіміз» деген еді...

 «Бір қайнауы кем» билет

Былтыр кәмелет жасқа толма­ған балаларға ұшақ билеті су тегін болатыны айтылды. Бұл хабарды естіген ата-аналардың қуа­нышында шек болмаған. Артынша бағдарламаны қолға алушылар балаларға арналған тегін билеттің төркінін түсіндіріп, қандай мақсатқа арналғанын айтқан. Сөйтсе балаларға арналған ұшақ билеті тек туристік оператор ар­қы­лы ұсынған пакетті сатып ал­ғанда ғана ақысыз болады екен. Ал туроператорлардың мемлекет тарапынан жасалған бағдарламаға қатысуы өз қалауымен іске аса­тынын айта кеткен жөн. «Елімізде демалушылар «Кидс гоу фри» бағдарламасы бойынша әуе билетін тегін ала алады. Балаларға арналған билет шығыны мемлекеттен төленеді. Қазақстан­дықтар балаларына еліміздің әдемі өңірлерін тамашалап, көрсетуі үшін субсидия беріледі. Бұл – қазақстандықтарды елдің туристік орындарында отбасымен демалуға ынталандыру», – деді жақында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев. Субсидиялық бағдарламаны Kazakh Turism ұлттық компаниясы жүзеге асырады. Сондай-ақ турис­тік компанияның ішкі туризм саласында міндетті түрде ли­цен­зиясы болуы шарт. Яғни, ел ара­сында ұшып-қону билеті ешкімге тегін берілмейді. Мысалы, бала­ларды ертіп ата-әжесінің үйіне не болмаса тойға жиналсаңыз, бұл үшін тегін билет ешкімге жоқ. Тіпті, демалысқа баратын болып, ұшақ билетін тікелей қосымшадан немесе сайттың өзінен сатып алса да балаларға ақылы. Шекара асып шетелдің әдемі туристік жерлеріне жол тартсаңыз да балаларға арнал­ған билет тегін емес. Тегін билет тек қана ішкі туризм бойынша туристік компаниядан алынады. Тоқ етері, балаларға арналған билетке қол жеткізу үшін туристік пакетті де қоса алу керек. Оның ішіне барып-келу билеті, қонақ үй, тамақ және басқа да қызметтер кіреді. Ал туроператор болса ту­рис­тік өнімге қосылған билет құ­нын мемлекет есебінен өндіріп алады. Әйтсе де балаларға арнал­ған билеттің құнын өндіріп алу машақатын ескеретін туро­ператор­лар бұл бағдарламадан ай­налып өткенді құп көреді. «Мұндай тәсілдің жұмыс істеуі өте қиын. Мысалы, Алакөлге немесе Ақтауға барып демалу үшін туроператорға барып «Бізде екі ересек, екі бала» деп айтасыз. Бірақ бастапқы кезде демалушылар барлық билетті толық сатып алады. Қайтып келген соң дема­лып келгенін анықтайтын қағазды көтеріп қайта келеді. Алайда билетке жұмсаған ақшаны бірден ешкім бермейді. Біршама уақыт өткенде ғана қайтарады. Оның өзінде жол шығынды қайтару үшін дәлелдеу жұмысы жетерлік. Сон­дықтан көптеген туро­ператорлар мұндай уақыт жоғалтатын бағдар­лама арқылы жұмыс істегеннен бас тартады», – дейді туроператор өкілі Динара Сүгірбаева.

Жүйкеден бұрын жүйе жұқарған

Балалардың қызығушылығы бойынша қолға алынған бағдар­ламаның да былығы көбейіп бара­ды. Президенттің тікелей тапсыр­масымен жасалған игі істің игілігін көреміз дегендердің жүйкесі жұқара бастады. Бағдарламаға қатысу үшін жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жеке клубтар мен үйірмелерге Artsport.edu.kz сайты арқылы тіркелу керек. Сайтта жеке кабинетін ашып, өздері тұратын қаланың картасы арқылы кез келген үйірме мен спорттық секцияларға өтінім бере алады. Осы арқылы оқушы­лардың уақытын тиімді жұмсап, қосымшаларға қаражаты жоқ отбасылардың балалары бос уақытын тиімді жұмсауды 100 пайыз қамтуы керек еді. Алайда әп-әдемі бағдарламаға бөлінген қаражат күні бұрын бітіп қалады, біресе ваучер алуда түсініксіз тіркелу жүргізіледі. Тіпті, үйірме­лер мен спорттық секциялардың арасында ваучер алып, бірде-бір сабақ өткізбегендер де шыға бастады. Сорақысы, кейбір адамдар бағдарламаның қызығын көріп қалу мақсатында жоқ адамдардың атымен жеткізуші­лердің арасына жазылып, жалған үйірме ашыпты. Өйткені бағдар­ламаға қатысу үшін ашылған жеке клубтар мен үйірмелердің жұмы­сын тексеруді ешкім мойнына алмаған. Бағдарламадан бұрын жұмыс істеп тұрған жеке спорттық және шығармашылық үйірме­лердің өзіне статистика жүргізіл­меген. Бағдарламаға бірінші жылы жазылып үлгергендер болмаса, бүгін­де сайт арқылы үйірме мен спорт­тық секцияларға тіркелу мүмкін емес. «Былтыр сайтқа кіріп балам­ды биге әрең жаздырғам. Оның өзінде аптасына бір рет барады. Бір бала тегін үйірмеге екі ваучер ғана ала алады екен. Екіншісін әлі күнге дейін пайдаланған жоқпыз. Себебі сайттағы біз таңдаған үйірме мен спорттық секцияларға бөлінген қаражат бітіп қалыпты, орын жоқ», – дейді елордалық Жанна Өмірзақова. Ал тегін спорттық секцияға ваучер алған Алматы қаласының тұрғыны Қай­рат Алдамұратов былтыр қыр­күйек­тен бері баласын футбол клу­бына бере алмай жүр. Жеткізу­шілер бірде баланың жасы, бірде кезегі келмегенін айтып, соңында «топ жасақталса, бір хабарын береміз» деп қысқа қайырады. Содан бері клубтан хабар жоқ. Тағы бір алматылық тұрғын алыс болған соң үйірмеге бірде-бір рет бармаған баласының атынан акт жасалғанын айтады. Бұл ақпаратты ол үйірменің атынан хабарласқан жаттықтырушысынан естіп-білген. Жұрттың сөзіне сенбеуге де болар еді. Бірақ жуырда ғана «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов бағдарламаға бөлінген 28 млрд теңгенің қолды болғанын айтқан. Оның айтуын­ша, Шымкентте мемлекет қара­жатын оңай олжа көргендер құжат жүзінде ғана үйірме ашыпты. Балалар мен жаттықтырушылар санын қолдан көбейтіп, әрбір ваучер үшін ақша алып отырған. Порталда тіркелген ата-аналар мен телефон нөмірлері, электрон­ды пошталар да жалған болып шығыпты. Кейбір қызмет көрсету­шілер бір үйірмеге ғана жазылған баланы өзгелеріне рұқсатсыз тіркеп, олар үшін де төленетін ақшаны өз қалталарына басып келген. Ол ма, тегін үйірмелер мен спорттық секциялар балаларды топқа бөлмей сабақ берсе, қызмет жеткізушілердің арасында өз ұрлық­тарын өздері ашқан жағдай­лар да кездескен. Мұндай тексеріс енді елордада да жүргізілуі мүмкін. Қоғамдық бірлестік басшысы тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкіміне хат жолдаған. Әйткенмен әкімдіктен әлі жауап келмепті. «Кеше ғана ресми хаттың жауабын сұрадым. Жауап болмаған соң республика бойынша тексеріс жауап туралы ұсынысты Мәдениет және спорт министрлігіне жолдадық. Ал Шым­­кент қаласы бойынша тек­серіс нәтижесін құзырлы орын­дарға жолдадық. Ары қарай заңсыздықтар бойынша тексеріс жұмысымен Жемқорлыққа қарсы күрес департаменті және қалалық прокуратура айналысады», – дейді Дидар Смағұлов. Егер елордада да осындай тексеріс жасалса, жүйедегі біраз жүгенсіздіктер жария болуы да мүмкін. Өйткені бұған дейін Бала құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Саин да Нұр-Сұлтан қаласындағы ваучерлердің бөліске түсіп, үйірмелерге жолдама алуға қолдан кедергі жасалып отырға­нын айтқан-ды. Айтуынша, бюд­жеттен бөлінген қаржыны Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқар­масының қызметкерлері өздері таңдап алған мекемелерге үлес­тірген көрінеді. Осы бассыздықты анықтау үшін омбудсмен бірнеше мекемеге хат жолдаған. Алайда қоғам белсендісінің хаты сиырқұйымшақталып кеткенге ұқсайды. Ал Aiqyn газетінің өткен сандарының бірінде әріптесіміз бірде-бір үйірмеге бармаса да ваучер берілген деректерді тауып, мақала жазған болатын.

Тіс емдеушілер тендерге тік қасық

МӘМС жүйесі іске асқан алғашқы күннен бастап стома­тология­лық қызмет балаларға тегін болуы керек. Бұл туралы «Халық денсаулығы және денсау­лық сақтау жүйесі туралы» кодекс­те те көрсетілген. Бүгінде 600-ден астам субъекті қордың жеткізу­шілері ретінде стоматологиялық көмек көрсетеді. Соның ішінде 400-ден астамы – жекеменшік клиника. Яғни, сақтандыру бойынша 18 жасқа дейінгі балалар шұғыл және жоспарлы емді осы стоматологиялық клиникалардан тегін алуға құқығы бар. «Стома­тологиялық клиника қордың әлеуетті медициналық қызмет жеткізушісі болуы маңызды. Қазір көптеген клиника түнге дейін немесе тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан көмекті ұзақ күтудің қажеті жоқ», – дейді сақтандыру қорының мамандары. Бірақ бұл айтылғанның да бұлыңғыр тұсы көп. Себебі мемле­кет­тік емханаларда тіс дәрігер­лерінің кабинеті жоқ. Жеткізуші жекеменшік клиникалар ауырып барған балаңды бірден ақысыз емдеп бермейтіні де ақиқат. «Алты жастағы баламның төрт тісін емдету керек болып емханаға бар­дық. Жолдама арқылы жекеменшік клиникаларға барғанымызда жазылу уақыты бітіп кеткенін жеткізді. Апталап күтіп бір тісін әрең емдеттік. «Арзанның тұзы татымайтыны» тағы бар. Емдеген тістері көпке бармай түсіп қалды. Ары-бері сандалыспен көпке жү­ре­тін болған соң бағасы бас айнал­дыратын жекеменшік клиникаға жүгіндік. Төрт тіс үшін 400 мың теңге жұмсап, қызымыз­дың тісін емдеттік. Әйтпегенде ендігі әлі жүретін едік не болмаса іріңдеп кететін еді», – дейді Ал­маты қала­сы­ның тұрғысы Данна Көп­жасарова. Соңғы кездері мемлекеттің жүкті әйелдер мен балалардың тісін тегін емдеу тапсырысы осылайша жекеменшік тіс емдеу орталықтары үшін «майшелпекке» айналған. Тендерді теңдей бөліп алатын тіс емханалары дайын асқа тік қасық қана. Әйтпегенде әлгі айтқандай жұрттың дені қордан қызық көріп отырғаны шамалы.

P.S.

Біз «Балалар жылына» арналған іс-шаралар жоспарын емес, одан бұрын басталған бағдарламалар жайлы сөз еттік. Өйткені олардың барлығы балаларға арналуы тиіс еді. Бірақ бала мәселесіне жүрдім-бардым қарау әлі де кездесіп қалуда. Ал арнайы іс-шаралар жоспарының қалай орындалып жатқанын «AMANAT» партиясы қатаң бақылауға алыпты. Өйткені жос­пар­дағы қыруар қаржы қажетсіз жиындарға бөлінген деседі.