Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ІХ туры мәресіне жетті. Былтырға қарағанда биыл ішкі біріншіліктегі командалар арасындағы бәсекелестік, чемпиондыққа талас жоғары. Қазірдің өзінде бірінші орын мен тоғызыншы орында тұрған клубтардың арасын бес-ақ ұпай бөліп тұр. «Тараз» бен «Каспийде» 17-16, «Астана», «Ордабасы», «Атырау» және «Ақтөбеде» 14, «Шахтер» мен «Қайратта» 13 ұпайдан бар. Тоғыз ұпаймен «Тобыл» тоғызыншы орында келеді. Жаңа маусымның бір ерекшелігі – командалардың деңгейі теңескен. Сол себептен де шығар, әр тур сайын күтпеген нәтижелер тіркеледі. Фаворит деген «Астана», «Қайрат», «Тобыл» үштігінің ортаңқол командаларға қарсы үш ұпай түгілі бір ұпай еншілей алмай қалатын кездері жиіледі. Осыдан кейін көш басына әу баста аутсайдер саналған «Тараз», «Каспий», «Ордабасы» шығып алды.
«Қайраттың» қайраты қайтты ма?
Төрт ойын бойы жеңіске жете алмай келе жатқан алматылық клубтың ойыны ала-құла. Құрбан Бердыев қайта жасақтаған «Қайраттың» әп-сәтте ортаңқол клубқа айналғанына жанкүйерлер наразы. Оның үстіне, мықты деген легионерлері жарақаттан аяқ алып жүре алмай, команда көшін алға сүйреуге көмек қолын соза алмай тұр. Гуральскийдің ескі жарақаты қайта сыр берді. Талантты қорғаушы деп мақтауын асырған Экве де «Қайрат – Жастар» сапында жүріп жарақат алып қалды. Команда көшбасшыларының бірі Кантенің де денсаулығында кінәрат бар. Маки Баньяк та алматылық клубқа жақын уақытта көмектесе алмайды. Бұл жағдайлардың бәрі клубтың ойынына кері әсерін тигізуде. Мұны бас бапкер де мойындады. «Қайрат» ІХ турда «Қызыл-Жармен» (1:1) тең түсті. Алматы қаласында өткен ойында қос команда негізінен шабуылға иек артты. Десе де, футболшылар оңтайлы сәттерді ұтымды пайдалана алмады. Ойынның 7-минутында алматылық клубтан Рикардо Алвеш қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Он ойыншымен қалған «Қайрат» ойыншылары соған қарамастан бірінші болып есеп ашты. Сұлтанбек Астанов 45-минутта нысананы дәл көздеді. Алаң иелерінің бір голына 64-минутта «Қызылжар» командасынан Дарко Зорич жауап қайырды. Тоғыз ойында 3 рет жеңіп, 4 рет тең түсіп, 2 рет жеңілген алматылықтар 13 ұпаймен 8-орында келеді. Бұл – «Қайрат» үшін жақсы көрсеткіш емес.«Тараз» көш бастады
Маусым басталғалы бесінші жеңісіне қол жеткізген жамбылдық команда 17 ұпаймен турнир кестесінің басында тұр. Кейінгі кездесуінде әулиеаталықтар Түркістанда «Мақтааралды» минималды есеппен жеңді. Жеңісті голды Мақсат Әмірханов салды. Бұл Нүркен Мазбаев жаттықтыратын команданың қатарынан төртінші жеңісі. Атап айтар болсақ, олар 6-турда Шахтерді (2:1), 7-турда Ақсуды (2:1), 8-турда Ақтөбені (3:0), 9-турда Мақтааралды (0: 1) қапы қалдырды. – Негізі, биыл ел біріншілігі таңғаларлықтай өтіп жатыр. Бәрінен бұрын мені «Тараздың» бірінші орынға көтерілгені қуантты. Жамбылдық жастардан құралған команда әр тур сайын жақсы ойынымен көзге түсіп жүр. Біріншіліктегі қымбат легионерлерден еш кем түспейтінін дәлелдеді. Аз қаржымен осындай нәтижеге қол жеткізу үлкен ерлік. Әрине, жамбылдықтар бірінші орнын сақтап қала алмайтын шығар. Бірақ алғашқы алтылықта жүреді деп ойлаймын. Алғашқы 9 турға қарап биылғы еурокубоктық ойындарға қатысатын клубтарымыздың деңгейі төмен екенін байқадым. Конференция лигасының іріктеу кезеңінде ойнайтын «Қызыл-Жар» турнирлік кестеде соңғы орында жүр. «Астананың» да жағдайы мәз емес. Ойындарында тұрақтылық жоқ. «Қайратта» қазір бәрі жаңадан құрылып жатыр. Өзінің академиясының жастарына сенім артады. Ол команда да ұзаққа барады дегенге сенбеймін. Чемпиондар лигасының іріктеу сатысында ел намысын қорғайтын «Тобыл» жуырда бас бапкер ауыстыруы мүмкін. Өйткені олар да ұпайдан шашау шығарып, турнирлік кестеде 8-орында жүр. Сондықтан биыл аталған клубтар UEFA жарыстарында мардымды өнер көрсетуі неғайбіл, – дейді спорт журналисі Ермұхамед Мәулен. Жақсы менеджмент жақсы нәтиженің кепілі екенін айтқан комментатор Уалихан Қосанбай «Тараз» клубының қаржылық жағдайы мәз емес, бірақ нәтижесі тәуір екеніне таңданысын білдірді.«Ордабасы» оңалып келеді
Маусымның басты жаңалығына айналған «Ордабасы» биыл жаңа құраммен тамаша ойын өрнегін көрсетті. Седнев жаттықтыратын клуб сегіз тур ішінде еурокубокқа қатысатын «Тобыл», «Қызыл-Жар», «Қайратты» жеңді. Бірақ тоғызыншы турда олар сырт алаңда Атыраудан 2:1 есебімен жеңілді. Осы ретте айта кетейік, шымкенттік клуб сырт алаңда өткізген төрт ойынның төртеуінде де жеңіске жете алған жоқ. Есесіне өз алаңында ұпайдан шашау шығармай келеді. Жалпы, биылғы «Ордабасының» ойыны былтырғымен салыстырғанда жақсарған. Өткен жылы қымбат құраммен түк бітіре алмаған Седнев ойыншыларына барлық жағдай жасалған. Бірақ сенім үдесінен шыға алмады. Қарызға белшесінен батып, жабылудың аз-ақ алдында болды. Түркия жеріндегі оқу-жаттығу жиынына да бармай, маусымға дайындықтарын Шымкентте өткізді. Тіпті, олардың біріншілікке соңғы сәтке дейін қатысу-қатыспауы белгісіз болды. Жергілікті ойыншылардың жанына жас әрі арзан бағаға легионерлер алуға тура келді. Қызығы, сол ойыншылар бірнішіліктің көрігін қыздырып, нәтижелі ойынымен көзге түсуде.«Тобыл» мен «Астанада» тұрақтылық жоқ
ІХ тур фавориттер сүрінген тур болды. Түркістандық «Тұран» азулы «Астана» қақпасына үш гол соғып, сырт алаңнан бір ұпай еншілеп қайтты. «Шахтер» биылғы біріншіліктің чемпионы «Тобылды» 4:1 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Қостанайлық команда бес ойын бойы жеңіске жеткен жоқ. Ал елордалық команда қатарынан екі ойында тең түсті. Осыдан-ақ жаңа маусымда ортаңқол клубтардың үздіктермен үзеңгі қағыстыруға шамасы жетіп қалғанын байқауға болатындай. Қазақстандағы титулды клубтардың бірі «Ақтөбе» әупірімдеп жүріп алғашқы алтылыққа енді. Олар өз алаңдарында «Ақжайықты» 2:1 есебімен жеңіп, маңызды ұпайларына қол жеткізді. Өткен турда турнирлік кестенің басына жайғасқан маңғыстаулық «Каспий» «Ақсудан» жеңіліп, Павлодарда ұпай жоғалтты.Төрт бапкер ауысты, бесіншісі кетуге дайын
Біріншілік орта тұсына жетпей жатып төрт бірдей команда бапкер ауыстырып үлгерді. Бесінші команданың бапкері де қызметінен кетуге қамданып жатыр. Алғаш болып «Тұранды» жаттықтырған Владимир Газаев жылы орнын босатты. Қазір оның орнына жаттықтырушының көмекшісі болған Қуаныш Қабдулов уақытша команданы жаттықтыруда. Отандық маман тізгінді қолға алғалы бері команданың ойыны жақсарып, ақырындап нәтиже де келе бастады. «Астанамен» өткен ойын осының анық дәлелі. Белгілі қазақстандық жаттықтырушы Андрей Карпович те «Қызыл-Жар» командасынан кете салысымен көп өтпей «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды. Өйткені «ақ-қызылдарды» жаттықтырған Владимир Муханов сенім үдесінен шыға алмай, клубпен келісімшартын үзген. Тағы бір ресейлік маман Магомед Адиев те қаржылық жағдайға байланысты қарағандылық «Шахтёр» командасымен қоштасты. Аталған жаттықтырушының жуырда Қазақстан құрамасының бас бапкері болатыны туралы ақпараттар тарап жатыр. Ал «кеншілердің» тізгінін уақытша Константин Емельянов ұстады. Дәл осы маман жаттықтыратын командадан өткен турда ірі есеппен жеңілген «Тобылдың» бас бапкері Александр Москаленко да қызметінен кететінін мәлімдеді. Оның орнына командаға қайтадан Григорий Бабаян келмекші. Өздеріңіз байқандай, небәрі 9 турдан соң ҚПЛ-дағы 14 команданың 4 бапкері ауысты, бесіншісі орнын босатуға дайын. Біздегі біріншілік қызығы мұнымен тоқтап қалмасы айқын. Тіпті, нағыз қызық енді басталатын сыңайлы.