Талдықорғанда фермер қол астындағы жұмысшысын көлікпен таптап, сабап тастаған, – деп жазады Sputnik.kz. Полиция 43 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жәбір көрген ер адам фермада отбасымен бірге тұрған. Ол кәсіпкердің малын баққан. 2 мамыр күні екеуі сөзге келіп қалып, жанжалдан кейін бақташы әйелі мен кәмелет жасқа толмаған балаларын алып, фермадан кетемін деп жолға шыққан. Сол кезде күдікті оны Lexus-470 көлігімен қуып жетіп, оны көлігімен басып өтті деген күдік бар. Одан кейін көліктен шығып, тағы да ағаш таяқпен ұрған. Дәрігерлер бақташыға гемопневмоторакс деген диагноз қойды. Кеудесіне қан жиналып қалған. Тоғыз қабырғасы мен жауырыны сынған. Облыстық ауруханада ем қабылдап жатыр. «Күдікті қамауға алынды. Медициналық сараптама оның ішімдік ішкенін анықтады», – деді полицейлер. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.