Жұмыс тобының мүшелері Конституциядан Тұңғыш Президент мәртебесі туралы норманы алып тастауды ұсынды – Марат Бәшімов
Жұмыс тобының мүшелері Конституциядан Тұңғыш Президент мәртебесі туралы норманы алып тастауды ұсынды – Марат Бәшімов
254
оқылды
Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов Президент ұсынған конституциялық реформа айналасында туындаған мәселелерге қатысты пікір бөлісті. Сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Тұңғыш Президент мәртебесінің өзгермейтіндігі туралы норманың сақталуына қатысты сұрақтарға жауап берді.
«Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформа қоғамда сындарлы түрде талқыланып жатыр. Талқылау барысында жұртшылық конституциялық реформаның барлық тармақтарын, соның ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қатысты жекелеген нормаларды Конституциядан алып тастау туралы түзетулерді де қолдады. Бұл Тұңғыш Президенттің қатарынан екі реттен артық сайлану құқығы туралы норма және оның мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және Конституциялық заңмен айқындалады деген норма» - деп түсіндірді Марат Бәшімов.
Сонымен қатар, ол 91-бапта Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Тұңғыш Президент мәртебесінің өзгермейтіндігі туралы норманың сақталуы қоғамда айтарлықтай қарама-қайшылық тудырып отырғанын да айтып өтті.
«Конституцияға енетін түзетулер жобасын әзірлеген жұмыс тобының кейбір мүшелері Мемлекет басшысына Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін негізгі заңнан алып тастау туралы ұсыныс жіберді, сондықтан ол ешқандай құқықтық жүктемеге негізделмейді. Н. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болғаны тарихи факт, ол оны ерекше заңдық тұрғыдан бекітуді талап етпейді.  Жұмыс тобы мүшелерінің пікірін ескере отырып, Конституциялық Кеңеске қосымша өтініш жолданды» – деп жазды сарапшы әлеуметтік парақшасында.
Бәшімовтің айтуынша түзетулер енгізу жобасына сәйкес, Тұңғыш Президент, оның мәртебесі мен өкілеттігі туралы барлық нормалар Конституциядан толығымен алып тасталады.
«Бұл жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның демократиялық бағытта екенін көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы сөз жүзінде емес, іс жүзінде  «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына берік ұстанымын тағы да растады» – деді Марат Бәшімов.