AMANAT партиясы жобалау ұйымдарын лицензиясынан айыруды ұсынды
AMANAT партиясы жобалау ұйымдарын лицензиясынан айыруды ұсынды
196
оқылды
AMANAT Партиялық бақылау комитетінің отырысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған инфрақұрылымды дамыту жайы қаралды. Елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге мемлекеттік және жеке секторлар тарапынан формальды, жүрдім-бардым қарау байқалады. Бұл бағыттағы жұмыстардың көңіл көншітпейтіні  AMANAT Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырыс барысында айтылды. Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігі бойынша барлық қажетті талаптар ескерілмейтінін атап өтті. «Мәселен, бір ай бұрын ғана ашылған М.Мәметова атындағы халықаралық әуежайда арбамен жүретіндерге арналған шақыру түймелері істен шыққан, арнайы арбаны көтеруге арналған лифт баспалдақтың соңына дейін бармайды, күту бөлмесі мүгедектер арбасын пайдаланушылар үшін тар және автотұрақ кіреберістен 50 метр қашықтықта орналасқан. Күту кезінде мүгедектер өзге біреудің көмегіне мұқтаж. Себебі мұнда арбаның орнына пассивті қоларба ғана бар, амбулифт те жоқ. Бұл жерде жөндеу жұмыстарына 6,6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалса да, құрылысшыларға сол ақша жетпеді ме деген күмән туындайды», – деп атап өтті депутат.    width= Партиялық бақылау комитетінің мәліметінше, жыл сайын мемлекеттік органдар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, емханалар, мектептер сияқты 4400 нысанға мониторинг жүргізілуге тиіс. Алайда 2022 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша inva.gov.kz қолжетімділік картасына енген 3 мыңнан астам нысан ғана тексеруден өткен. «Бейімдеуге жататын объектілерді анықтау кезінде өңірлер әлеуметтік маңызы бар нысандарды есепке алмайды. Ауруханалар, университеттер және басқа да көптеген мекемелер тізімге кірмей қалады. Өткен жылы ерекше қажеттіліктері бар азаматтар санаторийлерде демалуға өтініш білдірген. Сол бойынша жергілікті атқарушы органдарға оларды тізімге енгізу ұсынылғанымен, олардың тарапынан ешқандай жауап болған жоқ», – деді Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Артур Платонов. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев те жергілікті атқарушы органдардың қызметіндегі кемшіліктерге тоқталды. «Әкімдіктер 2022 жылы бейімдеуге тиіс нысандардың тізімін бекітті. Бірақ  олар асығыс жасалған. Бұл тізімге халыққа қызмет көрсету орталықтары мен санатоийлердің біразы кірмей қалғанын көріп отырмыз. Бөлінген қаражат та жеткіліксіз. 2025 жылға дейін ғимараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өңірлерге 7,3 млрд теңге бөлінді. Ал Алматы қаласында қаражат мүлде қарастырылмаған. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында осы мақсатқа қарастырылған қаржы тым аз. Қаржыландыруды қамтамасыз етудің нақты тәртібі жергілікті атқарушы органдарға бұған дейін айтылған болатын», – деді Ербол Нұрғалиев. Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев қазіргі уақытта салынған ғимараттарға сараптама жүргізетіндердің 80%-дан астамы жеке ұйымдар екенін айтты. «Нысанды қабылдау кезінде міндетті түрде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы қатысуы керек. Бұл жерде қазір мүдделер қайшылығы туындап отыр. Жергілікті билік өздері салып, өздері тексереді. Ал біз орталық мемлекеттік орган ретінде тек баға бере аламыз. Сондықтан біз мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс комитетінің қарауына қайтаруды ұсынамыз», – деді вице-министр. Сонымен қатар, партиялықтардың пікірінше, мүгедектер, қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері салынып жатқан нысандар мен кешендерде жүргізілетін мониторинг жұмыстарына қатысуы керек. Бірақ іс жүзінде бұл жүзеге аспайды. «Ғимараттар мен құрылыстарды жобалаумен айналысатын ұйымдардың ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімділікті көздейтін құрылыс нормаларын сақтамағаны үшін жауапкершілікті заңнамалық деңгейде қарастырған жөн. Мысалы, әкімшілік жаза немесе лицензиядан айыруға болады», - деді Жанат Омарбекова. Айта кетсек, өткен жылы сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында елімізде ерекше қажеттіліктері бар жандарға психологиялық, құқықтық көмек көрсету және жұмысқа орналастыру мақсатында 14 «Ten Qogam» орталығы ашылып, бүгінде оларға келушілер саны 23 мыңнан асты. Партия филиалдарының бастамасымен 360 жұмыспен қамту жәрмеңкесі өткізіліп, 5 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды. Елімізде «Болашақ» корпоративтік қорымен бірлесіп мектептерде 43 инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Соңғы 2 жылда 15 қалада «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен бірлесіп, аз қамтылған отбасылардан шыққан ерекше білім беруді қажет ететін 720 бала үшін 70-тен астам тегін бейімделу үйірмелері ашылды. Ал «Кедергiсiз келешек» партиялық жобасы аясында былтыр еліміз бойынша 5 мыңнан астам әлеуметтiк және көлiк инфрақұрылымы нысандарын тексерiп, бейiмдеу жұмыстары жүргiзiлдi.