«Біз үйде, өзге тілде мүлдем сөйлемейміз. Себебі, рұқсат жоқ. Әкем бірден тілімізді тияды. Шаңырақта өз тілімізге құрмет болуы заңдылық. Біз үшін қалыпты жағдай. Ол солай болған және бұйырса, солай болады да. Есесіне, балаларымыз да, дәл сондай. Олар естігенін айтады, көргенін істейді» деген танымал әнші Мөлдір Әуелбекова үй ішінде ешкім орысша сөйлемейтінін сөз еттті. Әнші тіпті ұлына орысша сөйлеуге тыйым салған. – Бірде дүкенге бардық. Балам орысша жақсы білетіндіктен: "Мама купи мне эту игрушку, пожалуйста. Она мне очень нравится!" - деді. Бірден, өз әдетіме салып, қаталдық танытып: "Сөйлеме орысша! Немене қазақ тілін үйретпеген бе?!" - деп ұрыса қалдым. Әнші болғасын дауысым жарқын шықты. Жан-жағымдағылар қарап, естіп, "Зачем так, из-за языка ругать ребенка" - дегендей пікір білдіріп жатты. Осыны айтып тұрған өзіміздің қаракөз келіншектер. Ананы естіп, мен де қоймай: "Қазақсша сөйле, әйтпесе тіліңді жұлып аламын!!!" - дедім. Біртүрлі қарап, бірдемелер мыңғырлап жан-жаққа кетті олар. Өзім болсам, тілімді мақтан тұтып, риза болдым сол жерде! Тілімізді құрметтейік, – дейді ол. Бірде ол балабақшадан ұлының орысша сөйлеп келгенін көріп, сол бақшадан шығарып алған екен.
– Қайбір жылы, Астанада "Алпамыс" балабақшасына ұлымды қазақша топқа бердім. Екі аптадан соң ұлым тек орысша сөйлей бастады. Себебін білгім келіп, тәрбиешіге айтпай, бір күні тексеруге бардым. Тәрбиешілер орысша сөйлейді деп ойладым. Барсам, есік ашық бәрі орысша сайрап отыр. Апай қазақша сұрақ қояды, балалар орысша жауап беріп отыр. Сондағысы, 10 баланың 8-і орысша сөйлейді. Қалған екеуі (біреуі менің ұлым) әлгі сегізіне қосылып отырады екен. Ойланбастан дәл сол мезетте құжаттарын алып, балабақшадан шығарып алдым. Апайымыз: "Біз не істей аламыз? Балалар үйлерінде орысша сөйлейді, бақшада тіл үйреткеніміз зая ғой!" - деп қалды...Тіл мәселесінде ар - ол сенің келешек ұрпағың үшін жауапкершілік! Сен дәл осы үлкен жауапкершілікті сезініп, өз Ана тіліңді қорғай аласың ба? Иә! Әрине! Намысың болса қорғайсың! Әрқайсысымыз өзімізден, отбасымыздан бастайық!, – дейді Мөлдір Әуелбекова.