Біз ашық қоғамды қалыптастыру бағытында тағы бір маңызды қадам жасаймыз - саясаттанушы
Біз ашық қоғамды қалыптастыру бағытында тағы бір маңызды қадам жасаймыз - саясаттанушы
«Республикалық референдум – Президент өз Жолдауында жариялаған реформалар пакетін халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту шарасы» деді AMANAT партиясы орталық аппаратының Саяси жұмыс департаментінің директоры, саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараев. Оның пайымынша, егер олар қабылданса, еліміз өзінің саяси әрі сапалы дамуының келесі деңгейіне шығады деуге болады. Себебі реформа отандық құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді. «Оған қоса, бұл реформалар Президент 2019 жылдан бері ұсынып келе жатқан біршама саяси бастамалардың логикалық жалғасы немесе іске асуы десек, қателеспейміз. Мысалы, сол кезде Мемлекет басшысы шешім қабылдауға азаматтарды белсенді араластыруға шақырды. Енді жартылай мажоритарлы сайлау жүйесінде партияға кірмеген азаматтар да Парламентке депутаттыққа сайлана алады. Бұдан бөлек, сот шешіміне көңілі толмаған азаматтар Конституциялық сотқа тікелей арыздана алады», - деді партия өкілі. Оның айтуынша, егер референдумда дауыс берушілер аталған өзгерістерді қолдаса, онда біз ашық, азаматтық қоғамды қалыптастыру бағытында тағы бір маңызды қадам жасаймыз.