Жер салығы жанға батты
Жер салығы жанға батты
506
оқылды
Шымкент қаласының жер көлемі 117 мың гектарды құрайды. Оның 50 мыңға жуығы ауыл шаруашылығына тиесілі. Яғни, егістік алқап. Бүгінде осынша гек­тар жердің иелері, яғни шаруалар билік­ке уәжін жеткізе алмай жүр.

Қаулы 3 жылдан кейін таныстырылған

Шымкент қаласы 2018 жылы мегаполис мәртебесіне ие болғаны белгілі. Сол жылдан бері мүлік және жер салығы бойынша ел арасында біраз дау-дамай болғаны рас. Себебі Шымкент қаласының республикалық қала мәртебесіне ие болуына байланысты «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының ұсынысымен салық көлемі артқан. Осылайша, 2019 жылы мүліктің 1 шар­шы метрінің бағалау құны 36 мың теңгеден 60 мың теңгеге өскен. Республикалық қала мәр­тебесінің коэффициенті бойынша мүлік және жер салығы да еселенген. Шаруалар бұған үзілді-кесілді қарсы. Қала мәртебесінің өзгеруіне байланысты барлық жер, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер де елді мекен жерлерінің құрамына өткен. Жер кодексінің 107-бабына сәйкес елді мекендер жерінің құрамында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санаты қарал­маған. Қазір бұл ауылшаруашылық пайдалану жерлері болып есептеледі. Осыған байланысты қала аумағында Салық кодексінің 505-бабында белгіленген базалық мөлшерлеме­лер қолданы­ла­ды. Сонымен қатар Шымкент қаласы бойын­ша тұрғын үй қоры, соның ішінде құрылыстар алып жатқан жерлерді қоспағанда, елді мекен­дер­дің жерлеріне базалық мөлшерлеме белгі­ленеді және оның жанындағы құрылыстар 9,17 теңгені құрайды. Осылайша, 1 гектар жер учас­кесі үшін базалық мөлшерлеме 91 700 теңге құ­раған. Яғни, қаланың барлық жері үшін база­лық мөлшерлеме теңестіріліп, бірыңғай болған. Қала фермерлері үшін бұл өте үлкен сома. Олар жыл бойы өнім алғанның өзінде мұндай салықты төлей алмайды. Сондықтан шымкенттік шаруалар иелігіндегі жерді мемлекетке қайтара салуды құп көреді. Бірер жылдан бері құрғақшы­лық пен ағын су тапшылығын көрген диқандар­дың гектарына 91 мың 700 теңге салық төлегісі келмейді. «Агросервис БМБ» шаруа қожалығының төрағасы Манасбай Бекбауов ауылшаруашылық жерлеріне бекітілген салық көлемі кәсіпкерлер­дікімен бірдей болып кеткеніне қынжылады. «Мәселен, қала ішіндегі кішкене ғана дүңгіршек­терге бұл есептеу сай келетін шығар. Ал гектар-гектар жері бар шаруалар мұндай қаржыны тө­лей алмайды. Пайдаға шылқып отырған жоқ­пыз. Мемлекет беріп отырған кейбір субсидия­ның өзіне қол жеткізе алмаймыз. Бізді жерлерді солтүстіктің жерлерімен салыстыруға келмейді. Оңтүстікте құрғақшылық. Шаруалар «шықпа жа­ным, шықпаның» күйін кешіп жүр», – дейді ол. Қызығы, 2019 жылы бекітіліп қойған жер салығы шаруаларға 2021 жылдың желтоқсанында хабарланған. Енді 2019 жылдан бергі салықты төлеу міндеттеліп отыр. Бәрінен бұрын шаруа­ларды ашындырып отырған да осы жағдай. «Бізді күйдіріп отырғаны, қаулының қабылдан­ғанынан қаланың әкімдігі, Ауыл шаруашылығы басқармасы, тіпті Мемлекеттік кірістер басқар­масы да хабарсыз. Бізге ескертпеген. Егер ер­терек ескертілгенде біз жерімізді кері өткізіп жіберер едік. Енді 3 жыл бойғы қарыз миллиард теңгеден асады. Соттатып жіберсе де, мұны төлей алмаймыз», – дейді Манасбай Бекбауов.

230 теңгеден 92 мың теңгеге

Қаратау аудандық Фермерлер одағының төрағасы Тахирбек Нишанбаев бұрын шаруалар бар болғаны жердің гектарына 230 теңге кө­лемінде төлеп жүрсе, оның енді бірден 92 мың теңгеге көтерілгені шаруаның жанына бата­тынын жеткізді. Қазір шаруалар ауылшаруа­шылық жерлерін тұрғын үй салуға пайдалану үшін сатып жатыр екен. Салдарынан тұрғын үй салуға арналған жер көбейіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер азаймақ. Құзырлы органдар әзірге «салықты тез арада төлеңіздер» деп талап қоймады. Алайда түптің түбінде ол қарыз төленуі керек. Сондықтан шаруалар мәселені ушықтырмай, ертерек реттеп алуды қалайды. Десе де, шаруалардың мәселесі қаралған жиында жауаптылар құрғақ уәде беріп, бас шұлғумен жүрген көрінеді.

Шымкент қаласы