Ғылым қуғаннан атақ қуғандар озып тұр
Ғылым қуғаннан атақ қуғандар озып тұр
© коллаж: Елдар Қаба
570
оқылды
Елімізде 22 мыңнан аса ғалым бар. Бірақ ғалымы көп елдің ғылымының дамуы көпшіліктің көңілінен шықпай келеді. Себебі құжат бойынша растал­ған ғалым өндіріске араласып, отандық ғылымның дамуына атсалысуға асық­пайды. Сонда мемлекеттен ғалым даяр­­лауға бөлінетін қыруар қаржының желге ұшқаны ма? Мұның бір ұшы ака­демиялық адалдыққа келіп тіреледі. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы жылдары ғылым саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Ғылымды дамытуға арналған бағдарлама бекітіліп, қажетті ресурс­тармен қамтамасыз етілді. Бағдарлама бойын­ша 2025 жылға дейін ғылыми кадр әлеуетін арттыру, оңтайлы ғылыми экожүйені қалып­тастыру, ғылымның экономикадағы үлесін арттырып, өнеркәсіппен байланыстыру және ғылымды басқаруды жетілдіру сияқты мін­деттер көзделген. Биыл мемлекет тарапынан бөлінетін грант саны 2 есе, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есе өсті. Тіпті, гранттарды толық игеру үшін министрлік магистратура мен докторантураға түсетін аза­маттарға жылына 2 рет тест тапсыру мүмкіндігін де берген. Алайда ғалымның көбейгені ғылым­ның сапасына оң әсерін тигізбей келеді. Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының айтуынша, бірнеше жыл бұрын әкім-қаралар, шенеуніктер жаппай оқып, диплом алып кетті. Кейбір әнші-әртістер үшін де магистратура мен докторан­тураға түсу сәнге айналды. – Олар ғылым магистрі болып универси­тетте сабақ бере алмайды. Оларға «Мен ма­гистрмін, не болмаса ғылым докторымын» деген атақ қана керек. Осыны сүзгіден өткізу керек. Ғылымға үш қайнаса сорпасы қосыл­майтын әртіс неге магистрант болады? Оған неге мемлекеттің грантын беруіміз керек? Ол бәрібір ғылыммен айналыспайды, жаңалық аш­пайды. Бірақ ол мемлекет бөлген тегін грант­пен оқиды. «Қара рецензент» деген бо­лады. Дүрмекпен қорғалып кеткен диссерта­ция, докторлық жұмыстарды сол арқылы да анықтауға болады. Министрлік соны да қолға алмай отыр,–дейді Амангелді Айталы.

Шенеуніктер ғылыми атаққа құмар

Докторлық диссертациясында «плагиат» қолданды деп айыпталып, кейін қызметінен алынған бұрынғы Білім және ғылым вице-министрінің дауынан кейін еліміздегі саяси элитаның қандай ғылыми атағы барын түген­деп шықтық. Сөйтсек, қазіргі Үкімет құра­мында 3 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторы, 5 ғылым магистрі бар екен. Ал олардың ғы­лыми жұмысының қай деңгейде жазылғаны бізге беймәлім. Бірақ ғылыми дәрежесі бар жандардың ғалым болуды таңдамағаны анық. Алматы менеджмент университетінің доценті Данияр Сапарғалиевтың пікірінше, Қазақ­стандағы білім-ғылым саласы еңбегі сіңбеген кандитаттар мен доктор дәрежесіндегі педа­гогтер кесірінен сапасыз күйге түскен. Ол Үкіметтен 90-жылдары жазылған ғылыми жұмыстарды тексеруді сұрайды. – Кандидаттар мен докторлардың 99 пайызы 2011 жылға дейін дәрежесін қорға­ғандар. Оған дейін плагиатты тексеретін бағ­дарлама шыққан жоқ. Сенаторлардың 40 пайызы, мәжілісмендердің 30 пайызы ғылыми дәреже иеленген. Сондықтан бәрін әділ, ашық түрде қайта тексерейік, – дейді Данияр Сапарғалиев. Әзірге ешқандай оқу орнының доценттер мен доктор, профессорларды тексеретін жос­пары жоқ. Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының сарапшылары да ғылыми жұмыс­тардың сапасыздығын айтты. Олар 1991 жылдан бастап жарияланған барлық ғылыми жұмысты тексеру керек деп есептейді. Плагиат табылған жағдайда диссертациялық кеңестің дәрежесін алып, жұмыстан шығарылады. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің мұндай тәуекелге баруы екіталай. Өйткені докторлық, кандидаттық дәреже кейбір шенділердің кеудесіне тағатын «төсбелгісіне» айналған. Олар ғылымның дамуын емес, атағы мен абы­ройының артқанын місе тұтады. Бұған бұ­рынғы вице-министр Фатима Жақыпованың жағдайы мысал. Әлемдік бірнеше антиплагиат жүйесі вице-министрдің жұмысының плагиат екенін дәлелдесе де, Жақыпова қиянатын мойындамастан өз еркімен жұмыстан кетті. Өз кезегінде жазасыз қалған вице-министрдің жағдайы қоғам тарапынан дау туғызғанымен, іс жылы жабылып қоя салды. Ендеше бұл қарқынымызбен отандық ғылымды плагиаттан тазартуымыз мүмкін емес.

Ой ұрлығы қылмысқа жатпайды

Осы жағдайдан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлемдегі ең үздік 15 мың университет қолданатын Turnitin (Turnitin Plagiarism Framework) атты антиплагиат жүйесінің елімізде іске қосылғанын, норматив­тік құжаттарға өзгерістер енгізілгенін жеткізді. – Барлық курстық, дипломдық жұмыс, диссертация осы жүйеден өтеді. Екіншіден, жүйеден өтіп қана қоймай, сол жерде сақтала­ды. Сатылатын диплом, басқа да проблемалар барын жасырмаймыз. Бір рет дайындалған жұмысты екінші рет қорғап шығу деген бұдан былай болмайды, – деген еді министр. Осы тұрғыда бірнеше ғалым қазақстандық ізденушілер әдетте ресейлік жұмыстардан аударып көшіретіндіктен, Turnitin жүйесінен плагиат жұмыстың өтіп кетуі мүмкін екенін жазды. Былай қарасаң, қисынды. Себебі Turnitin – 1997 жылы негізі қаланған АҚШ-тың антиплагиат жүйесі. Иә, ресейлік ғылыми еңбектерден ұрланбағанын анықтау үшін солтүстіктегі көршімізде бұған дейін жазылған, қорғалған диссертациялар антиплагиат жүйесінің мәліметтер қорында болуы керек. Turnitin бағдарламасының орыс тілінде интерфейсі бар. Бірақ бұл жүйедегі мәліметтер қорының қомақтылығына кепіл бола ала ма? Жарайды, жүйе жемісті жұмыс істейді немесе мәліметтер қоры ресейлік ғылыми еңбектермен толықтырылды делік, бірақ мұн­дай бағдарламалар негізінен мәтін бойынша тексереді. «Автордың сөйлемі осыған дейін жазылған қандай да бір ғылыми жұмыста кез­десе ме, жоқ па?» деген сұраққа жауап береді. Бірақ мазмұн жағына басымдық бермейді. Мәселен, диссертацияны жазып отырған адам француз тілінде қорғалған еңбекті қазақшаға өңін айналдыра аударып беруі мүмкін. Мұн­дайда мәтін айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ал осындай қулықпен құтылып кетпес үшін жұрт мақтаған бағдарламадан кедергісіз өткендерді мазмұн жағынан тек­серетін сарапшылар кеңесі қажет. Еуропа елдерінің университеттерін айтпағанда, ресейлік белсенді ғалымдар өздері бастама көтеріп, «Диссернет» атты тәуелсіз желілік қауым­дастығын құрды. Аталған қауымдастық бұған дейін антиплагиат бағдарламасынан өтіп, ғылыми атақ алған біраз шенеуніктің жұмысын тексеріп, нәтижесінде Ресейдегі әрбір оныншы ректордың еңбегінен плагиат тапқанын жариялады. Осыдан-ақ кез келген күшті ан­типлагиат бағдарламасы ғылымды «акаде­мия­лық ұрлықтан» тазартуға 100 пайыз кепілдік бере алмайтынына көз жеткізуге бола­ды. Сондықтан қалайда сауатты, объективті, тәуелсіз сарапшылардан құралған ықпалды ұйым, дәлірек айтқанда мимен орындалған ойдың жұмысын електен өткізуге адами фактор керек-ақ. – Иә, егер ғылыми жұмысты мазмұн жа­ғынан бағалайтын арнайы сарапшылар кеңе­сін құратын болсақ, олардың еңбегіне лайықты қаржы төлеуіміз керек. Өйткені бұл заманда біреудің шимай-шатпағын тексеріп отыру кім-кімге де оңай емес. Сосын антипла­гиат жүйе­сін қанша жетілдірсек те, одан айна­лып өтудің жолы оңай. Сондықтан заң бойын­ша ғылыми жұмыстарды көшірген азаматтарға қатаң жаза тағайындауымыз қажет. Сол кезде ғылымда тек адал жандар қалар еді, – дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы. Шыны керек, Ресейде бұрын қорғалған ғылыми жұмыстарды компьютерге салып, автоматты түрде аударып ұсынатындар көп. Тіліміздің соншалықты құнарлығынан ба, әлде түсініксіздігінен бе, антиплагиат жүйесі мұн­дай аудармаларды тап басып таба алмайды. Мардымсыз болса да, бұл да ұрлық. Тұтас астық толы қоймадан бірер қап азық алса, ол да ұрлық болып саналмай ма? Ендеше ғылым жолын таңдап, жоғары дәрежеге көтерілемін деген жанның әр ісі кіршіксіз таза болғаны жөн. Әйтпесе, жұрттан жасырған өтірік күндердің күнінде бәрібір әшкере болады.