Өнегемен өрілген өмір
Өнегемен өрілген өмір
315
оқылды
Әкемнің өнегемен өрілген өмірін үлгі тұтып келе жатқаныма жарты ға­сырдан асты. Тырнақалды туындым – «Әкем – мақтанышым» ау­дандық газетте жарияланғанда жүрегім жарылардай қуанғаным әлі есімнен кетпейді. Сол кездегі «Ильич жолы», қазіргі «Төлеби туы» басылымы сонысымен жүрек төрінде қаттаулы. Адам есімі – тағдыр кесімі болып көрінеді де тұрады маған. Балаға ат қоюда абай болу қисыны туады бұдан. Бабамыз Сақ тұңғышының есімін Өмірбай деп атағанда жасы ұзақ болсын дегенді меңзегені айтпаса да түсінікті. Сол ат әкем өмірінің сыр сандығын ашар кілті десем, қателікке ұрынбаспын, сірә. Осыдан тоғыз жыл бұрын 92 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанған әкем өмірі оңай болмағаны айтуға ғана оңай. Ортамызда жүргенде биыл 100 жасын тойлап жататын абыз тағдыры қиындыққа толы болды. Балалық шағы халқымыздың ғасырлық қасіреті – 1932 жылғы ашар­шылық зұлматына тұспа-тұс келгендіктен, тағдырдың кермек дәмін ерте тартуына тура келді. Он жасқа жетпей анадан айырылу оңай деймісіз. Жарықтық әжеміз өзі әбден ашықса да, қолына ілік­кен дәмді үш ұлының аузына тосып, ұрпағын аман қалдырып, өзі о дүниелік болғаны аңыз әңгіме. Үйдің үлкені – он жасқа толмаған балаға артылған тауқымет қиямет-қайым еді. Сақ бабамыз ашаршы­лықтың салдарынан иелері тастап кетіп, қараусыз қалған «тоқал» үйлердің төбесін ашып, жабылғы орнына жұмсалған са­банды топырақтан аршып алып, күні бойы сапырып, бір уыс бидай жинап келіп, тұңғышына тапсырады екен. Әкеміз оны қуырып, талқан қылып, екі бауырын асыраған ғой. «Үйдің ішінде қалдырса, екі аяқты «қасқырларға», сыртқа қалдырса, төрт аяқты қасқырларға жем бола ма деп бізді үйіміздің төбесіне жинаған шөптің арасына шайла жасап, сонда қалдырып кететін» деп әңгіме қоздататын еді әкеміз жарықтық, балалық шағын еске алғанда көзіне еріксіз жас үйіріліп. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда әкеміз кәмелеттік жасқа жаңа толған боз­бала. 1941 жылы әскер қатарына алынады да, бір жыл дайындықтан кейін сол кездегі Сталинград шаһары маңында кескілескен ұрысқа кіреді де кетеді. Содан төрт жыл соғыс тозағының алдыңғы шебінен табы­лып, өмір мен өлім арпалысының қиямет қайымында қарылады. Екі рет ажал та­жалынан аман қалады. Зеңбірек оқтау­шы­сынан көздеушісіне ауысқан тұста неміс фашистерінің «Тигр» танкі атқан оқтың жарықшағы маңдайын дап-дала қылып жанап өтіп, өлім аузынан қағылады. Маң­дайында өмір бақи қалып қойған тыртық – сол жарақаттың орны. Ал Прага қаласын азат ету шайқа­сындағы ерлігі – өз алдына жеке дастан. Кеңес әскері шаһарға салтанатты шеру жасап кіреді ғой азат етушілер кейпіне еніп. Сайқал саясат не істетпейді дейсіз. Қала халқы құшақ жая қарсы алады деп шатасқан ғой. Еуропа қалаларының көшесі тар, екі жағы сап түзеген ғимараттар емес пе? Соған бекініп алған неміс бас­қын­шылары оқ жаудырып қарсы алады. Әкеміз онда артиллериялық атқыштар тобының командирі. Машина сүйреп бара жатқан зеңбіректі жалма-жан шешіп алып, табанын бекітуге уақыт жоқтықтан тәуе­келге барып, тіреместен қарсыластарына қарсы оқ атып үлгереді. Соның өзі тым-тырақай қашып жатқан әскерге ес болып, жан сақтау үшін шайқас басталады да кетеді. «Үй паналап жаумен атысып жатқанбыз. Бір кезде батарея командирінің маған дауыстап айқайлаған: «Жолдас Сахов, шинеліңді шешші» деген коман­дасын орындасам, «Ай, қазақ, сенің құ­дайың қай құдай?» деп басын шайқайды. Сөйтсем, фашистің жүрек тұсымнан атқан оғы қолтығымды жанай өтіп, жау қолына түссе, коммунист екенін білсін деп жан қалтамыздан тастатпайтын партбилетімнің бұрышын тесе, шинелімнің артқы жағын опырып шығып кеткен ғой. Командирім мені ет қызуымен білмей тұр, қазір құ­лайды деп ойлаған болуы керек», – деп еске алып отыратын әкеміз сол бір сұрапыл күндер туралы әңгіме өрбіткенде. Қолты­ғындағы тыртық соны растап тұратын. Осы ерлігі үшін полк командирі шайқас аяқталғаннан кейін сап түзеген жауынгер­лер алдына шығарып, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынамын» деп ерлігін атап өткен екен. Оны әкемізден емес, ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай балалары ұйымдастырған тойға шақырылған май­дандас достары аузынан естігенімізде одан бейхабар екенімізге таңданысымызды жасыра алмағанбыз. Кейіннен аудандық әскери комиссариат арқылы Мәскеуден мән-жайын сұратқанымызда ол атаққа ұсынылғаны рас, алайда КСРО жоғары әскери комиссиясы «Қызыл Жұлдыз» орденіне алмастырған деген бір жапырақ жауап алып, қазақ болғандықтан, ол атақты қимаған ғой деп қойғанбыз. Тарих Екінші дүниежүзілік соғыс барысында ондай әділетсіздіктің көп болғанын дә­лелдеп келе жатқан жоқ па? Сол соғыста жарты Еуропаны фашизм лаңынан тазартып, қақаған аяз, аптап ыстықта айлап, жылдап арып-ашып жер шалғанын, жол үстінде сап түзеп бара жа­тып екі қапталдағы жауынгерден басқасы ұйықтап демалатынын, түнде зеңбірек сүйреткен машиналар жау көзіне түспеу үшін шам жақпай жүретіндіктен, дөңгелек жапқышының үстіне отырып алып, жүр­гізушіге ауызы талғанына қарамастан ай­қайлап жол нұсқайтын кездерін айтпағанда өмір мен өлім айқасында шыбын жаны шырқырап, ажалмен бетпе-бет келген тұстары қаншама? Әсіресе, әкеміз Днепр өзенін кесіп өткен кездегі шайқасты жиі есіне алатын. Он шақты рет өзеннен әрі өту әрекеті жасалыныпты. Жау да тіресіп тұрып алған. Ротадан жалғыз өзі қалған кезі де болған. Жаңадан жасақталған жауынгерлермен қайта шабуыл жасағанда бірі-бірімен қоштасып, араздасып аттана­тынын әңгімелегенде қос жанары шылау­ланып қалатын. Оққа ұшып өлген жауын­герлерден жер беті көрінбей, үйіліп қала­тын жан түршігерлік көрініс қалай есінен шықсын. Жан тапсыру оңай ма, өлікті па­налап, жан сауғалаған кездері де болып­ты. Ол туралы айтқанда қанша уақыт өтсе де, жан жарасы сыздап қоя беретінін түрі бұзылғанына қарап терең сезінетінбіз. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен. Әкеміздің төрт жыл жан алып, жан беріскен соғыстың өн бойында алдыңғы шептен табылғанына қарамастан, аман-есен, он екі мүшесі сау ел­ге оралуы құдай қаққаннан. Оған дәне­кер азан шақырып қойған аты деп ой­лаймын. Өмірі ұзақ болсын деп есімін Өмірбай қойған Сақ атамыздың таза ниеті періштенің құлағына шалынған болуы керек. Омырауына тағып оралған жауын­герлік «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», бірін­ші, екінші және үшінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Ерен ерлігі үшін», «Берлинді босатқаны үшін», «Пра­ганы азат еткені үшін», «Бірінші парадқа қатысқаны үшін» медальдары майдан шебін жай басып өтпей, қазақ батырла­рының даңқына сай ерлікпен шайқас­қанын паш етуі сол жайынан сыр шертеді. Соғыстан аман-есен оралғаннан кейін 50 жылға жуық туған жері – қазіргі Түркіс­тан облысының Төлеби ауданындағы «Совет» колхозының өсіп-өркендеу жо­лын­да ерен еңбек сіңіру бақыты бұйырды. Жергілікті партия ұйымының жетекшісі, бригадир, сүт фермасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, ауыл­дас­тарының ғана емес, берісі аудан, арысы облыс жұртшылығының құрметіне бө­ленгеніне көпшілік куә. Қай қызметті ат­­қарса да адалдығы мен зор жауапкер­ші­лік­пен қарауының арқасында үлкен табысқа жетті. Еңбегі еленбей қалған жоқ. Алдымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, кейіннен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапат­талды. Ол кезде мемлекеттік наг­рада Мәскеуден, КСРО Жоғары кеңесінің шешімімен берілетінін ескерсек, бұл мара­паттардың бағасы еселей түсетіні айтпаса да түсінікті. Еңбек ер атандырады деген қағиданы ұстанған әкеміз бейбіт заманда да ерлікке толы еңбегімен батыр атануға болатынын кейінгілерге үлгі етіп, өнегелі із қалдырды. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де зейнеткермін деп жатып алмай, ғұмыр бойы жиған абырой-беделін туған ауылы­ның көркеюі жолына аямай салды. Баз біреулер секілді әкім-қаралардың алдына жеке мүддесін күйттеп барған жоқ, ауыл ақсақалдарының басын құрап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауылдың күйіп тұрған мәселелерін шешу жолына жұмылдырды. Аудан, облыс әкімдерінің қабылдауына сан қайтара барып жүріп, оларды еріксіз түпкірдегі Төңкеріс ауы­лына көңіл аударуына мәжбүр етті. Әуелі тоз-тозы шыққан тасжолдың теп-тегіс бо­лып түзелуіне, одан кейін өмірде болма­ған ауызсу құбырының тартылып, әр үйдің таза сумен қамтылуына, ақыр соңында сұйық отын – газбен қамтамасыз ету жос­парына осы ауылдың алғашқылардың бірі болып енуіне септігін тигізгенін тұрғындар жыр қылып айтып, аруағына ризашылық­тарын білдіріп келеді. Одан бөлек, су жаңа мектеп пен емхананың қысқа мерзімде салынып бітіп, есігін айқара ашуы әкеміз бастаған ауыл ақсақалдарының тыным тап­пай, ауыл мен қала арасында сабылуы­ның жеңісті жемісі екеніне ел-жұрт куә. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, әкеміздің тәрбиесі туралы да айтпай кету қиянат болар еді. Жеті ұл, алты қыз өсіріп, одан көзі тірісінде алпысқа тарта немере, оннан аса шөбере сүйіп, ата-аналық ба­қытқа бөленген әке-шешеміз ұрпақ тәр­бие­сінде ата-бабаларымыздың дәстүріне берік болды. Үлкеннің алдын кеспеу, кі­шіге ізет, үлкенге құрмет көрсету, кісіні алаламау, адам баласының ала жібін аттамау, ұрлық-зорлыққа жоламау, өтірік-өсектен аулақ болу, көпке адал қызмет ету өсиеттерін бойымызға сіңіріп өсірді. Жас­тайымыздан еңбекке баулыды. Жалқау­лық­қа жол бермей, еңбек емуді өмірлік бағдаршам етіп ұстау отбасымыздың басты ұстанымы еді. Одан жаман болған жоқпыз. Он үшіміз он үш үй түтетіп, маңдай тер, адал еңбегімізбен қатарымыздан қалмай, жаман сөзге ілікпей, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, мәуелі баққа айналып келеміз. Әкеміздің батагөйлігі өз алдына бөлек әңгіме өзегі боларлықтай. Өмірінің соңын­да облыс деңгейінде бата беруден ал­дына жан салмай жүрді. Сөзіміздің жаны бар екенін дәлелдеу үшін әке туралы қысқа естелігімізді жарықтықтың бір батасымен түйіндегенді дұрыс көріп отырмын. Ал онда қол жайыңыз, қадірлі оқырман! «Е, Құдайым, оңдасын, еш жамандық болмасын. Қызыр ата жолдас боп, Қырық шілтен қолдасын. Шақырғанда шартарап, ақ жолдарыңа мархабат! Жүрсін дайым періштелер қанатымен қалқалап. Жарат­қаннан сұрайын, жарық болсын күн, айларың. Жуымасын қастарыңа ібіліс, жын ылайым. Адал болсын серіктерің, аман болсын көліктерің. Мұқалмасын көңілдерің, жоғалмасын сенімдерің. Жи­ған-терген құраған таусылмасын сыбағаң. Бата бердім осылай, жарылқасын, бір Аллам!»

Қайрат САҚ, журналист, алаштанушы ғалым