Күршімдіктердің кенезесі кепті

Күршім

Күршім ауданы – шығыстағы өзені көп, сулы, нулы өңірдің бірі. Алтайдың көз жасындай мөл­­діреген Марқакөл көлі, ерке Ертіс, Қалжыр, Күршім өзендері – осы ауданның аумағында. Алай­да күршімдіктер судың ортасында отырып, суға жарымай отырғанына қапалы. Аудандағы егіс алқаптары биыл тағы да сусыз қалды. Қауын-қарбыз бен басқа да майлы дақылдар егіп, күн көруге дағдыланған ауыл тұрғындарының көңілдері күпті. «Биыл тағы да» деп астын сыза ай­тып отырғанымыз, былтыр көктемде Күршім өзеніндегі Мойнақ бөгеті жырылып, шаруа­лардың еткен еңбегі мен төккен тері далаға кеткен еді. Сол кезде Бірлік, Сарыөлең, Барақ батыр ауылдары сусыз қалған. «Егістікті суару үшін Күршім өзенінен жырып әкеліп, су қой­ма­сын салған болатын. Бөгет жарылғаннан кейін Күршім өзені өз арнасына түсіп, алқапқа су шық­пай қалды. Мұнда егін суаратын су жоқ, егістік егуден қорқып отырмыз. Былтыр алқаптың бә­рі қурап қалды. Көп зиян шектік. Ала жаздай арнада қалған азғана суға таласып, шаруа қо­жа­лықтары арасында жанжал шықты», – дейді шаруашылық жетекшісі Ержан Қойлыбаев.

Күршім ауданында «Мойнақ» және «Жауғашты» деп аталатын екі су бөгеті бар. «Мойнақ» қазір ие­сіз көрінеді. «Жауғашты» 2016 жылы «Қазсушар» мекемесінің қарамағына алыныпты. Тұрғын­дар­дың айтуынша, қарамағына алын­ды деген аты ғана. Су арнасы жылдан-жылға тозып барады. Ауылдағы суға сусаған ағайынның сөзінен түйгеніміз, «Мойнақ» бө­ге­тіндегі су көмейден «Жауғашты» арнасына түседі. Ал ортадағы сүзгі кептелген қоқыстың кесірінен жа­бық тұр. Көмейден бөлініп шық­қан су 25 шақырым болатын «Жауғашты» арнасы арқылы етектегі елдің егініне жетуі тиіс. Бірақ соңғы 15-20 жылда бірде-бір рет тазаланбаған екен. «Кеңес өкіметі кезінде су каналдың беті­мен-бет болып ағып, ел-жұрттың егістігі, бау-бақшасы жайқалып тұрушы еді. Сол уақыттан бері жөн­деу көрмеген бұл тоғанның әб­ден тозығы жетті. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, бөгенді бір жаңар­тудың уақыты келіп-ақ тұр. Келешекте өзеннің арнасын бұ­рып, сол арнадан су шығаратындай бөген жасау керек. Ол іске гид­ротех­ник инженерлер кіріссе, жөн болар еді. Ынта болса, қазірдің өзін­де жұмысты бастай беруге бо­лады. Тасқын су өз алдына аға­ды. Сөйтіп, керек суды бөгеннен рет­теп алуға болады. Сонда ғана бұл мәселе біржола шешіледі», – дейді осы тоғанда 30-40 жыл гидротех­ник болып қызмет еткен Әділхан Тұрсынханов ақсақал.

Ауыл тұрғындары былтыр су қой­масының жарылғанына «Қаз­сушар» мекемесін кінәлаған еді. Олардың сөзіне сенсек, мекеменің аудандық бөлімінде бір адам ғана жұмыс істейді. «Салғырттық емей немене? «Қазсушар» мекемесінің аудандық бөлімінде жұмысшы мен техника күші жетпейтін сияқ­ты. Бір адам ғана жұмыс істейді. Яғни, осы жердің басшысы да, жұ­мыс­шысы да бір адам. Бөгет жарыл­ғаннан кейін ғана қосымша бір техника мен екі жұмысшы жұ­мылдырылды. Екінші бір өзекті мәселе, былтырға дейін 1 гектар жерді суаруға 900 теңге шамасында ақы төлеп келдік. Баға 2 355 тең­геге бір-ақ өсті. Сонда олар бағаны неге сүйеніп өсіріп отыр? Тіпті, халықпен ақылдасқан да жоқ. Төлеген ақымызға қарай суды қажетті мөлшерде алмадық», – дейді Ержан Қойлыбаев.

«Қазсушар» кәсіпорны жергі­лікті жұртты толғандырған мәсе­леден хабардар екен. Түйткілдің түйінін тарқату үшін канал рес­пуб­ликалық меншікке өтуі керек.

«Барлық мәселені біліп отыр­мыз. «Жауғашты» каналын Күр­шім ауданы әкімдігі қабылдаған соң бізге, яғни республиканың мен­шігіне тапсырады. Тапсырыл­ған соң барып жобалық-сметалық құжатты дайындап, қайта жаң­ғырту үшін бюджеттен ақша сұраймыз», – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Нұржан Әміржанов.

Өңірде «Жауғашты» секілді тозығы жеткен су қоймалары аз емес. Мәжіліс де­путаттары Еділ Жаңбыршин мен Ерлан Саиров жақында Күр­шім ауданындағы Жауғашты, Тар­бағатай ауданындағы «Қандысу», «Қарғыба», Зайсан ауданындағы «Үй­дене» су қоймаларының жағ­дайын өз көздерімен көріп қайтты. Депутаттардың айтуынша, Күр­шімдегі «Жауғашты» су арнасы мен Тарбағатайдағы «Қарғыба» су торабында түйткілді мәселелер бар. Суармалы жерлерді суланды­руға арналған «Қарғыба» су тора­бына күрделі жөндеу жұмыстары басталғанымен, аяқталмай қалған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтау үшін 420 миллион теңгедей қаражат керек. Ал Күр­шімдегі «Жауғашты» су арнасына Күршім өзенінен судың аз келу қаупі бар. Бұл бес елді мекеннің ауыл шаруашылығына, тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етуі мүмкін. «Сол жерде мәселені шешу жол­дары талқыланып, бөгетті жөндеу жұмыстары тамыз айларында өзен деңгейі түскен кезде жүргізілетін болды. Жалпы, парламенттік тыңдауларға дайындық кезінде тек материалдарды зерделеумен қатар, нысандардың жұмыстары­мен барып танысу мәселелерді жан-жақты анықтауға мүмкіндік береді», – дейді Еділ Жаңбыршин.

Ал Тарбағатай ауданындағы «Қандысу» су қоймасын жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу қажет. Оған республикалық бюджеттен 58 миллион теңге керек.

Шығыс Қазақстан облысы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.