«Арықтағы суға қағаз қайығын жүздірмек болған» – 9 жастағы баласынан айырылған әке араша сұрайды  
«Арықтағы суға қағаз қайығын жүздірмек болған» – 9 жастағы баласынан айырылған әке араша сұрайды  
Фото: видеодан скриншот
Қарағандыда 9 жастағы бала арықтағы суға түсіп, қаза тапты. Шенеуніктер қала ішіндегі арықтың жергілікті әкімдіктің қарамағына жатпайтынын баланың әкесіне ресми мәлімдеген, – деп хабарлайды AstanaTV. Қаралы отбасы әкімдік осылайша жауапкершіліктен жалтарғанын айтып, бас прокуратурадан арнайы тексеру жүргізуді сұрайды. Отбасының жалғызы Данил Мишаткин 1 ай бұрын қағаз қайығын жүздірем деп арыққа түсіп кетіп, мерт болған еді. Ата-анасы канал суы қоқыстан тазартылмағандықтан, арнасынан тасып баланың өміріне қауіп төндіргенін айтады. Қоқыстың кесірінен құтқарушылар лай судан баланы әрең тапты дейді. Баланың әкесінің айтуынша, арық әлі де тазартылмаған. Қаза тапқан баланың әкесі Николай Мишаткин: «Әкімдіктен «бұл арыққа қызмет көрсетпейміз» деген жауап келді. Сонда мектептен небәрі 150 метр, балабақша мен аурухананың іргесіндегі каналға кім жауапты? Тергеушіге де олар солай жауап берген. Баламның өлімінен кейін аяқ астынан арық ешкімге, ешқайда қарамайтын болып шықты. Сонда әр көктем сайын бұл арық тола берсін бе? Баламның өліміне себеп болғандары үшін жауап берсін», – дейді. Қайғылы оқиғадан кейін осы ауданның тұрғындары мен мектеп ұжымы арықты қоршауды немесе қандай да бір ескерту белгілерін қоюды сұрағанмен еш шара қолданылмаған. Ал жергілікті әкімдік  жауап беруден бас тартты.