Жоғары мобильді және гибридті соғыстар жүргізуге қабілетті арнайы операциялық жасақтар құрылды – Тоқаев
Жоғары мобильді және гибридті соғыстар жүргізуге қабілетті арнайы операциялық жасақтар құрылды – Тоқаев
194
оқылды
Отан қорғаушылар күніне арналған жиында Президент еліміздің әскери доктринасы тек қорғанысқа бағытталғанын, ұлттық мүдделерді қорғау мәселесінде дипломатияға сүйенетінімізге ерекше мән берді, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.  Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, біздің сыртқы саясатымыз сындарлы, салмақты, елдің ұлттық мүддесін қорғауға бағытталғандықтан, мемлекеттердің бәрімен достық қарым-қатынас орнатып келеміз.
– Бірақ бұрын-соңды болмаған әлемдік геостратегиялық шиеленіс жағдайында еліміздің қорғаныс қабілетін арттырудың мәні зор. Әскери-техникалық саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту – Қазақстан үшін маңызды. Бітімгерлік қызметінің арқасында Қазақстан армиясы әлемдік деңгейде танылды. 1990 жылдары біз Тәжікстанға алғаш рет бітімгерлік күш жібердік. Қазақстандық әскерилер БҰҰ мен ЕҚЫҰ миссиялары аясында табысты қызмет атқарды. Бүгінде біздің бітімгерлік контингент Ливан мен Батыс Сахарада жүр, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, мұның бәрі Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қоса алатын сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Сонымен қатар Қарулы Күштерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етуге үлкен мән береміз. Нақты ұрыс қимылдарында тиімділігін дәлелдеген қару үлгілерін сатып аламыз және отандық кәсіпорындарда шығарамыз.
– Бүгінде армиямыз әлемдік стандартқа сай жабдықталған. Сонымен қатар жаңа жаһандық сын-қатерлер Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін арттыру үшін оңтайлы шешімдер іздеуді талап етеді. Сондықтан, менің тапсырмам бойынша жоғары мобильді және гибридті соғыстар жүргізуге қабілетті арнайы операциялық жасақтар құрылды. Әлемдегі соңғы оқиғалардың тәжірибесін ескере отырып, біз әскери іс-қимылдардың стратегиясы мен тактикасын үнемі жетілдіріп отырамыз. Жеке құрам жүйелі түрде жауынгерлік дайындықты пысықтайды, ауқымды оқу-жаттығулар өткізіледі. Болашақ офицерлерді даярлаудың заманауи жүйесі құрылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.