Үкіметтің жауапкершілігі артады
Үкіметтің жауапкершілігі артады
Бауыржан СЕРІКБАЕВ, саясаттанушы: – Менің ойымша, референдумның өзі мемлекеттік маңызы бар мәселені бүкілхалықтық дауысқа салатын демократияның бір көрінісі. Ең соңғы рет референдум елімізде 1995 жылы өткізілген. Қазір барлығы 33 бапқа, яғни, Ата Заңның үштен біріне өзгеріс енгізу көзделіп отыр. Референдум арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласынан тұратын мемлекеттік басқарудың моделін қалыптастыру халықтың талқысына ұсынылады. Жаңа өзгерістер бойынша Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі артады. Заң шығарушы орган Мәжіліс болмақ. Аудандық, қалалық мәслихаттар толығымен мажоритарлық, облыстық маслихаттар аралас жүйе бойынша сайланбақ. Енді саяси партия құрамын дейтін азаматтар үшін 5 мың азаматтың қолын жинау жеткілікті. Партиялардың Парламентке өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін түсірілді. Облыс, қала, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары саяси партия филиалдарының төрағасы болмайды. Бұл өзгерістер барлық партияларға тең мүмкіндіктер береді. Қазір халықтың саяси мәдениеті 30 жылда қалыптасты. Демографиялық құрам да өзгерді. Референдум арқылы «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған процестердің жаңа ережелерді жазудан басталғаны – өте дұрыс.   Ермек ТОҚТАРОВ, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының саяси зерттеулер бөлімінің басшысы:

Мемлекеттік басқаруды жетілдіретін кез келді

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуінің негізгі месседжі референдум жариялау болды. Референдум – азаматтардың саясатқа араласуының ерекше түрі, онда адамдар ең жоғары заң шығарушы ретінде әрекет етеді. Парламент те Конституцияға өзгерістер енгізе алады. Бұған дейін бұл механизм қолданылған. Конституцияға 5 рет өзгерістер енгізілген. Қазір Конституцияға түбегейлі өзгерістер енгізілгендіктен, бұл мәселе референдумға шығарылды. Себебі референдумның шешімі жоғарғы күшке ие және Конституцияны өзгертуге негіз болады. Референдумда Конституцияның 30-дан астам бабына ұсынылған түзетулерді қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылданады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған сәттен бастап сарапшыларды қоғамдық мәселелерді талқылауға белсенді түрде қатыстырды. Мысалы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің ұсыныстары реформалардың 4 пакетін қалыптастыруға көмектесті. Конституцияға ұсынылатын түзетулер сараптамалық қоғамдастықтың – заңгерлердің, саясаттанушылардың және басқалардың ұсыныстарын қамтиды. Әлемдік тәжірибеде референдумға міндетті түрде қатысу Швейцарияда қолданылады. Онда референдумдар 400 рет өткен. Бізде референдумға қатысу еркін. Референдумның оң шешімі биліктің бөлінуін айтарлықтай өзгертеді. Мысалы, Президент әкімдердің шешімдерін жоққа шығара алмайды. Бірақ бұл Президенттің әлсіреуін білдірмейді, керісінше әкімдердің жауапкершілігі артады. Парламенттің рөлі де артып келеді. Сенат өзінің өкілдік функциясын күшейтеді, ал Мәжіліс заң шығару процесі үшін толық жауап беретін болады. Мұның бәрі «ойын ережелерін» өзгертіп, «тепе-теңдікті» қалыптастырады.   Ерлан ӘБІЛ, ҚР Президенті жанындағы  Мемлекеттік басқару академиясының  ректоры:

Тарихта болмаған жағдай

– Референдум – Мемлекет басшысының саяси реформасының жалғасы. Кішігірім өзгерістер емес, нағыз «Жаңа Қазақстанның» іргетасы. Сондықтан референдумда көтерілетін мәселелер халық тарапынан мақұлданып, қабылданып жатса, билік пен халық арасындағы байланыс жаңа деңгейге шығады. Парламенттің құзыреттілігі біршама өседі. Жергілікті мәслихаттардың да шешім қабылдау кезіндегі рөлі айтарлықтай артады. Мәжіліске партия мүшелері ғана емес, жеке азаматтар да ұсынылатын болады. Бұл қоғам билік арасындағы үлкен қозғалысқа әкеп соқтырады. Үкімет заңдарды талқылаған кезде бір жағынан Мәжіліске, екінші жағынан қоғамға есеп беретін болады. Қазір Президент билігін азайтып, көп құзыреттілікті Үкіметке беріп отыр. Бұл – тарихта болмаған жағдай. «Супер президенттік республика» емес, ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға айналамыз. Президент партиядан шығатын болды. Бұл билік пен саяси партиялар арасындағы қарым-қатынас өзгеретінін білдіреді. Партияаралық бәсекелестік пайда болады. Нәтижесінде өзекті мәселелер бойынша шынайы пікірталастар туады. Әлеуметтік желілерде немесе үй ішінде талқыланып жүрген мәселелер үлкен аренаға шығып, саяси бұқаралық ақпараттық құралдары арқылы жан-жақты талқыланатын болады.   Рахымжан РАШИМБЕТОВ, Нұр-Сұлтан қаласының ақпараттық- түсіндіру тобының мүшесі:

Батыл қадамдар жасалып жатыр

– Референдум халықтың таңдауын білдіреді. Осы уақытқа дейін конституциялық өзгерістердің көбі тек Парламенттің қатысумен ғана жүзеге асатын. Енді бұл референдум саяси өзгерістерге халықтың да қатыса алатынын көрсетеді. Президенттің бастамасымен демократиялы, ашық саяси жүйе құру жолында батыл қадамдар жасалып жатқанын көрсетеді. Бұдан былай халық мемлекеттік маңызы бар істерден шет қалмайды. Яғни, өзгерістер белсенді азаматтық қоғам құруға жол ашады деп сенемін. Референдумның болуы орынды. Әдетте өзгеріс енгізетін кезде билік жүйесі барынша өз мүдделеріне сай жасауға тырысатын. Сол себепті мәселелер халықтың қатысуынсыз ше­шіліп келді. Халықтың пікірі ескерілмейтін. Ал енді бәрі өз қалпына түседі деп сенемін. Конституция – ұзақ жылдардағы өзгерістердің бастауы. Сондықтан ел азаматтары атсалысса, оның баянды болуына тікелей әсер етеді. Конституциялық түзетулер жобасына азаматтардың жалпыға бірдей дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарға беріктігімізді көрсетеді.